ПРЕЗИДЕНТТІК ИНСТИТУТ – МЕМЛЕКЕТТІЛІК ТІРЕГІ

1990 жылғы 24 сәуірде Қазақстанда тұңғыш рет президенттік институт құрылып, сол кезде өткен Жоғарғы Кеңес отырысында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақ КСР Президенті болып сайланды. Бұл айтулы оқиғалар Қазақстанның мемлекеттігі мен егемендігінің нығаюында, сондай-ақ еліміздің та­бысты дамуында маңызды рөл атқарған президенттік инсти­тут­тың қалыптасуының бас­тамасы болды.

Басқарудың заманауи жүйесін қалыптастыру, оның содан кейінгі жаңғыртылуы, әлеуметтік және экономикалық дамудың түрлі кезеңінде мемлекет алдында тұрған міндеттер спектрінің өзгерістеріне бейімделуі – Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың зор еңбегінің нәтижесі. Бұл үдерістің өзіндік ерекшелігі – оның Кеңестік сая­си жүйенің өзінде басталып, кейіннен тәуелсіз Қазақстан жағдайында әбден пісіп-жетілуі.   

Тарих көрсеткендей, мемлекеттік билік қызметінің Кеңес Одағында және социалистік жүйе елдерінде қолданылған партиялық-мемлекеттік тетігі жаһандық экономикалық, әлеуметтік және саяси міндеттерді шешуге қабілетсіздігін байқатты әрі қоғамдық даму жолындағы кедергіге айналды.

Сөйтіп 1990 жылдардың басына қарай республика өмірінде Ком­пар­тияның басқарушы рөлінен айырылуы салдарынан билік жүйесінде вакуум пайда болғаны айқындала түсті. Бұрынғы билік институттары мен құры­лымдары, кеңестік әкімшілік-командалық жүйенің сарқыншақтары қоғам құрылымының жаңа түрінің талаптарына сай бола алмады. Жоғары, атқарушы және заң шығарушы биліктің функцияларын бойына жинақтаған, Жоғарғы Кеңес бастап тұрған депутаттар кеңесінің архаикалық жүйесінің толыққанды басшылықты қамтамасыз етуге талпыныстары сәтсіз болып шықты. Әбден тығырыққа тіреліп, барынша тез және тиімді шешуді талап ететін түйткілдердің көптігінен туындаған әлеуметтік ширығыс шегіне жеткенін көрсеткен митингтер, ереуілдер, басқа да жаппай белсенді қарсылық көріністері сол жылдардың шынайы сипатына айналды.

Басқарудың ескі моделінің кемші­ліктері – төрешілдік, біліксіздік, органдар мен лауазымды адамдардың жеке жауапкершілігінің жоқтығы айқын көрініп тұрды. Басқару жүйесінің бұрын­ғы құрылымын өзгерту ғана елге қа­жетті серпін бере алатынын түсінген Нұрсұлтан Назарбаев  билік тармақ­тарын айқын жіктеп, бөлісу қағидатын енгізу ісімен белсене айналысты. Сол күш-жігердің арқасында біртіндеп елде пәрменді президенттік билік, екі палаталы кәсіби парламент және тәуелсіз сот жүйесі түріндегі негізгі саяси институттар қалыптаса бастады.

1990 жылғы 24 сәуірде Қазақ КСР Президенті лауазымының бел­гі­ленуі республикадағы сая­си билік трансформациясының түп бастауы болды. Ол кезге дейін Нұрсұлтан Назарбаев кеңестік Қазақ­станның жоғары партиялық және шаруа­шылық лауазымдарында табыс­ты жұмыс тәжірибесі жеткілікті, мойын­далған көшбасшысына айналған-ды. Республика халқы арасында ол кеңінен танылып, биік беделге ие болған еді, сондықтан оның Қазақ КСР Президенті лауазымына баламасыз тағайындалуы дау тудырған жоқ

Бұл таңдау республиканың басқару­шылық құрылымында қажеттігі объективті себептерден туындаған жаңа мемлекеттік институттың пайда болғанын көрсетіп берді. Ең алдымен айтар нәрсе, әлемдегі саяси үдерістер тәжірибесі қилы кезеңдерде биліктің шоғырлануын арттыру арқылы мемлекет өз рөлін айтарлықтай күшейтетінін аңдатады. Кезектен тыс міндеттерді жедел шешу үшін оның функциялары мен өкілеттіктері кеңейтіледі. Қазақстанға қатысты алғанда әңгіме халықтың тұрмыс деңгейі күрт төмендеуіне, әлеуметтік  бағыттан ауытқуға және басқа да көптеген күрделі түйткілге әкеліп соқтырған жүйе дағдарысын бас­тан өткерген қоғамды тұрақтандырып, нығайта алатын мемлекеттік құры­лымның жаңа формасы жөнінде еді.

