НҰРЛАН ӨТЕШ: «ӨМІРІМІЗ - ЖОБАЛЫҚ БАСҚАРУ»

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы бірнеше жылдан бері мектеп оқушылары мен студенттерге арналған циклды семинар-тренингтерді табысты өткізіп келеді. Дәстүрлі шара биыл «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламалық мақаласына арналып отыр. Соның аясында  семинардың кезекті спикері - белгілі қоғам қайраткері Нұрлан Өтеш «Жобалық басқару» тақырыбында Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облысынан келген жастар алдында сөз алды.

Кейіпкер туралы мәлімет: Нұрлан Өтеш,  «Болашақ» халықаралық стипендиясы иегері, «Рухани жаңғыру» кеңселік басқармасы «Атамекен» ішкі бағдарламасының бас менеджері, азаматтық бастамаларды қолдау орталығының басқарма төрағасы.           

– Семинардан алған әсеріңізбен бөліссеңіз.

Семинарға қатысқаныма разымын. Неге десеңіз, бұл шара бірінші рет емес, бірнеше жыл бойы қатарынан өзекті тақырыптарға арналып, өтіп келеді. Яғни шараның дәстүрге айналуы қуантады. Екінші жағынан мұндай семинарды жас ұрпақ бойына елжандылық қасиеттерін сіңіруге септігі мол болары күмәнсіз. Бір жағынан семинарға қатысып отырған жастар жай жастар емес, ынтасы бар, зейінді, елгезек жастар. Олар туған өңірінің маңдайалды, беткеұстар жастары. Өз өңірінен іріктеліп алынған олар жазу жағынан, ойын жеткізу жағынан да ұйымдастыру жағынан да өзгеден көш ілгері тұр.  Ал, ондай жастармен кездесуден өзіңнің дәріс бергеніңмен қоса, әдетте олардан аларың да көп болады. Елбасы кітапханасына келген өскелең ұрпақ осындай зәулім, кең ғимаратты көріп зор әсерленгенін байқадым. Кітапхана өз алдына ғой, еңселі Елорданың сәулетін көру оларға шабыт берері сөзсіз. Бұл бай әсер енді өмір бойына ұмытылмайды. Бұл әсер олардың шабытын үстеп, рухын демеп, көшбасшылық көзқарасын нығайта түседі, әрі өзін-өзі тануға көмектеседі. Күткенімдей, жастардың белсенділігі өте жоғары болды. Сұрақтары терең, әрі өздері де жан-жақты.  

– Жастардың сұрағы көбіне не туралы болды?

Көбінесе «Болашақ» бағдарламасы туралы сұрақтар болды. Одан бөлек, жобалық басқару, яки project management жөніндегі сауалдар да тамаша болды. Жобалық басқаруда қандай кезеңдер болады? Оған кіру-шығу процесстері, бақылау нүктелері сияқты сұрақтар ерекше ойталқыға ұласты. Сосын «елімнің дамуына мен өз үлесімді қалай қоса аламын?» тұрғысындағы сұрақтарды біз «case study» (мысалмен оқыту) ретінде пайдаландық. Бұл өте маңызды. Семинардың басты мақсаты да осы деп ойлаймын.      

– Семинарды неліктен жобалық басқару тақырыбына арнадыңыз?

Меніңше, project management, яғни жобалық басқару жұмыс бабында ғана емес, өмір бабында да аса қажет. Қарапайым тілмен айтсақ, жобалық басқарудың арқасында бастапқыда күрделі көрінген кез-келген нәрсені кезең-кезеңге бөліп атқарып, процессті жеңілдетуге болады. Өйткені, үлкен мәселе кіші мәселелерден құралатыны белгілі. Сол кішкентай мәселелерді нәтижелі шеше отырсақ түбі үлкен мәселені шешіп, табысқа ие боламыз. Өміріміз де жобалық басқару сияқты дейтінім де сондықтан. Жобалық басқаруды тек жастар емес, кез-келген жас ерекшелігіндегі азаматтар білуге тиіс.

– Жастарға өзін-өзі дамытуға байланысты тағы қай тақырыптағы семинарлар қажет деп ойлайсыз?  

Меніңше, өмірден өз жолын табуға қатысты кез-келген семинардың маңызы жоғары. Мәселен, қазір өзекті боп тұрған дизайн ойлау (design thinking) тақырыбына  арнауға болады. Азаматтық бастамалар, волонтерлық, жобаны нәтижелі жүзеге асыру сияқты тақырыптар қызықты болады деген ойдамын.

 

Әңгімелескен Қанат Әуесбай.