Үстіміздегі жылдың 12 наурызында Елбасы кітапханасы Музейінің ғимаратында эксперименттік алаң аясында Астана қаласының тарих пәні мұғалімдері аттестациялық сабақтарын қорғады.

Аттестациялық сабақтардың қорғалуы Елбасы кітапханасы мен елорданың орта білім беретін оқу орындарының қатынасын жаңа деңгейге көтеріп қана қоймай, сондай-ақ тарих пәні мұғалімдерінің арасында озық педагогикалық тәжірибелермен алмасу үшін инновациялық алаңдар ұйымдастыру, шығармашылық бастамаларды қалыптастыруға жағдай жасау болмақ.

Музей педагогтерімен бірге № 58, № 69 мектеп-гимназиялары мен № 79 мектеп-лицейінің мұғалімдері Гүлден Сейтен, Асылбек Қараров, Нәзира Әленова, Ляззат Ақшолақова «Ұлы дала өркениеті. Алтын адам», «1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы», «Отырар – қаһарман қала» музей сабақтарын өткізді.

Бір сабақтың қорытындысы бойынша Асылбек Қараров ой бөлісті:

– Біздің сабақ 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына арналды. Сабаққа дайындық барысында балалардың жұдырықтай жүректерінде еліне деген патриоттық сезімдері оянғанын аңғардым. Біз балалардың назарын егеменді Қазақстанның қалыптасуы тарихына, тәуелсіздіктің бастауында болған тұлғалардың өмірбаяндарына аудару мақсатында сабағымызды Елбасы кітапханасы Музейінің ғимаратында өткізуді ұйғардық.

Әлеуметтік-ағартушылық жобалар қызметінің жетекші ғылыми қызметкері Әсия Оспанова:

– Бұл сабақтар «Рухани жаңғыру» бағдарламасының басты бағыттарына, соның ішінде «Туған жер» тақырыбына негізделген. Бүгінгі сабақтардың ерекшелігі дәстүрлі әдіс-тәсілдермен қоса музей педагогикасының әдістемесін қолдануында. Аттестациялық сабақтар Күмбезді залдың холында орналасқан «Алтын адам» витринасының жанында, сондай-ақ Кітапхана Музейінің баспасөз залында өткізілді. Сабақ барысында театрланған қойылымдар, музыкалық және би өнерлері ұсынылды. Мұғалімдер мен оқушылар арнайы осы сабақтарға арнап өлеңдер жазды.

Оқушылар күнделікті мектеп пәнін бүгінде мемориалды ғимарат болып саналатын Елбасы кітапханасы Музейінде оқып-үйрену әлдеқайда қызықтырақ екенін айтып өтті.

Ділназ Айса, № 58 мектеп-гимназиясының 5-сынып оқушысы:

– Кез келген адам өз халқының тарихы мен тілін біліп, құрметтеуі және бағалауы тиіс деп ойлаймын. Осындай сабақтар өткен тарихымызбен танысып қана қоймай, сонымен қатар біздің әртістік әрі музыкалық қабілетімізді дамытуға мүмкіндік береді.

Аружан Жүнісова, № 69 мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы желтоқсан оқиғасына арнап жазған өлеңін оқып берді:

Айырылып қанша боздақтан,

Желтоқсан желі сыздатқан.

Жастардан шыққан жалын күш,

Жердің бетін қозғалтқан.

 

Бүгінде азат аспаным,

Көрінер шыңым, асқарым.

Тәуелсіздіктің толғауын,

Болашаққа бастадым.

 

Сілкінткен барша алапты,

Кім білмейді Ләззат, Қайратты.

Арқасында солардың,

Тәуелсіздіктің таңы атты.