Жұмылдырушы фактордан басқа да жайттар өте өзекті болды. Атап айтқанда, нақты егемендікті, стратегиялық жос­парлау ісін жүзеге асыру және көзделіп отырған өзгерістерді жасау, тиімді сыртқы саясат қалыптастыру қажеттігі туындаған еді. Бұдан бөлек, халықтың көпұлтты және көпконфессиялы құрамы, республика аумағының орасан кеңдігі, Семей ядролық полигоны мен Арал төңірегі, тағы басқа да сондай ауқымды экологиялық апат аймақтарының болуы өте маңызды мәселелер саналатын.

Қажетті билік өкілеттіктері бар пре­зи­денттік институт қана басқару­дың қалыптасу үстіндегі жаңа моде­лінің орнықтылығын, саяси және эконо­микалық тұрақтылықты қамтамасыз ете алатын. Экономикалық бейберекеттік, түбегейлі саяси, әлеуметтік, мәдени өзгерістер, құқықтық нигилизм, пайда болып жатқан саяси партиялар институтының әлсіздігі жағдайында транзит кезеңіндегі Қазақстан үшін президенттік басқару формасының таңдалуы бірден-бір дұрыс шешім еді.

Тұтастай алғанда, президенттік институт егемен Қазақстанның бүкіл мемлекеттік басқару құрылымының негізгі тірегіне айналды. Оның қалыптасуы Халық депутаттары кеңестерінің толық билігі қағидатына негізделген Кеңестік республикадан билікті тармақтарға бөлуді қарастыратын президенттік республикаға көшудің жалпы үдерісі аясында өтті.

Аталған қағидат алғаш 1990 жылғы қазанда Нұрсұлтан Назарбаевтың қажыр­лылығының арқасында қабылданған «Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемен­дігі туралы» декларацияда бекітілді. Оның ережелеріне сәйкес сол кездегі Жоғарғы Кеңес – биліктің заң шыға­ру­шы тармағының, Президент – басқа­ру­шылық-атқарушылық тармағының, ал Жоғарғы Сот сот билігінің қызметін атқаратын.

Сайлау жүйесін реформалау да сол кезде басталды. Мәселен, 1991 жылғы 16 қазанда «Қазақ КСР Президентін сайлау туралы» заңның қабылдануы арқасында Мемлекет басшысын жаңаша – бүкіл халықтың дауыс беруі арқылы сайлау тәртібі бекітілді. 1991 жылғы 1 желтоқсанда сайлаушылардың 88,2%-ы қатысқан Қазақстандағы алғаш­қы осындай бүкілхалықтық сайлауда Нұрсұлтан Назарбаев 98,8% дауыспен сайланды. 

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі 1990 жылы 20 қарашада қабылдаған «Мем­лекеттік билік пен Қазақ КСР-інің бас­қару құрылымын жетілдіру, Қазақ КСР Конституциясына (Негізгі заңына) өзге­рістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң аясында Президент бір мезгілде рес­публика басшысы да, биліктің атқа­ру­шы және басқарушы органының да басшысы болды.

Президенттік институтты одан әрі нығайту Қазақстанның егемен мемлекет ретіндегі дамуы жағдайында іс­ке асырылды. Мәселен, Қазақстан Рес­пуб­­ликасы Президентінің мәртебесі алғаш рет конституциялық деңгейде белгі­ленді. Аталған ереже 1991 жыл­ғы 16 жел­тоқ­сандағы «Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­сының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң арқылы бекітілді.

