«NUR OTAN» ПАРТИЯСЫНЫҢ ҚАТАРЫ ТОЛЫҚТЫ

Тұңғыш Президент күніне орай бүгін Елбасы кітапханасының музейінде «Nur Otan» партиясына жаңа мүшелер қабылданды.

Іс-шараны ашқан «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек қатысушыларды келе жатқан айтулы мерекемен құттықтап, Елбасының қарқынды дамып келе жатқан Қазақстанның гүлденуіне зор үлес қосқанын атап өтті.

– Партиямыз Елбасының жетекшілігімен жасампаздық қызметін 20 жыл бойы жалғастырып келеді. Бастысы – шекарамыз бекітіліп, егемендігіміз бен бірлігіміз нығайды. Бүгін мүшелікке қабылданған адамдарды қоса санағанда «Nur Otan» партиясы 900 мыңдай азаматты құрап отыр. Бұл кісілер - мүддесі ортақ, талабы айқын жандар, - деді Б.Байбек.

Партия билетіне қол жеткізген көптеген жастар мен түрлі сала мамандарының қатарында белгілі актер, тележүргізуші, әзіл-сықақшы Тұрсынбек Қабатов та бар:

– Бүгінде мемлекетіміздің жылдам дамып келе жатқанын бәрі мойындайды. Ол өзінің азаматтарына өсіп, өнуге бар мүмкіндікті беріп отыр. Төленетін айлық болмай қалған 90 жылдардың қиын-қыстау кезеңдері сондықтан да алыстап, бірітіндеп ұмытылып барады. Қазіргі Қазақстан – заманына аяғын нық басқан, қоғам талаптарына сай мемлекет. Бұл жетістікте «Nur Otan» партиясының көшбасшысы Елбасы бастаған отандастарымыздың еңбегімен жеткеніміз анық. Партия құрамына кіруімнің себебі осыда, - деді Т.Қабатов.

Онымен бір қатарда Арыс қаласындағы қайғылы оқиғада басының қауіпсіздігін қиып, балаларды құтқаруға жөнелген Асқар Әбдіқалық есімді жаужүрек азамат та бар:

– Көңілімізге кірбің түсірген ахуал еліміздің ауызбіршілігі мен ұйымшылдығын көрсетті. Халқымыз қиын жағдайға душар болған жерлестерін қолдауға, қираған қаланы қайта қалыпқа келтіруге күш жұмылдырды. Бірліктің еш сарқырамайтын күші бар. Ол «Nur Otan» партиясының басты ерекшелігі, әрі ұтымды қасиеті. Басты құндылыққа мән беретін бұл партияның құрамына кіріп, оның дамуына үлес қосу мен үшін зор мақтаныш, - деді А.Әбліқалық.

Мүшелікке кірген Петропавл қаласының кәсіпкері Жанат Кәкімовтың жасы небәрі он тоғызда.

– Жұмыс істеуге ерте кіріскен адам ретінде қазір жұмыс іздегендерге қызмет орнын берумен айналысамын. Жас кәсіпкер болған соң партияға Жастар жылында қабылданып жатқанымды маңызды санаймын. Мақсатымды жүзеге асыруда мемлекеттің жасап жатқан жағдайы, беріп жатқан мүмкіндігі әркімге қолжетімді. Бұл қуанышқа «Nur Otan» партиясының еңбегімен қол жеткізіп отырмыз, - деді ол.