«РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ: МӘҢГІЛІК ЕЛ АЛЫПТАРЫ» ЖОБАСЫ. ҚОШКЕ КЕМЕҢГЕРҰЛЫ

Белгілі алаш қайраткері Қошке (шын аты - Қошмұхамбет) Кемеңгерұлы – көрнекті ғалым, ағартушы, жазушы-драматург. Қазақ халқының рухани дамуына елеулі үлесін қосқан бұл тұлға педагогика, журналистика, тарих, әдебиет, тіл салалары бойынша қомақты мұра қалдырды.

Қошке Кемеңгерұлы 1896 жылы 15 шілде Ақмола облысы Омбы уезі Қаржас ауылында дүниеге келді. Ата-бабалары Баянауыл жерінен шыққан. Алғаш Белгібай молдадан сауат ашқан соң, Омбыда орыс бастауыш мектебінде, ветеринарлық-фельдшерлік мектепте оқиды. 1913 жылы Омбы ауылшаруашылық училищесіне түседі.

Мұнда ол Смағұл Садуақасұлы, Ахмет Əбдірахымұлы, Смағұл Қазыбекұлы, Мұхтар Саматұлы, Сүлембек Бижанұлы, Бірмұхамед Айбасұлы, Асфандияр Шорманұлы сынды кейін елге танымал болған жастармен қатар оқиды. Қошке бастаған Омбы шаһарындағы шəкірттер Алаш жастарының бір жерге ұйысып, топтасуына мұрындық болады.

Қ.Кемеңгерұлы Омбыдағы қазақ жастарының тұңғыш қоғамдық-саяси ұйымы «Бірлікке» (1914–1918) мүше болып кіреді. Бұл ұйым қазақ халқының мəдениетін, өнерін, əдебиетін көтеру арқылы жастардың ұлттық санасы мен сезімін оятуды мақсат етіп қойды. Осы мақсатта ел əдебиеті үлгілерін жинап, оларды басып шығаруды, ауыл мектептерін оқулықтармен қамтамасыз етуді, қаражатқа мұқтаж оқушыларға көмек ұйымдастыруды қолға алады. 1917 жылы 1–4 қазанда кеңейтілген жиналыс өткізіп, халық арасында Алаштың оның бағдарламасын насихаттауды өз мойнына алады.

«Бірлік» жастар ұйымы «Балапан» атты қолжазба əдеби журнал жариялап тұрды. Оның тұңғыш редакторы Қошке Кемеңгерұлы. Осы басылымда Мағжан Жұмабаевтың «Балапан қанат қақты» атты аллегориялық əңгімесі басылады. Журнал Алашқа тыныс болған жас толқынның қалам тəжірибесін шыңдаған мектеп болып тарихқа енді.

Қошке Кемеңгерұлының халыққа тез танылуына себепші - «Айқап», «Қазақ» газеттеріне шыққан жарияланымдары мен «Бірлік» пен «Балапандағы» қызметі.

1917 жылы ақпан төңкерісінен кейін Қ.Кемеңгерұлы сергелдеңге түскен халық пен оқығандардың ішінде жүрді. Осы жылы сəуірде ол Ақмола облыстық  қазақ комитеті атынан (Омбыдан) Ақмола қаласына келіп, уездік қазақ комитетін ашады. Оның төрағасы болып Сəкен Сейфуллин тағайындалады. Қазақ комитетін құрушылар Ақмола шаһарында медреседе, қала басқармасы үйінде жиналып, заман қиындығынан халықты аман сақтап қалу жолы туралы ақылдасады.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Тарих толқынында» атты кітабында Алаш Орда қайраткерлерінің еңбегін: «ХХ ғасырдың басындағы ұлттың зиялылары қазақтың ұлттық идеясын құрастыру міндетін өз мойнына алып, ұлттық бірігу идеясын ұсынды. Бүгінгі таңда біздің отандық тарихымыздағы ұлттық саяси ұйымдардың құрылу құбылысы толығымен ұғынып қабылданған жоқ. Өз кезінде Алаш пар­тия­сы­ның жетекшілері ұсынған көптеген ережелер, бүгінгі күнде де өз маңыз­дылығын жойған жоқ. Ол қазақ қоғамының біртіндеп трансформациялануын және қазіргі заман ағымына бейімделуін мақсат еткен отандық ұйым болған» деп сипаттаған.

Қошке Ақмолада (қазіргі Астана) «Жас қазақ» ұйымын жандандыруға, сондай-ақ Ақмола облыстық Алаш комитетін ашуға қатысады.

Қайраткердің аса айрықша еңбегі - Алаш Орда халық кеңесі мен үкіметіне қалтқысыз жəрдем берген «Жас азамат» ұйымы құруға атсалысып, ұйым аттас газетін шығарысуы еді. Бұл газет Қызылжар қаласында шығып тұрды.

«Жас азамат» газетінінің редакторы ретінде көрінген кейін де ұлт баспасөзінен қол үзбеді.

20-жылдары Қошке Ақмола облысы Қызылжар уезінде мұғалім болды. Аты заманына сай «Қызыл мұғалімдер курсында» сабақ берді.

Кейінде бірқатар газеттер («Өртең», «Бостандық туы», «Еңбекші қазақ», «Ақ жол», «Қазақ тілі», «Лениншіл жас») мен журналдарға («Айқап», «Жаңа мектеп», «Темірқазық», «Сана», «Жас қайрат», «Әйел теңдігі») жариялаған жұмыстарында ол білім мен ғылым, мемлекеттілік пен мәдениет саласын жандандыруды, патшалық шеттетілудің салдарын жою мәселелерін көтерді.