1992-1993 жылдары жергілікті әкім­шіліктер мен ескі жүйедегі кеңестік депутаттардың бір-бірінің қызметін қайталауын, бәсекелестігін жою қа­жет­тігінен туындаған президенттік биліктің қалыптасу үдерісі жүріп жатты. Бұрынғы атқару комитеттері жаңаша құрылды. 1993 жылғы 10 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының жергілікті басқару және атқару органдары туралы заңға сәйкес жергілікті әкімшіліктер басшылары пайда болды. Жергілікті жаңа өкілді органдар – мәслихаттар құрылды.

Алайда президенттік және парла­менттік басқару формасының қайсысы дұрыс екені жөніндегі пікірталас, Жо­ғарғы Кеңестің бірқатар бақылау функция­сын Президентке бергісі келмеуі билік өкілеттіктерін бөлу мәселесінде айтар­лықтай қиындық туындатты. Сөйтіп Парламент пен Президенттің өкілет­тігін нақты айқындау мәселесі айрық­ша маңызға ие болып, кезек күт­тірмес сипат алды.

Мәселен, 1993 жылғы Конституция аясында Қазақстан Республикасының Президенті Мемлекет басшысы ретінде атқарушы биліктің біртұтас жүйесіне басшылық етті. Үкімет Министрлер Кабинеті атынан Президент алдында да, Жоғарғы Кеңес алдында да жауапкершілік арқалады. Өз кезегінде бұл орган өз бетінше Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар қабылдап, енгізу, референдум туралы шешім қабылдау құқығын иеленді, сондай-ақ республика Президентінің  мемлекеттің Премьер-Министрі мен басқа да жоғары лауазымды тұлғаларын тағайындауына келісім беретін болды. Жоғарғы Кеңеске билік өкілеттігінің мұндай шектен тыс шоғырландырылуы билікті бөлу қағидатына қайшы келетін. 1993 жылғы Конституция ережелерінің олқылығы, соның ішінде онда биліктің заң шығарушы және атқарушы тармақтары арасындағы қақтығыстың түйінін шешу тетіктерінің, Қазақстан қоғамын дамыту басымдықтары мен мақсаттарының болмауы саяси тұрақсыздық ахуалын тудырды. Іс жүзінде қос билік көрінісі шынайы жағдайға айналып, сол тұста қолданыстағы президенттік билік вертикалымен қатар Кеңестер құрылымы да сақталып қалды.

Мұндай қайшылықтар мен белгі­­сіз­­діктер 1995 жылғы 30 тамызда бүкіл ел халқының 90,6%-ы қатыс­қан жалпыұлттық референдумда мақұл­данған жаңа Конституцияда түбегейлі жойылды. Референдумға қатысу­шы­лардың 90%-ы жаңа Конституцияға дауыс берді. Оны алдын ала талқылау кең және ашық түрде өтті:  30 мыңдай ескертпе және  ұсыныс түсіп, Негізгі заң мәтініне 1100-ден астам  түзету енгізілді. Жаңа Ата заңға сәйкес Қазақстан халқы – биліктің бірден-бір қайнар көзі, ал қоғамдық келісім, саяси тұрақтылық, экономикалық даму, Қазақстан патриотизмі, мемлекет өмірінің ең маңызды мәселелерін демократиялық жолмен шешу үрдісі мемлекеттіліктің негізгі қағидаттары болып жарияланды.

Аталған құжатқа сәйкес Қазақстан Республикасында басқарудың прези­ден­т­тік формасы орнығып, билік өкілет­тіктерін бөлу тетігінің өзгеруіне жол ашты.

Президенттік институт саяси жүйенің орталық буынына айналып, биліктің өзге тармақтары үстіндегі саяси-құқықтық қондырма қызметіне ие болды. Мұндай жоғары мәртебе олардың өзара тиімді іс-әрекетін қамтамасыз етіп, Мемлекет басшысына жоғарғы арбитр, Конституцияның, адамның және азаматтың құқығы мен бостандығының кепілі болуына мүмкіндік туғызды.

Үкімет атқарушы органдар жүйесіне басшылық етіп, олардың қызметіне жетекшілік жасады және дербес басқару шешімдерін қабылдады. Президенттің Үкіметті жасақтаудағы, оның қызме­тінің стратегиялық бағыттарын айқын­дау­дағы басым артықшылығы да, сондай-ақ Үкіметтің Президент алдын­дағы есептілігі де сақталып қалды. Конс­титуцияда демократиялық жаңғырудың бағдарлары айқындалып, билікті бөлісу қағидаттары бекітілді және шектеулер мен арасалмақтар тетігі нақтыланды.

