Елімізде Жастар жылы басталды. Елбасымыз Қазақстан халқына арналған соңғы Жолдауында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынған болатын. Жолдауда Н.Ә. Назарбаев жастар мен отбасы институтын қолдау шараларының мемлекеттік саясат басымдығына айналу қажеттігін атап өткен болатын.

Мемлекет басшысының бастамаларын кеңінен насихаттауды қолға алған Елбасы кітапханасы осы орайда оқырмандарына «Президент және жастар» фотоальбомын ұсынады.

«Жастарымыз ғылым мен білімге ұмтылып, ел болашағын ойлайтын болса, келешегіміз кемел, тәуелсіздігіміз баянды болады», - дейді Президент. Ерекше басылымға кірген Елбасымыздың қанатты сөздері кейінгі, алдыңғы буынды бірдей рухтандырады. Ал, түрлі жылдардағы суреттер Мемлекет басшысы мен халық арасындағы тығыз байланысты бейнелейді.

Сондай суреттердің қатарында Президент кубогы үшін Халықаралық Әуесқой бокс ассоциациясы өткізген Бірінші халықаралық турнир жеңімпаздарын құттықтау сәті бар.  Суретте Мемлекет басшысының Олимпиада чемпионы Бахтияр Артаев бастаған Қазақстан құрамасына кубок табыстауы бейнеленген.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитетінің 25 жылдығына арнайы ашылған Елбасы кітапханасының «Олимпиадалық қозғалыс» атты көрмесінде еліміздің жеті дүркін чемпионы Бахтияр Артаев мынадай сөздерді ортаға салды:

«Мемлекет басшысы дені сау ұлттың бәсекеге қабілетті болатынын жиі айтады. Осы орайда ел халқының ойы сергек, денсаулығы мықты болуы тиіс. Елбасының есімімен аталған мекемеде спорттық медальдар мен кубоктардың, түрлі жүлделердің көрермен назарына ұсынылуы біз үшін аса маңызды. Олардың арқасында еліміздің түкпір-түкпірінен келген қонақтар мен шетелдік меймандар спорт саласындағы тарихымыз бен жетістіктерімізбен таныса алады».

Естеріңізге сала кетсек, 2018 жылғы 24 мамырда Елбасы кітапханасында «Қазақстандағы Олимпиада қозғалысы» атты тұрақты экспозицияның ашылу салтанаты өткен болатын.

Көрме материалдары келушілерге спорт саласындағы мемлекеттік саясаттың негізі, Мемлекет басшысының әлемдегі олимпиадалық қозғалысты дамыту және қазақстандықтардың салауатты өмір салтын қалыптастырудағы бастамалары туралы баяндайды. Материалдардың басым бөлігі Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитетінің құрылу тарихына, оны Халықаралық Олимпиадалық комитеттің тануына, қазақстандық спортшылардың олимпиада ойындарына қатысуы және жеңістеріне арналады. Келушілер назарына Елбасына Халықаралық Олимпиадалық комитет президенттері тарту еткен сыйлықтар жиынтығы, Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитетінің 25 жылдығына орай берілген сыйлықтар, сондай-ақ спортшылардың жеке заттары ұсынылған.