ОҚУШЫЛАР МАЗМҰНДЫ ДӘРІСКЕ ҚАТЫСТЫ

№1 мектеп-лицей мен №41 орта мектептің оқушылары Елбасы кітапханасы музейінің дәрісіне қатысып қайтты. Әлеуметтік-ағартушылық және білім беру жобалары қызметінің ғылыми қызметкері Жазира Күзгімбаева пікірсайыс, брейн-ринг әдістерін ұтымды пайдалану арқылы жастардың патриоттық сезімін күшейтіп, олармен тарих беттерін парақтады.

Сондай-ақ дәріскер «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының негізінде жас отандастарымыздың жетістіктерін алға тартып, оқушыларға өнегелі мысалдарды да келтірді.

Қатысушылардың ортаға салған ойлары мен қойған сауалдары тақырыптың өзектілігін дәйектей түсті. Олардың қатарында болған оқушылар бізбен әсер бөлісуге асықты:

– Дәріс барысында қызу талқыға түсіп, сан түрлі пікір алмастық. Еліміздің бүгінгі бетке ұстар азаматтарына қатысты деректерге үңілдік. Соғыс қаһармандары, алғашқы ғарышкерлер мен танымал спортшылар жөнінде біраз мәлімет алдық, - дейді №1 мектеп-лицейдің 7 сынып оқушысы Руслан Полуткин.

– Патриоттық сезім туралы дәріс өте ұнамды өтті. Ұлы Отан соғысына қатысқан Талғат Бегелдинов пен Рахымжан Қошқарбаев сынды жерлестеріміздің ержүректігі туралы әңгіме жүрегімізді елжіретті. Жаттығу соңында ұйымдастырылған брейн-ринг алған ақпаратты бекітуге септігін тигізді, - деді №41 орта мектептің 5 сынып оқушысы Айғаным Қайыргелді.