Бұл Конституция аясында бұрынғы Конституциялық Сотты алмастыратын жаңа мемлекеттік орган – Конститу­циялық Кеңестің мәртебесі бекі­тілді. Қа­зақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев­тың пікірінше, «президенттік басқару формасы жағдайында Конституциялық Кеңес – Конституцияның заңдылығын сақтайтын органның мейлінше оңтай­лы моделі. Ол елде қолданылатын заңна­малық актілердің сапасына кепіл­дік беретін өзіндік бір қосалқы сүзгі қызметін атқаруға тиіс. Бұл ретте ол саяси дау-дамайдан сырт тұрады». Бұдан бөлек, жаңа  Конституция арқылы жергілікті өзін-өзі басқару институты мойындалды, ал бұл жергілікті деңгейде шешім қабылдауға мүмкіндік берді.

Негізгі заң мемлекеттік биліктің әр тармағының қызмет саласын нақ­ты айқындап бергендіктен, оның тиім­ділігін арттыруға септігін тигізді. Жаңа Конституция Қазақстандағы саяси үдерістің тұрақтану кезеңінің айқындалуына, оның әрі қарай сындарлы бағытта дамуына мүмкіндік туғызды. Бұл жайт Президенттің 1997 жылғы «Қазақстан-2030: өркендеу, қауіпсіздік және барша қазақстандықтардың әл-ауқатының жақсаруы» атты жолдауында көрініс тапқан  ұзақмерзімді стратегиялық жоспарлау жұмысын зерделеуге мүмкіндік берді. Бұл стратегиялық құжат Мемлекет басшысының содан кейінгі бірқатар жарлығы ар­қылы тиянақталып, оның әр жылғы жолдаулары негізінде нақтыланды және Үкіметтің бағдарламаларымен қамта­масыз етілді. Қазақстан сол күрделі әлеуметтік-экономикалық трансформация жағдайының өзінде-ақ тек ағымдағы мәселелерді ғана шешумен шектелмей, алдына мақсат қойып, болашақтағы даму басымдықтарын белгілеген посткеңестік кеңістіктегі елдер арасындағы санаулы мемлекеттің біріне айналды.

Жалпы алғанда, пәрменді прези­денттік билік моделінің қалыптасуы арқасында ең басты көздеген мақ­сатқа – елді 1990 жылдардың ауыр дағ­дарысынан алып шығуға және оны жаңғыртудың жүйелі шараларын жүзеге асыруға қол жетті. Мәселен, Жоғарғы Кеңестің қызметі тоқтағаннан кейін 1995 жылғы наурызда Қазақстан Президенті өз мойнына уақытша қосалқы өкілеттіктер жүктеді. Соншалық қиын кезеңде ел тағдыры үшін орасан зор тарихи жауапкершілік алған Нұрсұлтан Назарбаев тығыз мерзім ішінде қажетті заңнамалық базаның қалыптасуына мүмкіндік туғыза отырып, өзінің бар күш-жігерін, басқарушылық тәжірибесі мен білімін реформалар барысын жеделдетуге жұмсады.    

Президенттің өкілеттігін ұзарту мәселесі бойынша 1995 жылғы 29 сәуірде өткен республикалық референдум қорытындысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамалары мен саясатын қоғамның өте жоғары деңгейде қолдап отырғанын көрсетіп берді. Н.Ә.Назарбаевтың өкілеттігін ұзарту үшін 7 932 834 адам немесе референдумға қатысқандардың 95,46%-ы дауыс берді. Қазақстандықтар ауқымды жаңарулар үдерісінде саяси тұрақтылықты сақ­тау­дың маңыздылығын сезіне отырып, жүргізіліп жатқан реформалардың елеулі нәтижелеріне куә болды.

Бұдан кейінгі жылдары Тұңғыш Президенттің саяси бағытына халықтың көрсеткен қолдауы тек нығая берді, ел­дегі президент сайлауының бәрінің нәти­жесі соның жарқын дәлеліне айналды.

