Бүгін Елбасы кітапханасында «Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол» семинар-тренингінің жылдық жұмысы қорытындыланды.

Дәстүрлі шараны Д.Серікбаев атындағы Шығыс-Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті және М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттері аяқтады.

Елбасы кітапханасында жүргізілетін Н.Ә. Назарбаевтың тұжырымдамалық идеялары мен жаһандық бастамаларын зерттеуге бағытталған семинар-тренинг 2015 жылы бастау алған. 2015-2016 жылдары тыңдаушыларға Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру бойынша бес институционалдық реформалар қарастырылса, 2017 жылы «Қазақстан жолы: Мәңгілік Ел» тақырыбы бойынша семинарлар өткізілді. Семинар-тренингтің бағдарламасында дәріс, тренинг, пікірталас пен тәжірибелік сабақтардан басқа Елбасы кітапханасы мен Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне экскурсия жүргізіліп, елордамыздың мәдени көрікті жерлерін аралау, белгілі адамдармен кездесу қарастырылған.

Елбасы кітапханасының жетекші ғылыми қызметкерлері дайындаған «Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол» оқу бағдарламасында  «Бәсекеге қабілеттілік – XXI ғ. ұлт жаңғыруы», «Қазақстанның тарихи жолы мен эволюциялық дамуы», «Ұлттық бірегейлікті сақтау», «Ашық сана – болашаққа жол» дәрістері қамтылған.  

–Еліміздің екі өңірінен  келген сіздер бүгін семинар-тренингіміздің жылдық кестесін қорытындылап отырсыздар. Биылғы жыл еліміз үшін ерекше жыл болды. Жұрт болып елордамыздың мерейтойын атап өттік. Сіздер бас қаламызда орналасқан Елбасы кітапханасында жыл басынан бері жүргізіліп келе жатқан «Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол» семинар-тренингіне қатысып, ой-өрістеріңізді кеңейттіңіздер деп ойлаймын. Ел жастары білімді де білікті болуы керек. Сіздерге алдағы уақытта Отанымыздың одан әрі дамуына өз үлестеріңізді қосасыздар деп сенім артамын, - деді марапаттау рәсімінде  Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова.

Қазақстанның қос беделді оқу орнынан келген студенттер семинар барысында  «Астана» Халықаралық Қаржы Орталығы Әкімшілігі» АҚ-ның басқарушы директоры, басқарма мүшесі, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Ернұр Рысмағамбетовпен кездесті.

–«Рухани жаңғыру» бағдарламасының  негізгі мазмұнын бұрыннан білсем де, бүгінгі семинар-тренингтен  бұл бағдарламаның – жас ұрпақтың қозғаушы күші екенін терең түсіндім.  Бәсекеге қабілетті лидер болу үшін өз идеяларымды жүзеге асыру керектігін ұқтым. Болашақта оқуымды ойдағыдай аяқтап, еліміздің ауыл шараушылығы саласын өркендетуге өз үлесімді қосамын,-деп ой бөлісті М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ауыл шаруашылығы факультетінің  3 курс студенті Әділет Зұлпыхаров.

Қазақстанның түкпір-түкпірінен келіп қатысқан «Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол» семинар-тренингін жыл басынан бері 1578 адам тыңдаған. Сандарды сөйлететін болсақ,  олардың 584-і жоғары оқу орнының студенттері, 183 – колледж студенттері, 35 – колледж оқытушылары, 413 – мектеп оқушылары, 308 адам – ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының тыңдаушылары, 47 – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы ҰҚУ тыңдаушылары және 8 – ерікті жастар.