Клинтон қоры мен Роки Маунтэйн институты бірлескен жобасын іске қосты

Клинтон қоры мен Роки Маунтэйн институты Барбуда энергетика секторын қайта жобалап, жаңартылмалы энергия көзіне көшу жоспарын жариялады. Барбудадағы Ирма дауылының алпауыт салдарынан кейін аталмыш қос мекеме үкіметпен қызмет етуге шақырылды. Себебі, олардың сарапшылық білімі, экологиялық таза энергияны өңдеу жобаларын жоспарлау және құру икемі үлкен сұранысқа ие.

Экологиялық энергияға көшу Антигуа және Барбуда секілді арал бетіндегі мемлекеттерге климат өзгерістерін және оның салдарын жұмсартуға, электр шығынын үнемдеуге ықпал етеді.

https://www.clintonfoundation.org/press-releases/clinton-foundation-rocky-mountain-institute-coordinate-renewable-energy-push-barbuda

 

«Америка үндеуі» ұйымы дауыл салдарын реттеуге 41 миллион доллардан астам қаражат жинады

АҚШ бұрынғы президенттерінің басын қосқан «Америка үндеуі» («One America Appeal») ұйымы Харви дауылынан зардап шеккен халыққа көмек көрсету үшін құрылған болатын. Бүгінде ол Ирма дауылының зардабын көрген жандарды қолдау мақсатында өз жұмысын жалғастырып жатыр.

«Америка үндеуі» дүниежүзілік қауымдастықты табиғат апаттарының құрбандарына қол ұшын созуға үндейді. АҚШ бұрынғы бес президентінің халыққа жолдауы 110 000-нан астам адамды дауылға тап болған Техас, Флорида, Пуэрто-Рико, Вергин аралдарын қайта қалыпқа келтіруге көмектесуіне түрткі болған.

Джимми Картер, Джордж Буш, Билл Клинтон, Кіші Джордж Буш, Барак Обама бастаған ұйым қайырымдылыққа қаражат қабылдаудың тоқтағанын мәлім етті.

110 000-нан астам меценат 41,3 миллион доллар жіберген екен. Қаражат табиғат апаттарының түрлі аймақтарына жедел жәрдем қызметін көрсету үшін жұмсалды.

https://www.clintonfoundation.org/press-releases/one-america-appeal-raises-over-41-million-hurricane-relief

 

Президенттік көшбасшы стипендиясының жеңімпаздары жарияланды

Төртінші, жыл сайынғы қабылдауда 59 үміткер іріктелді. Олардың қатарында ардагерлер, педагогтар мен дәрігерлер, мемлекеттік қызметкерлер мен корпоративтік мамандар бар. Президенттік көшбасшы стипендиясы – Кіші Дж.Буш, Уильям Дж.Клинтон, Джордж Х.В.Буш, Линдон Б. Джонсон президенттік орталықтарының серіктестік бағдарламасы.

Аталмыш стипендия әлемді жақсартуға бел буған түрлі салалардағы азаматтардың басын қосады.

https://www.clintonfoundation.org/press-releases/2018-class-presidential-leadership-scholars-announced

 

Буш кітапханасы Афроамерика тарихының айын тойлайды

Афроамерика суретшілерінің мәдениет пен қоғам дамуына қосқан зор үлесін паш ету мақсатында Кіші Джордж Буштың музейі мен Президенттік кітапханасы Көпмәдениетті өнер одағымен бірге «Өткен мен бүгіннің өнері: Афроамерикалық суретшінің көзімен» атты көрмесін ұсынбақ. Үшінші, жыл сайынғы мамандандырылған көркем көрме 2018 жылғы 9 ақпанда ашылады.

