«Н. НАЗАРБАЕВ: ДӘУІР, ТҰЛҒА, ҚОҒАМ» КӨШПЕЛІ КӨРМЕ ЖОБАСЫ ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА

2019 жылғы 3 қыркүйекте Таразда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрме жобасы іске қосылмақ.

Жоба ірі ғылыми-білім беру, мәдени-ағартушылық іс-шараларды қамтиды. Жамбыл облысына жол тартқан жобаның аясында Германия, Португалия, Қырғызстан, Өзбекстан қатарлы көптеген шет мемлекет ғалымдарының қатысуымен халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылып, семинар-тренингтер мен шолу экскурсиялары жүреді. Қордай және Шу аудандарында да арнайы көшпелі экскурсиялар өткізіледі.

2017 жылғы қарашадан бастау алған Елбасы кітапханасының жобасы Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы, Түркістан, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда облыстарын аралап үлгерді. «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрме жобасымен 900 мыңға жуық адам танысты.

3 қыркүйекте, сағат 15.00-де Қордай ауданы Әлжан ана ауылының Мәдениет үйінде Елбасы кітапханасының көшпелі экскурсиялары өтеді. «Тұңғыш» экскурсиялық концепциясының негізінде келушілер «Тарихи таңдау. Бастамасы», «Тарихи таңдау. Ұмтылыс», «Қазақстанның спорттық даңқы» тақырыптық экскурсияларын тамашалайды.

Шу ауданының тұрғындарына бұл экскурсиялар 4 қыркүйекте, сағат 11.00-де жүреді. Тақырыптық экскурсиялар Шу қаласының С.Сейфуллин атындағы орта мектепте ұйымдастырылмақ.

Қос аудан тұрғындарының назарына сирек кездесетін бейнематериалдардың, фотосуреттер мен архивтік құжаттардың, жәдігерлердің бірегей кешені ұсынылады.

4 қыркүйекте, сағат 15.00-де Тараз қ. Қазақстан халқы ассамблеясының Достық үйінде кітапхана, мұрағат, музей салаларының мамандары мен мемлекеттік қызметкерлерге арналған «Елбасы кітапханасының ақпараттық ресурстары» аймақтық кәсіби сессиясы өтеді.

Дәл осы жерде, сағат 17.00-де жергілікті музей қоғамдастығының өкілдеріне арналған «Музей саласындағы ақпараттандыру: «Музей» есепке алу және сақтау автоматтандырған жүйесін орнату тәжірибесі» ғылыми-тәжірибелік семинары өтеді.

5 қыркүйекте, сағат 10.00-де Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі қор көрмесінің ашылу салтанаты өтеді. Тәуелсіз Қазақстан қалыптасуындағы Тұңғыш Президенттің рөлін жүйелі түрде суреттейтін Елбасы кітапханасының көрмесінде қонақтар Елбасының архив, кітапхана, музей қорларынан алынған бірегей материалдарын тамашалай алады. Тараз қаласының қалың жұрты Н.Ә. Назарбаевтың жоғарғы мемлекеттік марапаттар коллекциясымен, мемлекет басшылары мен беделді жазушылардың қолтаңбасы бар тартулық басылымдар мен Елбасының шет тілде жарық көрген еңбектерімен алғаш рет танысады.

Сағат 15:00-де ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Жамбыл облыстық филиалында «Library-practicum» үлгісінде өтетін «Ұлы даланың жеті қыры» атты Елбасы мақаласына негізделген ғылыми-әдістемелік семинар басталады.

6 қыркүйекте, сағат 8.30-да Елбасы кітапханасының директоры Ә.М. Рахымжанов М.Х. Дулати атындағы ТарМУ профессорлары мен студент жастарымен кездесіп, стартап-жобалардың көрмесі мен университет музейімен танысады.

Сағат 10.00-де М.Х. Дулати атындағы ТарМУ-де отандық және шетелдік (Германия, Португалия, Қырғызстан, Өзбекстан, т.б.) жоғарғы оқу орындары өкілдерінің, сарапшы мамандар мен зиялы қауымның қатысуымен Елбасының тарихи миссиясы: жаhанданған әлемдегі қауіпсіздік пен тұрақтылық» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтеді. Іс-шара аясында конференция қатысушылары мен қонақтары фотоқұжаттар мен кітаптар ұсынылған «Әлем таныған Елбасы» көрмесімен таныса алады. Елбасының жеке кітапханасынан алынған 100-ден астам басылым мен Н.Ә. Назарбаевтың жеке архивінде сақтаулы бірегей фотоқұжаттар Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің саяси, қоғамдық қызметін бейнелейді.

Сағат 15:00-де Тараз қаласының физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде мұғалімдер мен оқушыларға арналған «Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың өмірбаяны мен жасампаз идеялары» семинар-тренингі өтеді. Тыңдаушылар «Елбасытану» элективті курсы мен «Көшбасшылық қасиеттерді дамыту» тренингіне қатысады.

Жамбыл облысында «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көрмесі 2019 жылдың қазан айы соңына дейінжалғасады. Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің жұмыс күндерінде «Тарихи таңдау», «Атамекен», «Президент мәртебесі – ел мәртебесі», «Бір экспонаттың тарихы» тақырыптарында шолу экскурсиялары жүреді.