Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі қор көрмесінің ашылу салтанаты өтті.  Көрменің ашылу салтанатына Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов, қала тұрғындары мен студент жастар қатысты.

Көшпелі қор көрмесін Қырымбек Көшербаев құттықтау сөзімен ашты:

«Тұңғыш сөзінің мәні терең. Вашингтон, Ататүрк, Махатма Ганди сынды тұңғыштардың қатарында Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев есімінің жұлдыздай жарқырап тұруы мақтаныш сезімін ұялатады. Елі таңдаған Елбасы Қазақстанды дамудың даңғыл жолына салды. Әйгілі Ақтамберді жыраудың өлең жолдарындағы "Кеуде бір жерді жол қылсам, шөлең бір жерді көл қылсам, Құрап жанды көп жиып, Өз алдына ел қылсам!" деген бабалар арманына ғасырлар тоғысында біздің ұрпақ жетті. Халқымыздың талай ғасыр аңсаған арманы болған тәуелсіздік, еркіндік, азаттық деген қасиетті сөздері «елім деген ер» Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кемеңгер көшбасшылығы арқасында ақиқатқа айналды».  

Кітапхана директоры, саяси ғылымдар докторы Әмірхан Рахымжанов өз кезегінде көшпелі көрме жобасының өтуіне қолдау білдірген облыс басшылығы мен Қызылорда жұртшылығына алғыс айтты: 

 «Елбасы кітапханасының «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам»»  көшпелі көрмесінің Қызылорда облысына келуін Қазақ хандығының астанасы Сығанақ пен өткен ғасырдың екінші онжылдығында еліміздің астанасы болған Қызылордаға тәуелсіз Қазақстанның астанасы Нұр-Сұлтанның ілтипаты деп қабылдаңыздар дегім келеді. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Алаштың анасы» деп атаған тарихы мол өңір халқы ел тәуелсіздігінің шұғылалы шежіресі - Елбасымыздың өмір жолы мен саяси қызметін баяндайтын жәдігерлерден ұмытылмас әсер алатынына кәміл сенемін».

Іс-шара барысында кітапхана директоры Әмірхан Мұратбекұлы музей директоры Бахытгүл Бекмамбетке кітапхана атынан ұйымдастыру жұмыстарына белсенділік танытқаны үшін алғыс хат берді. Сонымен қатар, облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы  мен Әмірхан Мұратбекұлы  Елбасы кітапханасының тілектер кітабына жылы лебізін жазып қалдырды.  

Көрменің басты мақсаты – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанның тағдырындағы бірізді толық рөлін көрсету. Көрермен назарына Елбасы кітапханасының архив, кітапхана, музей қорларының материалдары ұсынылды. Алғаш рет Қызылорда жұртшылығына Н. Ә. Назарбаевтың жоғары мемлекеттік марапаттарының бірегей жинағы, мемлекет басшылары және қазақстандық авторлар тарту еткен қолтаңбасы бар кітаптар, сонымен қатар Н. Ә. Назарбаевтың шет тілдерге аударылған еңбектері ұсынылды.

Көрме төрт бөлімнен тұрады:

«Елбасы жолы» бөлімі ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың өмір кезеңдерінен сыр шертеді. Елбасының жолы рухани сананың дәуірі мен шығуы мазмұнын білдіретін тарихи үдерістер мен оқиғаларды сипаттау арқылы көрсетіледі. Қазақстан Президентінің алғашқы бүкілхалықтық сайлауы еліміздің тәуелсіздігінің негізгі бағыттарын айқындаған басты тарихи таңдауы болды.

«Елбасы феномені» бөлімі Қазақстан Республикасының негізін қалаған, жаһандық кеңістікте тұрақтылық пен қауіпсіздіктің жаңа идеяларын енгізген Н. Ә. Назарбаевтың мемлекеттік құрылым тұжырымдамасының қалыптасуы мен дамуы тарихына жетелейді. Көшбасшы феномені Семей ядролық полигонының жабылуынан бастап, мемлекет астанасын ауыстыру идеясын жүзеге асыруға дейінгі тарихи маңызы бар шешімдер мен бастамалар арқылы көрініс тапқан.

«Әлем таныған Елбасы» бөлімінде Қазақстан Республикасының қарқынды сыртқы саясаты көрсетіледі. Бұл – әлемдік деңгейдегі саясаткер, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевтың биік беделі мен асқақ абыройының жемісі.

Еліміздің көпвекторлы сыртқы саясаты дипломатиялық тарту-таралғылар, жеке жазбалар, архивтік материалдар арқылы көрсетілген. Әрбір сый-сияпаттан кез келген қауіп-қатер мен түсінбеушіліктен азат бейбіт әлемді қалыптастырудағы Н. Ә. Назарбаевтың ерен еңбегін таныған шетелдік мемлекет және үкімет басшыларының жеке құрметі айқын көрінеді.

«Елбасы мәртебесі – ел мәртебесі» бөлімінде Мемлекет басшысының және Қазақстан халқының жаһандық үдерістердің тұрақтылығы мен өркендеуіне қосқан үлесі үшін табыс етілген Елбасының жоғары мемлекеттік марапаттары ұсынылған.

Көрме экспозициясының негізінде шолу экскурсияларынан басқа «Тарихи таңдау», «Атамекен», «Елбасы мәртебесі – ел мәртебесі» тақырыптық экскурсиялары жүргізіледі. Экскурсиялар түрлі санаттағы – балабақша тәрбиеленушілері, оқушылар мен студенттер секілді келушілерге арналады.

Ауқымды ғылыми-білім беру және мәдени-ағартушылық іс-шараларды, сонымен қатар Қызылорда облысының аудандарында өтетін  экскурсияларды қамтитын қор көрмесі – жобаның басты іс-шарасы.