Афроамерика тарихының айы жыл сайын атап өтілетін ұлттық мереке. Оның аясында афроамерикалықтардың қол жеткізген жеңістері тойланады.  Бұл кезең Америка тарихындағы олардың атқарған шешуші рөлін мойындауға арналады. Джеральд Фордтан бастап, АҚШ президенттерінің әрқайсысы ақпан айын Афроамерика тарихының айы ретінде атап өтуге шақырады.

https://www.georgewbushlibrary.smu.edu/News-and-Events/News/2018-AA-Art-Exhibit

 

Рейган кітапханасы Шыңғысхан туралы бірегей көрмеге шақырады

Шыңғысхан мен оның қазынасын жан-жақты сипаттайтын Рейган кітапханасының көрмесі миллионнан астам адамды қызықтырды.

Шалбар, пошта көгершіні, зеңбірек, қағаз ақша, шаңғы, скрипка, пахлава секілді түсініктердің қандай ортақ қасиеті бар, қалай ойлайсыз? Деректерге сүйенсек, олар Шыңғысханның арқасында батысқа кең қанат жайған.

Аталмыш көрме Time журналы мен CNN телеарнасы «Мыңжылдық ер адамы» атаған белгілі көшбасшының тұлғасын ашуға жол береді. 200-ден астам жәдігерден құралған көрмеде ХІІІ ғасырдың сирек кездесетін қару-жарақтары, киімдері, асыл тастары мен әшекейлері, құралдар мен өзге де жабдықтар ұсынылған. Олардың бәрі Моңғолия, Әзербайжан, АҚШ елдерінің жеке топтамаларынан алынған.

https://www.reaganlibrary.gov/museum/current-exhibits

 

Гейдар Алиев орталығында «Жер мен Аспан» көрмесі ашылды

Ресей Федерациясының халық суретшісі, Ресей көркемөнер академиясының корреспондент-мүшесі, Француз академиялық қоғамы алтын медалінің иегері Алексей Бегов Украинаның Киев облысында дүниеге келген. Отбасымен Қазақстанға көшкен соң, Алматы мемлекеттік педагогика институтының көркем графика факультетіне оқуға түсіп, графика, мүсін, кескіндеме өнеріне деген икемін ұштай түседі. Алған білімінің арқасында автор шығармашылығының мазмұны тереңдеп, туындылары көпшіліктің мойындауына ие болады.

Бүгінде Гейдар Алиев орталығында қалың халықтың назарына оның «Жер мен Аспан» атты көрмесі ұсынылып отыр. Көрмеге автордың қылқаламынан тамған 50 кенеп кірді.

2014 жылы қайтыс болған дарынды суретшінің суреттері Ресейдің мемлекеттік Третьяков галереясында, Нью-Джерсидегі Заманауи өнер музейінде, Уашингтон қорғаушылары қауымдастығы, БҰҰ кеңсесі секілді жеке топтамаларда сақтаулы.

Алексей Беговтың жеке көрмесі 1 мамырға дейін жалғасады.

http://heydaraliyevcenter.az/#5_News_286

 

Беларусь Республикасы президенттік кітапханасында кезекті іс-шара өтті

Беларусь Республикасы президенттік кітапханасының оқу залында «Белорус әйелдері одағы» қоғамдық бірлестігінің қатысуымен «Мемлекет, саясат және қоғамдық өмірдегі әйелдің рөлі» тақырыбында іс-шара өтті.

Қазіргі уақытта одақты 183 мыңнан астам әйел құрайды. Оның жанында құрылған төрт мыңнан астам бастауыш ұйымдар отбасы институтын нығайтуға, ана мен баланы қорғауға, қайырымдылықпен белсенді айналысуға тырысады.

Іс-шара аясында «Қазіргі заман әйелінің кестелі әлемі» көрмесі ашылды. Кітапхана қонақтары мен оқырмандары естелік кітапқа игі тілектерін жазып, оң әсерлерімен бөлісті.

https://www.preslib.org.by/news/type1/rol-zhenshchiny-v-gosudarstve-politike-i-obshchestvennoi-zhizni

 

РФ президенттік кітапханасы өз фильмдерін ұсынды

2018 жылдың қаңтарында Ресей Федерациясы президенттік кітапханасының порталында «Красин» мұзжарғышы» (13 мин, 16 сек.) және «Бәрін жаңарту үшін...» (14 мин, 33 сек.) фильмдерінің тұсауы кесілді. Бұл өнімді Президенттік кітапхананың телестудиясы шығарған.

