2018 жылдың 17 мамырында № 67 және № 74 мектеп-гимназияларының 6-сынып оқушыларына «Нақыл сөздер және олардың тұлғаны қалыптастырудағы маңызы» тақырыбында дәріс өтті. Дәріскер, Баспа және жұртшылықпен байланыс қызметінің сарапшысы Рауза Қабдоллаева тыңдаушыларға нақыл сөздер туралы баяндап, қанатты сөздердің тұлғаны дамытудағы және адами құндылықтарды қалыптастырудағы мәнін ашып көрсетті. Шешен сөйлеу – тұлғаның сирек кездесетін қабілеті. Дәріскер Мемлекет басшысының «Туған елім – тірегім», «Өзекжарды ойлар», «Ой бөлістім халқыммен» кітаптарындағы нақыл сөздерге ерекше тоқталды.

Дәріскер афоризмдердің тарихы тереңде жатқанын айтып өтті. Адамзат ежелден өз ойын жинақтап, тереңдетіп, мейлінше қысқа, өткір мәнерлілікке, парасатты пайымға негіздеген. Бүгінгі күнге дейін нақыл сөздер сөйлеу тілінде, әлемнің барлық халықтарының әдебиеттерінде қолданылып келеді. Нақыл сөздерге мақал-мәтелдер, қанатты сөздер, шешендік сөздер, ғақлия жатады. Бұл сөздердің танымдық және тәрбиелік мәнінің зор екені баршаға мәлім.

Дәріс тыңдаушылардың қызығушылығын туғызып, көптеген сұрақтар туындады. Сабақ соңында оқушылар алған әсерлерімен бөлісті.

Қазына Оразова, № 74 мектеп-гимназиясының оқушысы:

– Мені Президентіміздің нақыл сөздер мен қанатты сөздерді көп қолданатыны қайран қалдырды. Дәріскер Нұрсұлтан Әбішұлының өз туындыларын жазуда қалай еңбектенетінін өте тартымды баяндап берді.

Еркеназ Кеңшілікова, № 67 мектеп-гимназиясының оқушысы:

– Маған дәріскердің Абай, Шәкәрім, Ыбырай шығармаларынан келтірген қара сөздері мен қанатты сөздері ұнады. Мен Абайдың «Қара сөздерін» жаңа қырынан таныдым. Әрбір адам ұлы тұлғалардың қанатты сөздерін білуі керек деп ойлаймын.

Дәріс соңында оқушыларға Астанадағы алғашқы Резиденцияның ғимаратына экскурсия жүргізілді.