2019 жылдың 30 сәуірінде Елбасы кітапханасының музейінде Нұр-Сұлтан қаласының № 74 мектеп-гимназиясы оқушыларына арналған «Қазақстан Республикасындағы сайлау жүйесі» экскурсия дәрісі өтті.

Дәріс музейдің Мәжіліс залында өтті. Бұл залда кезінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың үкіметпен, Президент әкімшілігінің құрылымдық бөлімшелерімен кездесулері өткен. Қазірде бұл жерде еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуын айшықтайтын «Қазақстан Республикасы: мемлекеттің қалыптасуы мен даму стратегиясын анықтау» экспозициясы ұйымдастырылды.

Дәріс барысында еліміздің аса маңызды саяси оқиғасы –  Президент сайлауына зор маңыз берілді. Әлеуметтік-гуманитарлық жобалар қызметінің жетекші ғылыми қызметкері, дәріскер Әсия Оспанова Қазақстан Республикасы сайлау жүйесінің ерекшелігіне тоқталып, еліміздегі қазір өтіп жатқан сайлауалды науқан туралы айтып берді. Оқушылар еліміздегі жетекші партиялардың бағдарламасымен танысып, отандық партия жүйесінің қалыптасуынан хабардар болды.  

Оқушылар назарына сондай-ақ, Қазақстан Президентінің инаугурациясы – өз қызметіне ресми кірісу рәсімі жөніндегі архивтік видеоматериалдар ұсынылды. 

Дәрістің практикалық кезеңі «Мектеп президентін сайлау» аталған ойын-таныстырылым түрінде өтті. Оның аясында үміткерлер өз сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. Құпия дауыс беру нәтижесінде оқушылар жеңімпазды анықтады. 

– Ұйымдастырушыларға көп рақмет! Мұндай форматтағы дәріс біз үшін бірінші рет өтіп отыр. Өте қызықты және тартысты өтті. Мен үшін әсіресе сайлауалды науқанға қатысқаным зор тәжірибе болды. Бұл менің алғашқы тәжірибем. Келешекте депутат немесе президент боламын деген үмітім де жоқ емес, – дейді сайлау науқанының жеңімпазы, 10-шы сынып оқушысы Қасымжан Хәкімжан.

Әдемі Мәулетбек, 10 сынып оқушысы:

– Біріншіден, экскурсия, сабақ, сайлау, конституциямен танысу – барлығы да естен кетпестей ерекше болды. Маған сайлауалды тартыс ұнады. Екіншіден, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев туралы көп мәліметті бірінші рет естідім. Мәселен, Президент болардың алдында ол кісі көптеген өмір қиындығынан өткен екен. Бұл қиындықтар ол кісіні шынықтырып-ширықтырып, биік белеске жеткізген.