Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында «Н. Назарбаев – жаһандық антиядролық қозғалыстың көшбасшысы» жаңа тұрақты көрмесі ашылды.

 

Аталмыш көрме – ядролық қару мен ядролық сынақтардан бас тартуға негізделген, жалпыға бірдей қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне еліміз бен Елбасымыздың озық, әрі жаһандық көзқараспен ұсынған инновациялық мультимедиялық технологиялардың кешені.  

«Н. Назарбаев – жаһандық антиядролық қозғалыстың көшбасшысы» экспозициясы –  бұл Елбасы кітапханасының экскурсиялық және білім беру бағдарламалары жүзеге асырылатын, қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға үлесін қосатын теңдесі жоқ жаңа алаң.

 

Президент Н. Назарбаевтың Семей ядролық сынақ полигонын жабуы – алғашқы, әрі тарихи шешім болды. 1992 жылы Мемлекет басшысы Лиссабон хаттамасына қол қойды. Еліміз Ядролық қаруды таратпау туралы  шартқа қосылды. Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен 2009 жылғы 2 желтоқсанда БҰҰ Бас ассамблеясының 64-ші сессиясында 29 тамызды –Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні ретінде жариялау туралы Қазақстанның қарарын бірауыздан қолдады.  Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік пікір-талас алаңдарында қарусыздандыру және ядролық қаруды таратпау, ядросыз әлемнің декларациясын қабылдау туралы баса айтады.

Елбасының жаҺандық бітімгершілік идеясы: ядролық қаруды көлденең әрі тікелей таратпау және ядролық қарудан азат аймақтарды кеңейту туралы әмбебап шартты әзірлеу – планеталық ядролық қарсы тұрудың бірден-бір  стратегиялық жолы болып табылады.

Қазақстан басшысының бұл бастамалары бүкіл әлемде жоғары бағаланады. КСРО ыдырағаннан кейін ядролық арсеналдан бас тартқан әлемдегі алғашқы жас тәуелсіз мемлекет ретінде  Қазақстан өз тәжірибесінде сыртқы саясатының бейбітшілдігін дәлелдеді. Әлемнің жаңа архитектурасын қалыптастыруға арналған жаһандық бастамалардың авторы – Н.Ә.Назарбаевтың рөлі мен орны 2018 жылдың қаңтарында АҚШ-қа жасаған сапары кезінде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі төрағасының сөйлеген сөзінен ерекше көрінді.

«Н. Назарбаев – жаһандық антиядролық қозғалыстың көшбасшысы» жаңа экспозициясында алғаш рет Елбасы кітапханасының мұрағаттық материалдары, мұражай экспонаттары және кітап қорының толық кешені, сондай-ақ оның қызметкерлерінің кешенді ғылыми-зерттеу әрі жинақтау жұмыстарының нәтижелері толығымен ұсынылады. Экспозицияда Ядролық қарусыздандыру мен таратпау ісіне қосқан үлесі үшін Н.Ә.Назарбаевқа берілген шетелдік марапаттар ерекше орын алады.

Экспозициялық кеңістік «Мебиус лентасы» бейнесін пайдалану тұжырымдамалық шешімі арқылы  жүзеге асты. Мебиус лентасы күрделі дәуірдің түбегейлі өзгеріске ұшыраған үзіліссіз уақыт ағымын білдіреді.

 

Экспозиция келесідей төрт бөлімнен тұрады:

 

1. «Бөлінген атом – бөлінген әлем»;

2. «Семей қасіреті»;

3.«Чернобыль және Фукусима қасіреті – құндылықтарды қайта бағалаудың қиын кезеңдері»;

4. «Бейбіт атомға құқық».