ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫ АЙМАҚТАНДЫРУ. ҚАЗАҚСТАН СТРАТЕГИЯСЫ

2018 жылғы 18 қазанда Фридрих Эберт атындағы Қор өкілдігі ұйымдастырған «Орталық Азияны аймақтандыру. Қазақстан стратегиясы» атты конференцияға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының халықаралық ғылыми жобалар қызметінің аға ғылыми қызметкері  Осман Досов қатысты.

Конференцияның мақсаты – Орталық Азиядағы Қазақстанның стратегиясы туралы пікірталасты ынталандыру, жаңа идеялар мен тақырыптарды әзірлеу үшін Қазақстанның ұстанымымен өңірдің өзекті мәселелерін талқылау, сондай-ақ Орталық Азия елдеріндегі ынтымақтастықтың ықтимал форматтарын ұсыну.

Панелдік секциялар аясында Орталық Азия бойынша ғалымдар, жас зерттеушілер мен мамандар Орталық Азиядағы қауіпсіздік, ұлтшылдық мәселелерін және мемлекеттік емес акторлардың рөлін, Орталық Азия мен Ауғанстандағы өңірлік инфрақұрылым мен сауда-экономикалық қатынастар, энергия мен су ресурстары, терроризм мен зорлық-зомбылық экстремизміне қарсы тұру, өңірдегі геосаяси үдерістер мәнмәтініндегі  Қазақстанның стратегиялық ұстанымы және басқа мәселелерді талқылады.

– Іс-шараның нәтижесі бойынша Орталық Азия өңірі мемлекеттерінің бірігуі туралы айтуға әлі ерте екендігі туралы қорытынды жасауға болады. Өз кезегінде, аймақтандыру үдерісі бастапқы кезеңнен өтуде. Өңір мемлекеттерінде екі жақты ынтымақтастық басымдырақ, өйткені әрбір елге бір-бірімен дербес келісу жеңіл. Сондай-ақ, Қазақстанның Орталық Азияның «қозғаушы күші» болуына толық мүмкіндігі бар және бірлескен жобаларды жүзеге асыру арқылы басқа елдерге үлгі көрсете алады. Түркістан облысын, республикалық маңызы бар Шымкент қаласын дамытуды және  Түркістан – Шымкент –Ташкент – Самарқан – Бұхара бағыттары бойынша логистикалық инфрақұрылымды жетілдіруді көздейтін туризм - перспективалы бағыттардың бірі болып табылады, – деп есептейді конференцияның қатысушысы Осман Досов.