2015 жылы 2 маусым күні Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейінде «Педагогикалық вернисаж» атты көрмесінің ашылуы өтті. Көрме Музейдің «Балалық шақтан көзқарас» жобасының аясында, Шымкент қаласының Балалар көркемсурет мектебі – ЮНЕСКО клубымен бірлесе ұйымдастырылып отыр. Іс-шара Халықаралық балаларды қорғау күніне арналады. Балалар көркемсурет мектебі-ЮНЕСКО клубы және жалпы орта білім беру мекемелерінің оқытушылары мен түлектері өздерінің жұмыстарын Астана қаласының тұрғындарының назарына ұсынады. Іс-шараның басты мақсаттарының бірі – Астана және Шымкент қалалары өнерпаздарының шығармашылық тәжірибелерімен алмасу. Көрмеден шеберліктің шыңына жеткен, талантты шәкірттердің әр түрлі әдіспен орындалған, жүзден аса еңбектерін көрулеріңізге болады.

      Іс-шара барысында Шымкент қаласының білікті оқытушылары Астана қаласының Балалар көркемсурет мектебі – ЮНЕСКО клубы оқушыларымен тәжірибелерімен бөлісті:
Қарабаева Ғалия – сәндік-қолданбалы өнердің композициялық әдістемесі;
Күлтаева Гүлсара – киіз-тігу әдістемесі;
Тажибекова Гульвира – «энкаустика» әдістемесі (балауыз арқылы бояуларды өзара байланыстыратын кескіндеме әдісі).