Алматы қаласындағы Елбасы кітапханасының Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық музейінде 10 қарашада бастау алған «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі ғылыми-білім беру және мәдени-ағартушылық көрме жобасы аясында ұйымдастырылған іс-шаралары өз мәресіне жетті.

16 қарашада әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің кітапханасында «Назарбаев моделі» ғылыми конференциясы өтті. Бұл Алматы қаласындағы Елбасы кітапханасының жобасын жүзеге асыру аясында өткен үшінші ғылыми-тәжірибелік конференция болды.

Конференция алдында «Әлем таныған – Көшбасшы» кітап көрмесінің ашылуы ұйымдастырылды. Көрмеге Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың саяси және қоғамдық өмірін, қызметін көрсететін кітаптар мен фотоқұжаттар қойылған. Барлығы әлемнің бірнеше тілдерінде жарық көрген 100-ден аса кітап, Н. Ә. Назарбаев туралы әр елде өткен кітаптардың тұсаукесерлерін көрсететін 20 фотоқұжат ұсынылған. Фотоқұжаттар Елбасының Жеке архивінен, ал кітаптар Алматы қаласындағы әл-Фараби Ғылыми кітапханасы мен Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасының қорынан алынды.

Сонымен қатар, әл-Фараби кітапханасында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы залының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

– Мемлекеттің экономикалық жетістігі ұлттың білімінде екені белгілі. Мемлекеттің даму деңгейі адам капиталының деңгейімен анықталады. Осы орайда университет қабырғасында көрменің өткізілуі мен залдың ашылуы Назарбаев моделінің білім саласындағы міндеттерін жүзеге асыру болып табылады. әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақстанда, өңірлік және халықаралық деңгейде көшбасшылық қатарға нық тұрақтанған. Халықаралық деңгейдегі беделді университет ретінде басты міндетіміз – жоғары білім жүйесіндегі реформаларды жүзеге асыруда инновациялық алаңға айналып, Мемлекет басшысының жүргізіп отырған барлық саясатын іске асыруға түрлі қолдау көрсету, – деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов.

«Назарбаев моделі» конференциясын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары, саяси ғылымдарының докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов ашты:

– Әлемнің саяси картасында ежелгі қазақ даласының аумағында тәуелсіз мемлекет – Қазақстан Республикасының құрылғанына 26 жыл толды. Бұл Қазақстанның қалыптасуында егемен мемлекет ретінде қоғам өмірінің қарқынды, сапалы әрі терең жаңарған дәуірі ретінде тарихқа енді. Демек, сіздер Қазақстанның экономикалық жетістіктері қандай жолмен келгенін білесіздер. Әлемдік қауымдастықтан жас мемлекетіміздің өз орнын табуы бүкіл қазақстандықтардың қажырлы да ерен еңбегінің арқасында келгенін жақсы түсінеміз. Елбасының тура басшылығымен республикамыз әлемге бірізді кешенді экономикалық реформаның жарқын үлгісін ұсынды, оның негізінде құрылымдылық саяси жаңғыру жүйелі түрде жүргізілді. Әлемнің жетекші мемлекеттерінің басшылары Қазақстанның даму тәжірибесін үздік деп таныды. Мемлекет басшысының жаһандық сипаттағы бастамаларды ұсыну қабілеті, батыл да жемісті реформалық идеялары әлемді мойындатты. Елбасымыз елімізді нақты уақыттың талабына сай өзгертіп, гүлдендірді. Оның саяси сенімінің әдісі – қиындықтарға төтеп беріп, күрделі сәттерде табанды іздену, ең бастысы – алға жылжуға күш салу, – екенін конференция модераторы атап айтып, – Елбасы қызметі мен тұлғасының сан қырлылығын сараптап алмай, басқару моделін талқылау мүмкін емес, – деді.

Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңсе бастығының орынбасары, саяси ғылымдардың кандидаты Бақытжан Темірболат Қазақстан Республикасының Президенті әкімшілігінің атынан сөз алды:

– Сіздермен дамудың қазақстандық моделін талқылауға арналған ғылыми-тәжірибелік конференцияда кездескеніме қуаныштымын. Бүгінде сарапшылар қазақстандық модельді Назарбаев моделі деп атап жүр. Еліміздің дамуының негізгі мәселелерінің іргетасын мықты етіп қалауда және Қазақстан жолының бағытын анықтауда Тұңғыш Президенттің стратегиялық көріпкелдігі мен тұжырымдамалық басқару шешімдері негіз болды. Қазақстанның тәжірибесін белгілі жетістігі мол қазіргі заманғы жаңғыртылған жобалармен бір қатарда қарауға болады. Мен ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басында жаңа шепке өтіп, өңірлік өсу орталығына айналған Оңтүстік Корея, Сингапур, Тайвань, Гонконг, Малайзия, Индонезия, Бразилияның тәжірибесі туралы айтып отырмын. Бұл мемлекеттердің өзіндік жетістіктерінің бірегей формуласы бар. Осындай табыстың кілті Қазақстанда да бар, көпшілік Қазақстанның табыс көзі бай мұнай қорында деп ойлайды, алайда біздің жетістігіміз мұнымен шектелмейді. Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен-ақ Қазақстанның жаңғыру жолы туралы нақты болжай білді және осы жылдар бойы мемлекеттің дамуы президенттік бағытқа сәйкес жүргізілді. «Назарбаев бойынша» басқару бағдарламалық-стратегиялық әдісіне сүйеніп, идеядан іске және нәтижеге көшеді. Бұл модель Қазақстан болашағының сипаты мен ішкі және сыртқы өзгермелі табысты дамуының жолдарын ескере отырып, нақты болжамдарға ие болады. Жылдар бойы қалыптасқан Назарбаев моделі мемлекет мүмкіндіктерінің нысандық бағасына негізделген сындарлы тәуекел-менеджментке сүйенеді. Сондай-ақ Қазақстанның тәуелсіздік жолында көптеген тосқауылдардан сүрінбей өтуіне және тұрақты даму бағытына түсуіне мүмкіндік берген толық басқару жүйесіне ие болды. Қазақстан тәуелсіздігі дамуының 25 жылын «Әр жыл жетістікпен!» ұранымен сипаттауға болады.

Бақытжан Темірболат конференцияны ұйымдастырған Елбасы кітапханасы мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне алғысын білдірді.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев қатысушыларды конференцияның ашылуымен құттықтады.

– Назарбаев моделі туралы сөз қозғайтын болсақ, ең алдымен Елбасының мемлекеттің ішкі саясатын жүргізудегі үлкен жауапкершілігін атап айтқым келеді. Соның арқасында елімізде ұлтаралық және конфессияаралық келісім, бейбітшілік және бірлік орнаған. Өз кезегінде, ішкі саясаттың тұрақтылығы әлеуметтік-экономикалық дамуды жүзеге асырады, бұл біздің жеңісіміз бен жетістіктеріміздің негізі болып табылады, – деді.

– Президентіміздің әлеуметтік-саяси бағытының негізінде – қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз ететін және шиеленістердің алдын алу идеологиясы жатыр. Болашақты болжаудың ең таңдаулы тәсілі – сол болашақты өз қолымен жасау. Елбасы өзінің мемлекетті басқару үлгісінде дәл осы тәсілді қолданады. Бүгінгі күні біз Елбасының жолдаулары болашаққа арналғанын сеніммен айта аламыз. Бұл модель Қазақстанның үдемелі дамуының жетістіктеріне жол ашып, жастардың бәсекеге қабілетті ділі мен жоғары руханилығын қалыптастыруға ықпал етеді, – деді әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Ғалымқайыр Мұтанов.

Саясаттану саласының белгілі сарапшылары – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясаттар институтының Алматы қаласындағы кеңсесінің басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Асқар Нұрша, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философия және саясаттану факультетінің деканы, философия ғылымдарының докторы, профессор Әлия Масалимова, «Альтернатива» аналитикалық зерттеу орталығының директоры, саяси ғылымдарының кандидаты Андрей Чеботарев, «Мир Евразии» қоғамдық қорының басшысы Эдуард Полетаев баяндамалар жасады.

Конференцияның соңында М. Қасымбеков, Б. Темірболат және Т. Шаймергеновтің «Назарбаев моделі» кітабының тұсаукесері өтті.

Елбасы кітапханасының Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық музейінде ұйымдастырылған «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрмесі оңтүстік астана тұрғындары мен қонақтарына 2018 жылдың 14 қаңтарына дейін ашық болатынын естеріңізге саламыз.