«Нұр Отан» жасампаздық пен дамудың 20 жылы» - осындай атаумен еліміздегі жетекші саяси құрылымның мерейтойына арналған кітап басып шығарылды. «Нұр Отан» партиясы 1999 жылғы 1 наурызда өткен І құрылтай съезінде құрылған болатын. Айтулы еңбекті Жанар Бұқанованың басшылығымен Саяси партиялармен басқару академиясының шығармашылық ұжымы дайындады.

Аталған мерейтойлық кітаптың тұсаукесері «Нұр Отан» партиясы Орталық аппараты ғимаратында өтті. Қуаныш Сұлтанов, Қайыржан Тақуов, Анатолий Башмаков және басқа да партия ардагерлері партияның қалыптасу кезеңдері туралы естеліктерімен бөлісті. Олар осы жылдары қазақстандық қоғамның бірлігін қамтамасыз ету, ұлттық экономиканың рөлін арттыру бойынша партияның қомақты жұмыстарды атқарғанын айрықша атап өтті. Қазақстан білімінің, ғылымының және мәдениетінің дамуына нұротандықтар елеулі үлестерін қосуда.

«Партия 20 жылда Елбасының экономиканы реформалауға, әлеуметтік саланы дамытуға, қоғамдағы өзекті мәселелерді оң шешуге бағытталған стратегиялық бастамаларын жүзеге асыруға белсене қатысты. Партия Елбасының ең сенімді тірегі және еліміздің жетекші саяси күші ретінде қалыптасып үлгерді. Бүгінде Елбасы еліміздің алдына бұрынғыдан да салмақты стратегиялық міндеттер қойды. Осыған байланысты, біздердің басты міндетіміз – Елбасының Қазақстанды жаңғырту бойынша бағдарламасын жүзеге асыру жолында оның сенімді тірегі болу», - деді партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев мерейтой күні.

Қазіргі «Нұр Отан» партиясы – қатарында миллионнан астам мүшесі бар, қазақстандық қоғамның барлық әлеуметтік топтарын қамтитын ірі саяси құрылым. Партия еліміздің әрбір ауылдық аудандарында өз филиалы мен бастауыш ұйымы бар қуатты кадрлық және институционалды әлеуеті мол ұйым.

2010-2012 жылдары «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы Астана қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары лауазымын атқарған Елбасы кітапханасы директорының орынбасары, саяси ғылымдарының докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов та партияның даму жылдарында Президентіміз бастамашы болған орасан зор міндеттерді шешудің драйверіне айналғанын атап өтті.

- «Нұр Отан» партиясы – нақты істер партиясы. Ол тек жетекші саяси құрылым ғана емес, қазақстандық қоғамның дамуының қозғаушы күші, төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен идеялар мен бастамалардың ұйытқысы. Жаңғырту құндылықтарының басты жаршысы ретінде партия еліміздің әлеуметтік-экономикалық саласының барлық бағыттары бойынша аумақты жұмыстар жүргізуде. Осылайша, ол Қазақстанның болашақ ұрпақтарының игілігі үшін мықты іргетас қалауда, - деді Ә.Рахымжанов.

«Нұр Отан»: жасампаздық пен дамудың 20 жылы» кітабы үш бөлімнен тұрады: «Қалыптасу», «Үстем саяси күш» және «Ұзақ мерзімді саяси көшбасшылыққа». Бұл кітап - деректер, оқиғалар, фото- және архивтік материалдардан тұратын жылнамалық шығарма.