Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз,

жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі

қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары

мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар

біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана.

 

Қазақстан Республикасының Президенті

Н. Ә. Назарбаев

 

Биылғы жылы қазақ халқының әйгілі күйші-композиторы Құрманғазы Сағырбайұлының (1823–1896) туғанына 195 жыл толуын атап өтеді.

Құрманғазы Сағырбайұлы 1823 жылы қарапайым отбасында туылған, жастайынан домбыраның құлағында ойнап, суырыпсалма ақын ретінде танылады.

Құрманғазыны күй өнеріне баулыған ұстазы көрнекті Ұзақ күйші болды. Жас күйшіні домбыраның хас шеберлері Байжұма, Байбақ, Түркештің туындыларымен таныстырған да осы Ұзақ күйші болатын.

Құлақтан кіріп, бойды балқытқан күйлерден алған әсері жас дарынның болашақ тағдырын мәңгілікке айқындап берді.

Құрманғазы өз заманының жаршысы, әділдік үшін тер төккен нағыз күрескер болды. Ол өз туындыларында қазақтың ұлан байтақ даласын мадақтап, бай-шонжарларды сынады, сол үшін бірнеше рет түрмеге де қамалды.

Ұлы күйші бостандыққа құштар бар болмысымен Исатай Тайманұлының тұлғасынан қуат алып, патриоттық сипаттағы «Кішкентай» күйін шығарды.

Қайсар мінезді көрсететін «Ақбай», «Ақсақ киік», «Түрмеден қашқан», «Адай» сынды туындылары, тұнық сырға толы «Назым», «Қайран шешем», «Аман бол, шешем, аман бол» күйлері талантты ізбасарлары Дина Нұрпейісова, Ерғали Ещанов, Көкбалалардың өнеріне арқау болып, бүгінгі күнге дейін сақталып келді.

Халықтың ықыласына бөленген Құрманғазының танымалдылығы соншалық қазақтың музыка өнері туралы материал жинаған орыс зерттеуші-этнографтары, тарихшылары мен филологтары күйшімен кездесіп, оның орындауындағы мәңгілік қазақтың үніне айналған күйлерін тыңдауды зор мәртебе санады.

Құрманғазының замандасы оралдық журналист Никита Савичев былай жазады: «Сағырбаев – сирек кездесетін дарын иесі, егер ол еуропалық үлгіде білім алғанда, музыка әлемінің ең жарық жұлдызына айналар еді».

Атақты зерттеуші, музыкант әрі этнограф Александр Затаевич Құрманғазы қазақ халқының музыка өнерінің симфониялық бастауы деп жазды.

Мемлекет басшысының Жеке архивінде Н. Ә. Назарбаевтың Астрахань облысында тұрғызылған Құрманғазы кесенесінің ашылуына қатысқаны жөніндегі бірегей архив құжаттары сақталған. 1996 жылдың 11 қазанында ұлы композитордың дүние салғанына 100 жыл қарсаңында кесененің салтанатты ашылу рәсіміне қатысу үшін Қазақстан Президенті Н. Ә. Назарбаев Астрахань облысы, Алтынжар ауылына арнайы келді.

Елбасы көпшілік алдында сөйлеген сөзінде:

– Құрманғазы Сағырбайұлының есімі әлем тарихында мәңгілікке жазылып қалады, бұл – халықтарды жақындастыруда мәдениеттің рөлі жоғары екенін дәлелдей түседі. Құрманғазы Сағырбайұлы өз шығармаларына қазақ халқының тарихы мен мәдениетін арқау етті, дарынды өнерімен әділдік пен мейірімділікті, халықтар достығын күйге қосты. Музыка өнері шексіз, оның күші тілінің жалпы халыққа ортақ екендігінде».

Елбасы кітапханасының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Сағынтай Бердіғұлова Құрманғазының шығармашылығын қайта ой елегінен өткізу керек деп есептейді:

– Құрманғазы қиын тағдырды бастан кешірді. Алайда дарынды адамдардың өмірінде мұндай жиі ұшырасатыны секілді Құрманғазының да бар өмірі шығармашылығына арналды. Құрманғазы қазақтың ғана күйшісі емес. Ол – аты күллі әлемге танылып, аңызға айналған тұлға. Біз Құрманғазы туралы сөз қозғағанда оның күйлерін бар болмысымызбен қабылдаймыз. Күй – қазақтың классикалық музыкасының биік шыңы. Егер қазақтың күйін батыс еуропалық әуендермен салыстырсақ, оны аспапты пьеса десек те болғандай. Құрманғазының күйлерін үлкен симфониялық оркестр орындаса, сол батыс еуропалық жұртшылық орындарынан тік тұрып, 15–20 минутқа дейін қошемет көрсетеді. Себебі – бұл ерекше әсерлі, ауқымды дүние, мүлде өзге әлем мәдениетінің шарықтау шегі. Құрманғазының күйлері – әлемдік маңызға ие болған жоғары деңгейдегі нағыз классикалық музыка. Біз ұлы күйшінің қазақ халқының сазгері, қазақ мәдениетінің өкілі екеніне зор мақтанышпен қараймыз, алайда оның әлемдік деңгейдегі тұлғасын да ұмытпауымыз қажет. Қос ішектен шыққан Құрманғазының туындысын бір сәт тыңдаған адам мәдени музыкалық күй кешеді. Егер батыс еуропалық композиторлармен салыстырсақ, менің ойымша, Құрманғазының әуен ырғағы, ішкі дүниесі мен болмысына Людвиг ван Бетховен сай келеді. Мәдениет қайраткерлері және біздің көздеген мақсатымыз ұлттық өнерімізді ілгерілетіп, Жер шарының түкпір-түкпіріне қазақтың дарынды әрі өнерлі өкілдерін таныстыру болып табылады.