РАУАН КЕНЖЕХАНҰЛЫ: «АДАМНЫҢ ҚОЛЫНАН КЕЛМЕЙТІНІ ЖОҚ»

6 қарашада Елбасы кітапханасының «Болашаққа жол өзіңнен басталады» семинары аясында Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті, Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті, SILKWAY халықаралық университетінің студенттері «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры және «Bilim Media Group» компаниясының бас директоры Рауан Кенжеханұлымен кездесті.

Кездесу алдында Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова еліміздің әр өңірінен келген студенттерді қадірлі қонақпен таныстырып, жас та болса қысқа мерзім ішінде «Хабар» арнасының экономикалық шолушысы, арнаның Ресейдегі меншікті тілшісі, «Қазақстан» РТРК АҚ-ның Маңғыстау облыстық филиалының басшысы, Ұлттық пікірсайыс орталығының үйлестірушісі және «Азамат» жастар интеллектуалдық клубының негізін қалаушы, Маңғыстау облысы әкімінің кеңесшісі, Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің бірінші хатшысы, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары қызметтерін абыроймен атқарып, АҚШ-тағы Гарвард университеті «Weatherhead» халықаралық қатынастар орталығының «Fellows» бағдарламасынан өткен Рауан Кенжеханұлына сөз кезегін берді.

Елдегі, әлемдегі жаңалықтармен бөліскен спикер бірден қатысушыларды баурап алды.  Ол  жас буын өкілдеріне тіл меңгерудің ерекшелігін, шетелде білім алудың маңыздылығын, жастарға қажетті мамандықтар мен кәсіппен айналысудың қыр-сырын тарқатып айтып берді.

«Сәттілік дегеніміз – мүмкіндік пен дайындықтың тоғысуы. Күн сайын адамның алдынан бір мүмкіндік беріледі. Бір идея естисіз, болмаса бейтаныс бір адаммен танысасыз, жаңа іс бастайсыз. Мұның бәрі мүмкіндік, ал осыны қабылдау үшін адамға ішкі дайындық керек. «Егер миллиардер  болғың келсе, онда миллиард адамға көмектесудің амалын тап» деген бір кәсіпкердің сөзі бар. Ең алдымен адамдарға не керек, не тапшы  соны анықтау – кәсіпкерлердің міндеті. Халықты керегімен қамтамасыз ету үшін инженер болу міндетті емес. Ол үшін тек қана «Мүмкін емес, қолымнан ештеңе келмейді» деген ойды ысырып тастап, тек алға жылжу керек. Адамның қолынан келмейтіні жоқ. Бүкіл адамзатты алға сүйрейтін, өмірді үйрететін адамдар – кәсіпкерлер. Бізді қоршаған дүниелердің барлығы – кәсіпкерлердің қиялы мен күнделікті мүмкіндіктерінің нәтижесі. Олар дүниені өзгертуге талпынған, қиындықтан қорықпаған, армандай білген жандар.  Кәсіпкерлер кішкентай ғана нәрсені сәл өзгертіп, түсін, пішінін ыңғайлы жағынан ұсыну арқылы прогресс, даму деп атайтын нәрсенің бәрін жасап отыр».

  

Кездесу барысында білімгерлер тарапынан туындаған сауалдарға нақты жауап берген Рауан Кенжеханұлы өзі басшылық ететін  «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының жұмысы мен «100 жаңа оқулық» жобасына тоқталды.

– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында алты үлкен жоба аталды. Сол жобалардың бірі – «Жаңа гуманитарлық білім: қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық». Жаңа оқулықтар арқылы біз қазақ аудиторияларындағы талқының мазмұны мен деңгейін көтереміз. Сол арқылы жалпы гуманитарлық білімнің мазмұны мен сапасы мүлде жаңа деңгейге шығуы тиіс. Өйткені әлемдік гуманитарлық ғылым қазақ тіліне мұндай көлемде ешқашан аударылған емес. Қазақы интеллектуалды, гуманитарлық ғылыми орта, оқытушылар мен студенттер бұл жобаға өздерінің күнделікті өміріне, ертеңіне тікелей қатысы бар мүмкіндік деп қарауы керек. ХХ ғасырдың басында Алаш қайраткерлері аудармамен көптеп айналысты. Бірақ ол кезде бүгінгі тәуелсіз Қазақстандағыдай мүмкіндік болған жоқ. Қазір мүлдем басқа уақыт, басқа мүмкіндік. Біз осы мүмкіндікті жіберіп алмауымыз керек. Мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалуда, - деді Р.Кенжеханұлы.

Бүгінде үш жүзден аса адам жұмыс істейтін Ұлттық аударма бюросында  әр оқулықтың мазмұнының негізінде видео лекциялар жасалып, Қазақстанның ашық университеті деген жобаны іске қосуда. Жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған қазақ және орыс тілдеріндегі видео лекциялар курсы интернет арқылы еркін қолданысқа беріледі.