«РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ: МӘҢГІЛІК ЕЛ АЛЫПТАРЫ» ЖОБАСЫ. ІЛИЯС ЕСЕНБЕРЛИН

Биыл қазақтың талантты жазушысы Ілияс Есенберлиннің туылғанына 104 жыл. 19 роман мен «Көшпенділер» және «Алтын орда» қос трилогияларымен көпке әйгілі.

«Қаһар», «Алмас қылыш», «Жанталас» романдарынан тұратын «Көшпенділер» трилогиясы XV ғасырдан ХІХ ғасырдың ортасына дейін қазақ даласында өрбіген оқиғалардан сыр шертеді. Бұл туындыда жазушы қазақ халқының құрылу тарихын, Қазақ хандығының Жоңғар хандығымен арпалысын, Қытай, Хиуа, Бұхара, Ресей империясы секілді көршілерімен аумалы-төкпелі қарым-қатынастарын сипаттайды. 1976 жылы жарық көрген трилогия орыс тілінің өзінде 12 рет басылып, 1,5 миллион тиражбен тарады. Жалпы «Көшпенділер» трилогиясы әлемнің 30 тілінде жарық көріп, 50 рет қайта басылды. 2005 жылғы есеп бойынша, дүние жүзіне таралған жалпы тиражы 3 миллион дана. Ақпарат көздерінде «Ілияс Есенберлин жапон тіліне аударылған жалғыз қазақ жазушысы» деген деректер бар. Елбасының идеясымен және тікелей қолдауымен 2005 жылы «Көшпенділер» трилогиясының негізінде «Көшпенділер» атты тарихи көркем фильмі түсірілсе, ал 2017 жылы жазушының «Алмас қылыш» романы негізінде Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Алмас қылыш» фильмі көрермендерге жол тартты. 

 

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев: «Ілияс Есенберлиннің шығармашылығында атақты «Көшпенділер» трилогиясы негізгі орын алады, ол эпикалық құлаш-қарымымен, оқиғалардың серпінділігімен, қазақ тарихының жанды әрі қайталанбас тұлғаларының бейнесімен, тілінің шынайылығымен және айқындылығымен ерекшеленеді», - деп, қазақтың арғы тарихын алғаш рет жүйелі түрде көрсеткен тарихи туындыға жоғары бағасын берген болатын. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы басылымның «The Nomads» атты ағылшын тілді нұсқасына алғысөз жазған.

Бүгінде Елбасының Жеке кітапханасында трилогияның тартулық басылымы сақтаулы тұр. Арнайы жасалған сандық «Көшпенділер», «Кочевники», «The Nomads» атты үш тілде жазылған 9 кітаптан тұрады.

Ілияс Есенберлин (1915-1983) Ақмола облысының Атбасар уезінде, ағаш шеберінің отбасында дүниеге келген. Жазушының балалық шағы аштық жалмаған зұлмат заманға тап келіп, 5 жасында тұл жетім қалды. Бала Ілияс балалар үйінде тәрбиеленеді. Шығармашылыққа бір табан жақын өскен ол қабырға газетіне өлең жазып тұрды.

Мектепті бітіргеннен кейін Қарсақпайдағы аудандық атқару комитетінде жұмыс істеп жүріп, Алматыдағы Қазақ тау-кен институтына түседі. Талантты да талапты бала тез көзге түсіп, 1937 жылы Қазақстан КСР-ның бірінші Конституциясын қабылдаған Қазақстан Советтерінің алғашқы Төтенше съезіне делегат болып сайланды.

1940 жылы институтты бітіріп, Жезқазғанға жұмысқа жіберіледі. Сол жылы күзде Қызыл әскер қатарына шақырылады. Ұлы Отан соғысы жылдары жазушы «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Ленинградты қорғағаны үшін» медальдарымен марапатталады. 1942 жылы шайқаста аяғынан ауыр жараланып, 1943 жылы мүгедек болып елге оралады. 1947 жылға дейін Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінде нұсқаушысы болып істейді.

«Сталиндік зұлматтың» кесірі Ілияс Есенберлинге де тиді. Соғыс аяқталарда, 1937 жылы атылып кеткен әділет халық комиссары Хамза Жүсіпбековтың қызына үйленіп, қайныенесін АЛЖИР-ден алдырғаны үшін НКВД-ның назарына ілігіп, 1949 жылы 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын Қарақұм каналы құрылысында жарылыс жұмыстары жөнінен тау инженері болып бес жыл жұмыс істеп өтеді.

І.Есенберлин айдаудан келген соң Қазақ КСР-ның Геология министрлігінде, кейін Бершүгір шахта басқармасының (Ақтөбе облысы) бастығы болып қызмет атқарады.

1955 жылдан Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасының редакторы, «Қазақфильм» киностудиясында сценарий редколлегиясының мүшесі, «Жазушы» баспасының директоры, Қазақстан жазушылар одағының екінші хатшысы болып қызмет етеді.

Оның қаламынан «Адамгершілік туралы жыр» өлеңдер жинағы (1949), «Толқиды Есіл» (1965) повесі, «Айқас» (1966), «Қатерлі өткел» (1967), «Ғашықтар» (1968), «Алтын құс» (1972) романдары тамады. «Қаһар» (1969), «Алмас қылыш» (1971), «Жанталас» (1973) сынды туындылар романдары қазақ әдебиетіне косылған елеулі үлес болды. Олардың ағылшын тілді нұсқасы 1998 жылы жарық көрді.

Ал, І.Есенберлин 1975 жылдан бастап толық шығармашылық жұмысқа көшіп, оның нәтижесі 15 роман болды. Өмірінің соңында ұлы жазушы «Алтын Орда» трилогиясын жазды (1982-83 жылдары). 

Халықтың тарихи санасын оятқан қазақ әдебиетінің классигі 1983 жылғы 5 қазанда жүректің жарылуынан қайтыс болды. Сол күні баласы оған жаңа ғана жарық көрген ұлы жазушының бес томдығын қолына тапсырған екен.

І.Есенберлиннің үш қызы және бір ұлы бар.

Ұлы тұлға өзінің бір өлеңінде тарихты не үшін ашқанын, не айтпақ болғанын, ең бастысы өскелең ұрпаққа деген өсиетін мынадай жолдармен сипаттайды:

«Мен – дағы жаздым халық ұлы ісін,

Барынша ашып тарихтың уысын.

Тілегім саған айтар, жас ұрпағым,

Тайсалма әділеттің туы үшін...».