Мысалы, 1999 жылғы 10 қаңтарда өт­кен сайлауда Н.Ә.Назарбаевқа 5 846 817 адам немесе сайлауға қатысу­шы­лар­дың 79,78%-ы дауыс берді. 2005 жыл­ғы 4 желтоқсандағы сайлауда Н.Ә.Назарбаевқа өз дауысын 6 147 517 адам не­месе дауыс беруге қатысқан сай­лау­­шы­­лардың 91,15%-ы берді. 8 279 227 адам қатысқан 2011 жылғы 3 сәуір­дегі Пре­зидент сайлауының қоры­тындысы бо­йынша, сайлаушылардың 95,55%-ы Н.Ә.Назарбаевқа дауыс берген. 2015 жылғы 26 сәуірде өткен, Н.Ә.Назарбаев қатысқан кейінгі Пре­зи­дент сай­лауы оның мемлекеттік қыз­метін қо­ғамның қолдауының деңгейі жоғары еке­ні­нің көрнекті үлгісі болды. Сай­лауға қа­тыс­қан 9090920 адамның 97,75%-ы дауысын Н.Ә.Назарбаевқа берді.

Бүкіл халықтың осынша биік дең­гейдегі сеніміне ие бола отырып, Нұрсұлтан Назарбаев транзиттің күрделі мәселелерін демократиялы, сындарлы түрде шешу жолында өзі таңдап алған стра­тегиясын бекем ұстанды. Мұның көрнекті мысалы – 1999 жылғы 10 қаңтар­дағы сайлау нәтижесінде оның прези­денттік өкілеттігі мерзімінің бір жылға,  сондай-ақ 2011 жылғы 3 сәуір­дегі Қазақстан Республикасы Президен­тінің кезектен тыс сайлауы есебінен тағы екі жылға жуық уақытқа қысқартылуы.

Осылайша, дағдарысты еңсеру және басқару жүйесінің қалыптасу кезеңіндегі билік өкілеттіктерінің шоғырландырылуы Қазақстандағы либералдық құндылықтарды бағдар еткен жаңа қоғам қалыптасуының күрделі мәселелерін шешудің қажетті шарты болды. Дамудың прогрессивтік векторын батыл жақтаушы ретінде Нұрсұлтан Назарбаев демократияландыру үдерісін ілгерілетуге бағытталған шараларды біртіндеп, жүйелі түрде іске асырып отырды. Мәселен, Қазақстан халқына арнаған 1998 жылғы үндеуінде ол ел Конституциясына сайлау жүйесін жетілдіруге, адал және әділетті сайлау өткізуге, саяси партиялар рөлін арт­тыруға, Парламент құзыретін кеңейтуге, азаматтық қоғамды дамытуға, баспасөз бостандығын қамтамасыз етуге, тәуел­сіз сот жүйесін қалыптастыруға, үкі­мет  органдарындағы әйелдер санын ұлғай­туға қатысты түзетулер енгізуді ұсынды.

Қабылданған «Қазақстан Респуб­ликасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң елдің саяси институттарының одан әрі қарай дамуына серпін берді. Қа­зақстанның саяси тарихында бірінші рет сайлау жүйесіндегі пропорционалды өкілеттілік қағидаты енгізілді. Мәжіліс депутаттарының саны 77-ге дейін өсіп, олардың арасынан 10 депутат партиялық тізім бойынша сайланатын болды. Конституцияны өзгерту және Үкіметті бақылау мәселелеріне қатысты Парламенттің құзыреті айтарлықтай кеңейтілді. Соттың алқа билердің қатысуымен тағайындалуы тәуелсіз сот жүйесінің маңызды тетігіне айналды. Сонымен қатар, президент қай­тыс болған немесе доғарысқа кеткен жағдайда оның лауазымын уақытша иелене тұру тәртібі жөніндегі ереже бекітіліп, мұның мынадай реттілік бойынша жүзеге асырылуы қарастырылды: Сенат Төрағасы – Мәжіліс Төрағасы – Премьер-Министр. Президент өкілеттігінің мерзімі жеті жылға дейін, Сенат депутатының мерзімі алты, ал Мәжіліс депутатының мерзімі бес жылға дейін ұлғайтылды. 

