Ә.РАХЫМЖАНОВ: «ЕЛБАСЫНЫҢ ӨМІР ЖОЛЫ ЖАСТАР ҮШІН - ОТАНЫНА ҚЫЗМЕТ ЕТУ МЕН АДАЛДЫҚТЫҢ ҮЛГІСІ»

Бүгін Алматыда Қазақ Ұлттық аграрлық университетінде  (ҚазҰАУ) Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдардың докторы, профессор Әмірхан Рахымжановтың университеттің профессор-оқытушылар құрамы, докторанттар, магистранттар және студенттеріне арналған панелдік дәрісі өтті. Іс-шара 23 мамыр күні, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бастау алған Елбасы кітапханасының «Елбасы. Жастар. Жасампаздық» жылжымалы ақпарттық-имидждік жобасы аясында ұйымдастырылды. 

Өз сөзінде Әмірхан Рахымжанов ҚазҰАУ-інің инновациялық типтегі Қазақстан, Орта және Орталық Азия аграрлық сектор саласының көшбасшы оқу орны ретіндегі жетістіктерін алға тартып, ел болашағы студент жастарға, оның білім әлеуеті мен рухани дамуына тығыз байланысты екенін атап өтті.

«Сіздер жаңа кезеңде кемелденген «тәуелсіз ұрпақ» өкілісіздер. Білімді, мақсаты айқын, табысты жастарсыздар. Сіздер елімізбен қатар өсіп, жетілдіңіздер, Сіздердің көз алдарыңызда тәуелсіз Қазақстанның тарихы жазылды. Меніңше, тәуелсіз Қазақстанның басты жетістіктерінің бірі – Сіздерге берілген таңдау еркіндігі деп білем. Сіздер үшін өздеріңізді дамытуға барлық мүмкіндіктер жасалған. Сіздерден талап етілері – тек қана ниет, күш және қабілет», - деп атап өтті Ә.Рахымжанов.

Өз кезегінде Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Тілектес Есполов  Елбасы кітапханасына бүгінгі кездесу үшін ризашылығын білдіріп, оқу орны базасында Н.Назарбаев білім және ғылым орталығы ашылғанын мәлімдеді.

«Орталық төрт залдан тұрады: «Менің Президентім», «Елбасы Кітапханасы», «Таза планета» және «Достық» студенттік ассамблеясы». Қазіргі уақытта Университет кітапханасының қорында Елбасы еңбектерінің 1,5 мыңнан астам данасы бар. Бұл кітаптарды бізге Елбасы кітапханасы сыйға тартты. Аталған тарту бізге және студенттерімізге құнды білімге қол жеткізуде баға жетпес байлық», - деп атап өтті Т.Есполов.

Сондай-ақ, тарих ғылымдарының докторы, ҚазҰАУ профессоры Ханкелді Әбжанов та сөз алды:

«Біздің Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев – кең пейілді, мәдениет пен тарихқа бай біздің халқымыздың нышаны іспетті. Ол игі істері және жаһандық бастамаларымен Қазақстанды бар әлемге танытып, даңқын асырды. Мен, жастарымыздың ұлтымыздың рухани байлығы мен ұлы мұраларын сақтай отырып, болашақта Елбасының сара жолын абыроймен жалғастырарына сенемін».

Осы күні Әмірхан Рахымжанов студенттермен жеке кездесу өткізді. Ол Елбасы кітапханасының қызметі, оның жобалары, қор қазынасы саналатын бірегей жәдігерлер туралы жан-жақты айтып, таныстырды. Бұдан басқа, жастардың сұрақтарына да жауап беріп, өзінің кәсіби қалыптасу тәжірибесімен бөлісті.

Кездесуден алған әсерімен ҚазҰАУ-інің 2 курс студенті Гүлназ Шәріпова былай деп бөлісті: «Бір рет ұйықтап қалсаң – бар әлемнен қалыс қаласың». Дәріскердің осы сөздері жадымда жатталып қалды. Расында, қазір бәрі де қарыштап өзгеруде, жастар өзекті, жаңа дүниелердің бәрінен хабардар болуы тиіс. Біз қоғамдағы түрлі мәселелердің шешілуіне білек түре белсене ат салысуымыз қажет. Осындай кездесулер ерекше шабыттандырады».

«Елбасы. Жастар. Жасампаздық» атты жылжымалы ақпараттық-имидждік жоба Жастар жылына арналған және Елбасының жасампаз, шығармашыл идеялары мен бастамаларын дәріптеуге, қалың жұртшылыққа  бірегей қорды көрсетуге және насихаттауға, экскурсияларды ұйымдастырудың әдістерін дамытуға, сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың өмірі мен қызметін таныстыруға бағытталған.