ПРЕЗИДЕНТ Қ.ТОҚАЕВТЫҢ ЖОЛДАУЫ ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫ СЕМИНАРЛАРЫНЫҢ ОҚЫТУ БАҒДАРЛАМАСЫНА ЕНДІ

Елбасы кітапханасының «Болашаққа жол өзіңнен басталады» семинар-тренингі өз жұмысын жалғастырды. ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының 64 тыңдаушысы бүгін өткен жобаның қатысушылары болды.

Олар екі күн бойы еліміздің басты стратегиялық құжаттары туралы жан-жақты ақпарат алды. Олардың қатарында «Ұлт жоспары. Бес институционалдық реформаны жүзеге асырудың 100 нақты қадамы», «Мәңгілік ел», «Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол», «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру», сондай-ақ «Ұлы даланың жеті қыры».

Дәріскер, Елбасы кітапханасының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Сағынтай Бердағұлованың сөзінше, алғашқы күзгі семинардың ерекшелігі – оған 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Президент Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына арналған бірінші Жолдауының енуі.

- Мемлекет басшысының жолдауында құқық қорғау органдарына қатысты көптеген мәселелерді шешу қарастырылғандықтан аталған құжатты талқылау белсенді түрде өтті. Сыбайлас жемқорлықпен күрес, шағын бизнес субъектілеріне тексеріс жүргізуге үш жылға тыйым салу, әлеуметтік мәселелер, мемлекеттік қызметкерлер санын біртіндеп қысқарту және басқа да тақырыптар қатысушылардың қызығушылығын тудырды. Сонымен қатар, «Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығы», МАГАТЭ-мен бірлесіп, Ядролық отын банкін құру туралы Елбасы бастамасының жас мамандар үшін қызықтылығы да қуантты. Осы тақырыптар екінші жартыжылдықтағы семинар-тренингтердің оқыту бағдарламаларына енгізіледі, - деді С.Бердағұлова. 

Ақнұр Өтебаева Қарағанды облыстық прокуратурасында іздестіру жөнінде прокурор болып қызмет етеді. Ол екікүндік дәрісте саясат, тарих бойынша ой-өрісімді кеңейтуге мүмкіндік алдым дейді:

- Дәрістер, сұхбаттар және пікірталастар өте мазмұнды болды. Бұл даму үшін қуатты серпін береді. Оның ішінде, өз халқыңның тарихын терең зерделеу үшін, ағылшын тілін меңгеру үшін. Дәріскердің сөздеріне ой жүгірте осындай семинарлар өзін ғана емес, Отанын да дамытуға бел буған қазақстандық үшін аса қажет деген қорытындыға келдім.

Әріптесінің сөзімен Павлодар облысы Ақсу қалалық прокуратурасының қылмыстық қудалау бөлімінің прокуроры Серік Көлбаев та келіседі. Ел басшылығының әрбір стратегиялық құжаты - тұтас ұлтымыздың дамуына арналған жол картасы деп есептейді жас маман.

- Мысалға «Рухани жаңғыру» бағдарламасын алайық. Мұнда қазақ халқының рухани құндылықтары туралы барлық ақпарат топтасқан. Бұл тек тарихшылар, шенеуніктер не оқушыларға қажет емес,  кез келген қазақстандық азамат ұлтына қарамастан білуі тиіс құндылықтар. Дамуың үшін бағыттар, нақты міндеттер – барлығы түсінікті көрсетілген. Егер халқыңның құндылығын құрметтегің келсе осыны басшылыққа ал, қоғамның мүшесі болуға талаптан, - дейді С.Көлбаев.    

Қоғамның барлық саласын жаңғыртудың ауқымды бағдарламаларын одан әрі жүзеге асыру мәселелері Елбасы кітапханасы семинар-тренингтерінде талқыланатынын, қазақстандық қоғам  дамудың жаңа кезеңіне аяқ басқандығын Сағынтай Бердағұлова атап өтті.

- Осыдан 3-4 жыл бұрын Елбасымыз жариялаған түбегейлі реформалар белсенді түрде жалғасуда, билік сабақтастығы Президент Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына арналған жолдауында ерекше сезілді. Алдағы уақытта өтетін семинарларда мемлекеттің бағдарламалық құжаттарын түсіндірумен қатар, бірнеше жыл бұрын бастау алған жоспарлардың жүзеге асу нәтижелері туралы да айтатын боламыз, - деп қорытындылады  С.Бердағұлова.