Мемлекеттіліктің қалыпта­суы­ның мейлінше жауапты кезең­інде Нұрсұлтан Назарбаевтың басшы­лы­ғымен қол жеткізілген, елде жүзеге асырылған реформалардың оң нәти­же­лері қоғамда кеңінен қолдау табуының арқасында 2000 жылғы 20 шілдеде ел Парламентінің «Қазақ­стан Республикасының Тұңғыш Пре­­зи­денті туралы» Қазақстан Республикасының Консти­туция­­лық заңын қабылдауына алғышарт жасалды. Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыт­тары­ның сабақтастығын, елдегі бұдан арғы әлеуметтік-экономикалық, демокра­тиялық өзгерістерді қамтамасыз ету мақ­сатымен депутаттар Тұңғыш Прези­денттің тәуелсіз жаңа мемлекеттің негізін салушы, Қазақстан халқының бірлігін, Конституцияның, адам және азаматтың құқығы мен бостандығының қорғалуын қамтамасыз еткен Елбасы ретіндегі саяси-құқықтық орнын айқындады. Тұңғыш Президентке оның бірегей тарихи миссиясына сай Қазақстан халқына және мемлекеттік органдарға міндетті түрде қаралуға тиісті мәселелер бо­йынша бастамашылықпен үндеу арнау, Парламент алдында, Үкімет отырыс­тарында сөз сөйлеу, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қауіпсіздік кеңесін басқару, Конституциялық кеңестің құрамына кіру құқығы өмір бойына бекітіліп берілді.  

Әлеуметтік-экономикалық дамудың 2000-жылдар басында оң қарқын алуы қоғам тарапынан жаңа сұраныстарды және елдің саяси жүйесіне деген талапты жандандыруға әсерін тигізді.

Дамудың қарқынды үдерістерін жете сезінген Нұрсұлтан Назарбаев 2002 жылы қоғамды болашақта либералдандыру және саяси реформаларды ілгерілету туралы жалпыұлттық диалогқа бастамашылық етті. Бірнеше жыл бойы бұл диалог кең ауқымдағы қоғамдық-саяси күштердің, азаматтық қоғам өкілдерінің, белгілі саяси қайрат­керлер мен сарапшылардың, сондай-ақ мемлекеттік құрылымдар өкілдерінің қатысуымен республикалық деңгейдегі комиссия  форматында өтті. Осы жұмыс­тың нәтижесінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев Негізгі Заңға тиісті өзгерістер топтамасын енгізді. Ел Пар­ламенті 2007 жылғы 21 мамырда Мемлекет басшысы бастамашылық еткен «Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қабылдады. Либералды саяси жаңарулар үдерісімен үйлесім тапқан бұл конституциялық  реформа арқылы президенттік-парламенттік басқару формасына бағытталған қозғалыс векторы айқындалды. Өзгерістерге сәйкес, билік өкілеттіктерін қайта бөлу және Парламенттің рөлін арттыру жайы қарастырылды. Мәжілістің Үкіметке де, әрбір министрге де сенімсіздік таныту үдерісі жеңілдетілді. Парламент Конституциялық кеңестің, Орталық сайлау комиссиясының және Есеп комитетінің үштен екісін құрау құқығын иеленді. Премьер-министрді төменгі Палата депутаттарының көпшілігінің келісімімен Президент тағайындайтын болды. Сондай-ақ пропорционалды сайлау жүйесіне көшу конституциялық реформа арқылы белгіленді. Сенат пен Мәжіліс депутаттарының саны 154 адамға дейін көбейді. Негізін мәслихаттар құрайтын жергілікті өзін өзі басқару жүйесі дамыды. Атап айтқанда, жергілікті өкілді органдар депутаттары өкілеттігінің мерзімі бес жылға дейін ұлғайтылды. Мәслихаттың әкімге сенімсіздік таныту рәсімі жеңілдетілді.

Сот жүйесі жетілдірілді, судья лауазымына ұсынылатын кандидаттар­ды іріктеу  функциясы Жоғары Сот Кеңе­­сінің қарауына берілді. Қазақ­стан халқы Ассамблеясына конститу­циялық мәртебе беру және оның ел Парла­ментіндегі өкілет­тілігін қамтамасыз ету арқылы бұл органды нығайту шарала­ры қарас­тырылды. Президенттің лауазым­дық өкі­леттігінің мерзімі бұрынғы жеті жылдың орнына бес жыл болып белгіленді.