Туындылардың алғашқысы Арктиканы игерудегі мұзжарғыштың рөлін баяндайды. Сарапшылардың пікірі, хроникалық кадрлар, бірегей жәдігерлер мен музей құжаттары көрсетілетін фильм Президенттік кітапхана көрмесінің материалдары бойынша түсірілген.

Екінші фильмнің атауы Александр Блоктың «Устроить так, чтобы всё стало новым…» деген сөзінен алынған. Фильм 1917 жылғы төңкерістің 100 жылдығына орай ұйымдастырылған көрме материалдары бойынша түсірілген. Оның барысында сол кезеңнің куәгерлері мен сол оқиғаға қатысқан адамдардың ойлары, берген бағалары келтірілген. Хроника, мемуарлар, күнделіктер мен құжаттар ұсынылған туынды ақиқаттан сыр шертеді.

https://www.prlib.ru/news/703313

 

РФ президенттік кітапханасы балалар мәселесін қозғады

Ресей Федерациясының президенттік кітапханасында балалар мен жасөспірімдерге бағытталған БАҚ дамуының мәселелері бойынша дөңгелек үстел шарасы өтті. Іс-шараға балалар мен жасөспірімдер қатарына бағыт алған бұқаралық ақпарат құралдарының басты редакторлары, баспагерлері, шығармашылық қызметкерлері, қызмет жолын жас тілші ретінде бастаған журналистер, мектеп, университет, кітапхана, мемлекеттік басқару органдары өкілдері шақырылды.

Дөңгелек үстел қатысушылары  балалар журналистикасының қазіргі және келешек жағдайын ортаға салып, негізгі сауалдарға жауап іздеді.

https://www.prlib.ru/news/705532

 

РФ Президенттік кітапханасы кезекті электронды оқу залын ашты

20 қаңтарда Ұлан-Батыр қаласында Президенттік кітапхананың электронды оқу залының ашылуы өтті. Ол Моңғолия мемлекеттік университетінің аумағында орналасты.

Бүгінде 27 елде Президенттік кітапхананың қашықтықтан қолдануға арналған 30-дан астам орталығы бар. Олардың қатарына Германия, АҚШ, Италия, Испания, Австрия, Ұлыбритания секілді т.б. мемлекеттер кіреді. Орталықтар ресейлік ғылым және мәдениет орталықтары мен ұлттық кітапханалары негізінде ашылған.

https://www.prlib.ru/news/706010

 

Ельцин орталығында «РҒА ашық дәрісханасы» ашылды

Б.Ельцин президент орталығы Ресей ғылым академиясымен бірлесіп, 19 қаңтарда «РҒА ашық дәрісханасын» іске қосты. Аталмыш жоба барысында Ресей ғылым саласының көшбасшылары өздерінің бірегей жаңалықтары мен зерттеулерімен бөліседі.

Дәрісхана тыңдаушылары ғылым саласын өзгерткен Ресей ғалымдарының ең озық жаңалықтарын, сондай-ақ бүгін дайындалып жатқан үздік әдістемелер мен инновациялар туралы біле алады.

https://yeltsin.ru/news/otkrytyj-lektorij-ran-startuet/

 

Борис Ельциннің туған күніне орай бағдарлама ұйымдастырылмақ

1931 жылғы 1 ақпанда Ресей тұңғыш президенті Б.Н.Ельцин дүниеге келді. Оның туған күніне орай Екатеринбургтегі Ельцин орталығында балалар мен ересектерге арналған концерт, кино көрсетілімі, фото көрмесі, экскурсиялар мен квест-викториналардан тұратын арнайы бағдарлама дайындалады. Әр қатысушы Музей дүкенінің 90 жылғы сыйлықтарын алу мүмкіндігіне ие.

https://yeltsin.ru/news/programma-k-dnyu-rozhdeniya-borisa-elcina/