ОҚУШЫЛАР ОҚУ КУРСЫН ТАМАМДАДЫ

«Болашақта Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сынды мен де ел басқарғым келеді»,- дейді жер жәннаты – Жетісудан келген оқушы. Елбасы кітапханасының екі күндік «Болашаққа жол өзіңнен басталады» семинар-тренингінің осы жолғы қатысушыларының арманы асқақ, мақсаты биік.

Елорда төріндегі Назарбаев орталығына еліміздің Алматы мен Ақмола облыстарының ең үздік оқушылары келіп, екі күндік оқу курсына қатысты.

Семинар-тренинг барысында Елбасы кітапханасының қызметкерлері тыңдаушыларға «Индустрия 4.0» – төртінші өнеркәсіптік революция» бағдарламасы, Елбасының «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларындағы өзекті мәселелер туралы толыққанды ақпарат берді.

  

Оқу курсы аясында оқушыларға ҚР Ұлттық музейі мен Елбасы кітапханасының музейіне экскурсия ұйымдастырылды. Ақмола облысы Қосшы ауылының №2 Қосшы орта мектебінің 10-сынып оқушысы Насихат Такерова Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың елордадағы алғашқы резиденциясынан алған әсерімен бөлісті:

–Семинар-тренинг барысында Елбасы кітапханасының музейін аралап, біраз жақсы дүниелер көрдім. Бұл жерде Елбасымыздың жұмыс істеген кабинеттері мен қолданған заттарын көріп, ерекше сезімге бөлендім. Осындай тағылымды шаралар жастар үшін аса маңызды деп ойлаймын.  Екі күндік семинар-тренинг үшін Елбасы кітапханасының басшылығы мен қызметкерлеріне алғысымды білдіремін. Бұл оқу курсына қатысқаныма қуанамын. Өйткені осы семинарда бұрын білмеген білім нәрімен сусындадым.

Талдықорған қаласындағы дарынды балаларға арналған «Білім- Инновация лицейінің 10-сынып оқушысы Әлішер Әкім осы семинар-тренингтен кейін болашақта Елбасының сара жолын жалғайтын ел азаматы болғысы келетінін айтты.

«Елбасы кітапханасында өткен семинардан мен ел басқарудағы саясат қандай болуы керек, стратегияны жоспарлаудың жолдары, мақсатқа жету жолындағы міндеттер туралы мол мәлімет алдым. «Болашаққа жол өзіңнен басталады» семинар тақырыбының өзі жастарға ой салады екен. Екі күндік оқу курсына қатысу арқылы өзімнің болашақтағы мамандығымды түбегейлі анықтап алдым. Осы мекемеден Тұңғыш Президентіміздің өмір жолы мен еңбек жолы туралы терең білдім.  Болашақта мен де Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев сынды мемлекет басқарып, елге адал қызмет еткім келеді».

Марапаттау рәсімін Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова өткізіп, еліміздің екі облысынан келген үздік оқушыларға сертикаттар табыс етіп, өмір жолдарына сәттілік тіледі.