Бұдан бөлек, мемлекет пен қоғам институттарын демократияландыруға бағытталған нақты іс-әрекеттер қарас­тырылды. 2007 жылғы реформа Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың мемлекет негіздерін алдағы уақытта ортақ ұмтылыс нәтижесі арқылы нығайтуға деген саяси реализмі мен стратегиялық ұстанымының айқын көрсеткішіне айналды. 

2001-2006 жылдары елде мемлекеттік билікті орталықсыздандыру және мемлекеттік биліктің кейбір функцияларын жергілікті жерлерге беру шаралары бір мезгілде жүзеге асырылды. Сайлау туралы заңнамаға елеулі өзгерістер енгізілді, төменгі деңгейдегі әкімдерді сайлау эксперименттері жүргізілді. Оған қоса барлық әкімдердің халық алдында есеп беру тәжірибесі енгізілді, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында мемлекеттік органдар қызметіне тарту шаралары қабылданды.

Нұрсұлтан Назарбаев 2007 жылғы  28 ақпанда Қазақстан халқына арнаған «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Жолдауында саяси транзиттің еліміздегі моделін қалыптастыру қажеттігін айтты. Оның ерекшеліктері, Мемлекет басшысының пікірінше, мыналар: президенттік басқару формасын сақтау, реформалардың кезең-кезеңмен жүргізілуі, қабылданатын шешімдердің теңгерімділігі, негізгі саяси күштердің бірігуі.

Қазақстандағы саяси реформалар барысы көрсеткендей, президенттік институт жаңарулардың бастамашысы және іске асырушысы ретінде бұл үдерісте маңызды рөл атқарды. Қолданыстағы Конституцияның 15 жылдығына арналған «Конституция – мемлекеттің демократиялық дамуының негізі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев былай деді: «Қазақстанда халықтың абсолютті қолдауымен пәрменді президенттік билік орнықты. Мемлекеттіліктің қалыптасуы, әлеуметтік, экономикалық және саяси жаңғыру  жағдайында жоғары биліктің әлсіз болуға хақы жоқ. Посткеңестік кеңістіктегі көптеген елдердің мемлекет құрудағы сәтсіз тәжірибелері соны көрсетті. Қазақстанда конституциялық дамудың 15 жылы ішінде бірде-бір саяси дағдарыс болған емес. Барлық мәселе біртұтас мемлекеттік билік тармақтарының өзара әрекеттестігі туралы конституциялық ережелер негізінде шешіліп отырды».

Одан кейінгі жылдары да Қазақстан қоғамын реформалау үдерісі  өзінің үдемелі түрде дамуын жалғастырды. Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылғы нау­рызда мемлекеттік аппаратты жаң­ғыртуға, заңның үстемдігін қамта­масыз етуге, экономиканы индустриялан­дыру мен әртараптандыруға, қазақ­стандық бірегейлікті нығайтуға және транс­парентті әрі есепті мемлекет қалып­тастыруға бағытталған Инсти­туционалдық бес реформа бағдар­ламасын жария етті. Аталған мақсат­тарға қол жеткізу арқылы кезең-кезе­ңімен жүзеге асырылатын, Прези­денттен билік өкілеттіктерін Пар­ламент пен Үкіметке бөліп беру қарас­тырылатын келесі конституциялық ре­формаға жол ашылатын еді. 2017 жылғы 11 қаңтарда өкілеттіктерді би­лік тармақтары арасында қайта бөлу мәсе­лелері жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Конституциялық түзетулер жобасын талқылау жалпыхалықтық сипат алып, оған екі миллиондай адам атсалысты. Конституция баптарының үштен екісіне қатысты алты мың ұсыныс түсті.

Осылайша, 2017 жылғы 6 наурызда Парламент қабылдап, ал одан кейін 2017 жылғы 10 наурызда Президент Н.Ә.Назарбаев қол қойған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң бойынша Конституцияның 25 бабына түзету енгізілді. Қазақстан терең саяси жаңғыру кезеңіне қадам басты. Конституциялық реформа мемлекет істеріндегі және Үкіметті жасақ­тау­дағы Парламенттің рөлін айтар­лықтай күшейтті. Үкіметке экономиканы басқару өкілеттіктері берілді, сол ар­қылы ол өз дербестігінің едәуір ауқымды дәрежесіне ие болды. Құқық қорғау саласы мен сот жүйесінің консти­ту­циялық негізі жаңғыртылды. Консти­туциялық бақылау жүйесі нығайтылды. Президенттің құзырынан заңдарды, заң күші бар жарлықтарды шығару өкілеттіктері алынып тасталып, Үкімет пен Премьер-министрдің актілерін кері қайтару және тоқтата тұру құқығы жойылды. Бұдан бөлек, Парламент құзыретінің кеңейтілуі саяси партиялар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашты.