Қошке Кемеңгерұлы 1924 жылға дейін Омбы медицина институтында оқыса, бұдан кейін Ташкенке көшіп, Орта Азия мемлекеттік университеті даярлық бөлімінде, шығыстану жəне педагогика факультеттерінде, Түркістан əскери училищесінде сабақ берді. Университетте екі жыл қызмет істеп, біржола ғылым жолына түсіп, түркітануды таңдайды. Ол 1928 жылы 23 қазанда шығыстану   факультетінің түркітану кафедрасына   аспирант ретінде қабылданады. Білім алып жүріп, қазақ тілі ғылымының мəселелерімен шұғылданады. Оқу құралдарын жазады. «Ақ жол» газетінде, «Сана» журналында жұмыс істейді. Орынбор, Қызылорда, Семей, Шымкент қалаларына түрлі іссапармен барып, қаламгерлермен байланыс жасап тұрды.

Қ.Кемеңгерұлы тарих, этнография, əдебиеттану, тілтану, көркем аударма, педагогика, химия және тағы басқа мəселелер бойынша қалам тербеген. Ол драма саласында да жемісті еңбек етті. «Алтын сақина» пьесасымен 1926 жылы 13 қаңтарда Қазақ ұлттық театрының тұңғыш шымылдығы ашылады.

Қ.Кемеңгерұлы қазақ, орыс тілдеріне қатар жазды. Ол неміс, араб, парсы тілдерін де білген. Ол «Қазақша-орысша тілмаш» атты толымды сөздікті әзірлеуді ұйымдастырды. Қошкенің  «Қазақ тарихынан», «Бұрынғы езілген ұлттар», «Егін салу турасында» атты зерттеулері, шәкірті Г.Архангельский дәріс түрінде жазып алып шығарған «Қазақ тілінің грамматикасы», екі томдық «Еуропалықтарға арналған қазақ тілі» атты оқу құралы - оның қазақ ғылымы бастауындағы тұғырын айқындай түсті.

1930 жылы 17 қыркүйекте М.Əуезов, Ж.Күдериндермен бір күні тұтқынға алынады. «Кеңес үкіметіне қарсы əрекет жасаушы» деген жалған айыппен Ташкентте ұсталып, Алматы абақтысына айдауылмен жөнелтіледі. Осында 1932 жылдың сəуір айының соңына дейін отырған Қошкеге «Отанды сатқаны үшін» тағы 5 жыл қосып, Украинаға айдайды.

1935 жылы бостандыққа шыққан ол Омбының Шарбақкөл аудандық ауруханасында дəрігер болып қызмет істейді. 1937 жылы 7 тамызда қайта ұсталып, 21 қарашада Омбы қаласында атылады.

Саяси қуғын-сүргін құрбаны Қошмұхамбет Кемеңгерұлы 1957 жылы 17 тамызда Сібір əскери округы əскери трибуналының қаулысымен ресми ақталды. 1965 жылы жұбайы Гүлсім Жәмиқызы М.Әуезов, Ә.Марғұландардың жәрдемімен шағын «Алтын сақина» жинағын жариялайды. Оның рухани мұрасы 90-жылдары ғана толық шығарыла бастады.

1995 жылдан Р.Рүстембекова құрастырған «Шығармалары», 1996 жылы Д.Қамзабекұлы құрастырған «Таңдамалысы» оқырманға жетеді. Г.Орда қаламгер мұрасынан кандидаттық диссертация қорғады.

Тіл комитеті 2004 жылы Қ.Кемеңгерұлының «Қазақша-орысша тілмаш» сөздігі шығарды (әзірлеген Д.Қамзабекұлы). 2004–2006 жылдары Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Алаш» мәдениет және рухани даму институты қайраткердің үш томдық шығармалар жинағын жариялады (құрастырушылары: Д.Қамзабекұлы, О.Жұбаева). Қаламгер мұрасын халыққа насихаттау ісіне ұрпақтары: Нарманбет Қошкеұлы, Зәйра Қошкеқызы, Сәуле Қошкеқызы, Гүлнар Нарманбетқызы, Ризабек Нарманбетұлы, Қайырбек Ризабекұлы, Айгүл Ризабекқызы зор күш-жігер жұмсады.

Қ.Кемеңгерұлы мұрасына қыззыққан оқырмандар онымен Елбасы кітапханасынан таныса алады. Олардың қатарында Д. Қамзабекұлы мен Е. Тілешевтің «Алаш қозғалысы» энциклопедиялық анықтамалығы, Д.Қамзабекұлының «Алаш арқауы» атты зерттеу кітабы бар.

Елбасы кітапханасы сөресінен С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті әзірлеген (бас редакторы Е.М.Арын) «Қошмұхаммед Кемеңгеров. 13-кітап» атты шығармалар жинағына жазушының таңдаулы әңгімелері мен пьесалары енген. Оқырман назарына осы университет дайындаған (2008) «Қазақша-орысша тілмаш» та ұсынылады.

Қаламгер есімі Баянауыл ауданындағы орта мектепке, Астана мен Алматыдағы көшеге берілген. Қ.Кемеңгерұлы ұрпақтары бүгінде Омбы, Алматы, Астана, Көкшетау, Павлодар қалаларында өмір сүріп жатыр.