Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Елбасы кітапханасында Астана қаласындағы «Нұр Отан» партиясы «Бірлік» филиалының «Тұңғыш» бастауыш партия ұйымының салтанатты жиналысы өткізілді.

Жиналысты ашқан «Тұңғыш» БПҰ төрағасы, Астана қаласындағы «Нұр Отан» партиясының саяси кеңес мүшесі, елордалық «Бірлік» БПҰ Саяси кеңес және Бюро мүшесі, Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Әмірхан Рахымжанов бүгінгі жиынның күн тәртібіндегі басты мәселелеріне тоқталды:

– Елбасы кітапханасы мен Қоры Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні – мемлекеттік мерекесіне орай бірлескен кешенді іс-шаралар өткізді. Ең ірі іс-шара үстіміздегі жылдың 10 қарашасында басталған Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық музейінде «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі ғылыми-білім беру және мәдени-ағартушылық көрме жобасы болды. Көшпелі жоба аясында 3 халықаралық конференция, семинар-тренингтер, дөңгелек үстелдер және т.б. шаралар өткізілді. 27 қарашада әзербайжан тіліне аударылған «Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян» кітабының тұсаукесері, 28 қарашада Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мен елорданы Астанаға көшірудің 20 жылдығына орай «Бірегейлік пен бірлік: Қазақстан жолы және Н. Ә. Назарбаевтың үлгісі» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Елбасы кітапханасы мен Қорының қызметкерлері «Тіл жанашыры – 2017» республикалық байқауының лауреаттарын марапаттаудың салтанатты рәсіміне қатысты. Мереке қарсаңында балалар байқауылар, көрмелер, экскурсиялар жүргізілді.

«Нұр Отан» партиясының қатарына жаңадан өткендерге Әмірхан Мұратбекұлы салтанатты түрде партия билеттерін тапсырды.

Партия билетін алған Елбасы кітапханасының ғылыми қызметкері Гүлмира Атабаева «Нұр Отан» партиясының қатарына өтудің үлкен мәртебе екенін айтып өтті:

– Мен қызметі Мемлекет басшысы Н. Ә. Назарбаев есімімен байланысты партияға лайықты болуға бар күшімді саламын. Партияның бастамаларын толығымен қолдап, жүзеге асыру үшін қолдан келгеннің барлығын жасаймын.