Жаңа өзгерістер саяси жүйеге ауқымды демократиялылық сипат дарытып, теңгерімділікті күшейтті, пәрменді президенттік билік сақталған жағдайдағы мемлекеттік биліктің икемділігі мен тиімділігін арттырды. Осылайша, 2017 жылғы қаңтар – нау­рызда саяси жаңғырудың қазақстандық моделі жүзеге асырылды, сөйтіп елдің одан әрі қарай дамуы үшін қажетті жағдай жасалды. 

Жалпы алғанда, Қазақстанда жаңа саяси жүйенің қалыптасуы мен дамуының үдерісі, оның жаңғыр­тылуы, жаңарулар үдерісіндегі нақты жағдайға және уақыт талабына бейімделуі Нұрсұлтан Назарбаев­тың бастамасымен әрі оның тіке­лей қатысуы арқылы жүзеге асты. Құрыл­ған президенттік институт сая­си тұрақ­тылықтың жүйе қа­лып­тас­тырушы факторына, мемле­кеттіліктің өзекті тірегіне, сондай-ақ елдегі жүйелі реформалардың негізгі драй­веріне айналды. Әкімшілік-мемле­кеттік басқарудың айқын мемлекеттік билік вертикалы бар, сондай-ақ жауапты да жинақы үкіметті, кәсіби  парла­ментті, тәуелсіз сотты, өңірлердегі өзін өзі басқарудың атқарушы құры­лым­дарын қамтитын оңтайлы моделі қалыптастырылды. Осының барлығы биліктің біртұтас әрі жүйелі мемлекеттік тетігін құрады. 

Мұндай модель билік тармақ­тары­ның сындарлы өзара әрекеттестігіне мүмкін­дік тудырып, бірқатар посткеңестік мемлекетте орын алған саяси дағдарыстан аман өтуге, нарықтық экономика мен демократиялану үдерісінің ілгерілуі жолында Қазақстанның біртіндеп, жүйелі түрде дамуын қамтамасыз етуге септігін тигізді.

2019 жылғы 19 наурызда прези­дент­тік өкілеттігін тоқтату жөнінде шешім қабылдаған Нұрсұлтан Назарбаев елдегі жоғары билік транзитін қамта­мас­ыз етуге қажетті жағдай жасады. Консти­туцияға толық сәйкес жүзеге асырыл­ған осы қадамы арқылы ол тағы да Қа­зақ­станның демократиялық даму  векто­рының берік жақтаушысы екенін дәлелдеді. 

Негізгі Заңға сәйкес, Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Мемлекет билігін қолға алды. 2019 жылғы маусымда өткен демократиялық сайлау­да Қазақстан халқы Нұрсұлтан Назарбаевтың жақын серіктесі, тәжі­рибелі мемлекет қайраткері, халық­аралық қоғамдастыққа кеңінен таны­мал әрі беделді Қасым-Жомарт  Тоқаевты ел Прези­денті етіп сайлады.

Жаңадан сайланған Президент өзін Елбасының Қазақстанды одан әрі жаңғыртудағы стратегиялық бағ­дарын жүйелі түрде жалғас­тыру­шы ретінде көрсете білді. Мән-маз­мұнға және сонымен бірге ілкімді істерге толы бір жылдың ішінде Мем­лекет басшысы елді дамудың жаңа белесіне бастайтын саяси, әлеуметтік-эконо­микалық жаңаруларды ілгерілету бағытында ауқымды жұмыс жүргізді.

Ел Президенті ұстамдылық, ба­йып­тылық, табандылық таныта оты­рып, Қазақстанды ілгерілеу және өсіп-өркендеу жолымен батыл алға бастап келеді.

 

Махмұт Қасымбеков,

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кеңсесінің басшысы

 

"EGEMEN QAZAQSTAN" республикалық газеті, №79 (29808) 24 СӘУІР, ЖҰМА 2020 ЖЫЛ