«НҰР ОТАННЫҢ» ТУҒАН КҮНІНЕ ОРАЙ

Бүгін еліміздегі жетекші саяси құрылым болып табылатын «Нұр Отан» партиясына 20 жыл толып отыр. Төрағасы Президентіміз Н.Ә.Назарбев болып табылатын «Нұр Отан» партиясының мерейтойына орай Елбасы кітапханасында салтанатты жиналыс өтті. «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалының «Бірлік» филиалы партия ардагерлеріне Алғыс хаттарды тапсырды және өз қатарына жаңа партия мүшелерін қабылдады.

«Бірлік» филиалының төрағасы, Президенттің Іс Басқарушысы Абай Бисембаевтың атынан саяси ұйымның негізін қалаған партия мүшелері Алғыс хаттармен марапатталды. Олардың арасында білім, денсаулық сақтау, энергетика, қаржы, ауыл шаруашылығы салаларының белгілі қайраткерлері болды.

Өз естелігімен «Нұр Отан» партиясының ардагері, Парламент Мәжілісі V шақырылымының депутаты Надежда Петухова да бөлісті:

- Партияның менің өмірімде айрықша орны бар. Менің саясатпен айналысуым кәсіби қызметіме көмектесті. Ең маңыздысы, партияның тек сайлауалды кезеңдерде емес, барлық уақыттарда маңызды жұмыстар атқаратындығы. Ол шын мәнінде халық мүддесін көздейді, тұрғындардың көкейтесті мәселелерін шешеді. Жақында ғана өткен партияның XVIII съезінде Елбасымыз жариялаған бюджеттік сала және мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын көтеру, аз қамтылған отбасыларға көмекті күшейту, көп балалы аналар жәрдемақылары көлемін арттыру сынды шешімдерді үлкен қуанышпен қабылдадық. Бүгін, яғни партиямыздың туған күнінде, Алғыс айту күнінде ұлтымыздың гүлденуіне үлесін қосып жүргендерге, бейбіт өміріміз үшін, балаларымыз бен немерелеріміздің табыстарына қуануымызға мүмкіндік жасағандары үшін барша қазақстандықтарға алғысымды білдіремін! – деп атап өтті Н.М.Петухова.

Алғыс хатпен Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары, саяси ғылымдарының докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов та марапатталды. Ол 2010-2012 жылдары «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы Астана қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болып қызмет етті. «Бірлік» филиалының төрағасы Абай Бисембаев Қазақстанның ірі саяси құрылымына айналған «Нұр Отан» партиясының қалыптасуы мен дамуы жолында Әмірхан Мұратбекұлының мол үлесі бар екендігін атап өтті.   

Мереке күні жетекші партияның қатары жаңа мүшелермен толықты, олардың ішінде Елбасы кітапханасының қызметкерлері - Әйгерім Ашимова, Мәдина Бибатырова, Жансая Жабина және Жансая Шыңғысханқызы да бар.  

- Партия қатарына қабылдау рәсімінің мереке күні өтуі, ең бастысы партия ардагерлерінің қатысуымен өтуі өте қуанышты. Олар осыдан 20 жыл бұрын күрделі жолды бастады, оларға партияның беделін көтеру, партияның өміршеңдігі мен тиімділігін нақты істерімен дәлелдеу міндеттері қойылды. Бүгінде «Нұр Отанның» халықты жаңғыртудағы қозғаушы күшке айналуы – олардың мақсаттарына, жоғары жетістіктерге жеткендігін дәлелдейді. Алғыс айту күні оларға ерен еңбегі мен табандылықтары үшін зор ризашылығымды білдіргім келеді. Олар біз үшін барлық жағынан үлгі бола алады, - деді Жансая Жабина.