ӨЗБЕКСТАННАН КЕЛГЕН ҚОНАҚТАР ӨЗГЕШЕ КҮЙГЕ БӨЛЕНДІ

Дәулеті мен сәулеті жарасқан елордаға келген қонақтар Елбасы кітапханасына соқпай кетпейді. Ерекше сәулеттілігімен көздің жауын алатын ғимаратты осы жолы шекара асып келген ала шапанды ағайындар да көруге асыққан екен.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне оқуға келген Ажинияз атындағы Нөкіс мемлекеттік педагогикалық институтының бір топ студенттері мен ұстаздары  Елбасы кітапханасына атбасын бұрды.

Шетелдік студенттер Елбасы кітапханасының бас экспозициялары арқылы тәуелсіз Қазақстанның тарихымен танысты.Өзбекстаннан келген қонақтар Назарбаев орталығын армансыз аралап, өзгеше күйге бөленген жетекшілері де, білімгерлері де алған әсерлерімен бөлісті.

Ажинияз атындағы Нөкіс мемлекеттік педагогикалык институтының үшінші курс студенті Юнус Сұлтанов Қазақстан астанасына алғаш келіпті. Өз әсерімен бөліскен жас жігіттің айтуынша біздің елімізге саяхат жасау - оның көптен бері ойлап жүрген мақсаты екен. Қазақстанның, әсіресе цифрландыру саласының  серпінді дамуы Өзбекстанның көптеген түлектерін елімізде білім алуға қызығушылығын тудырған екен.

– Бұл жерден алған әсерімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын: аз уақыт ішінде өзімнің Қазақстанда болған маңызды оқиғалардың куәгері болғандаймын, мұның себебі ғажайып ғимаратқа кірген бойда туындайтын жағымды ахуалға байланысты дер едім. Ғимаратты жобалаған Норман Фостер, бұл оның үздік жобасы екенін де білемін. Мұндағы инновациялық мониторлар қызығушылығымды оятты. Әсіресе, әйнектің астында орналасқан сөредегі Н.Ә.Назарбаевтың  отбасылық альбомын дисплей арқылы көру маған ерекше әсер қалдырды. Бұл жерге тағы да келем деп шештім.

Қонақтар Қазақстанға Нөкіс мемлекеттік педагогикалык институтының қазақ тілі және әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Рысты  Мұратованың бастауымен келіпті.

– Біздің университеттен он сегіз студент келді. Оларға Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі оқу бағдарламасы ұнады. Әрине, Сіздерде дамуға қолайлы көп мүмкіндік бар. Елбасы кітапханасын аралап, ерекше күй кештім. Өте тамаша екен. Қазақстанның қазіргі тұрақты даму деңгейіне Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қосқан үлесі ұшан теңіз. Н.Ә.Назарбаевқа шетел мемлекет басшылары мен қоғамдық ұйымдар тапсырған наградалары және оның жеке кітаптары мені қатты қызықтырды. Мұның бәрін бір күнде аралап шығу мүмкін емес. Алдағы уақытта бұл мекемеге арнайы келіп, кітапханадағы құнды қазыналармен толық танысуды жоспарлап отырмыз. Мұндағы мазмұны терең  Н.Ә.Назарбаевтың еңбектерін оқып, саралап, болашақта өз тәжірибемізде пайдаланғымыз келеді.

Нөкіс мемлекеттік педагогикалык институты – XIX ғасырдағы Арал маңынан шыққан көрнекті ойшыл, қарақалпақ поэзиясының жарқын классигі Ажинияздың атында. Бұл –тарихы 1934 жылдан бастау алатын Өзбекстанның ескі жоғары оқу орындарының бірі. Институт түлектерінің көбі танымал тұлғаларға айналған. Олардың арасында Өзбекстанның ғылым, мәдениет және спорт қайраткерлері бар.