«РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ: МӘҢГІЛІК ЕЛ АЛЫПТАРЫ» ЖОБАСЫ. МАҒЖАН ЖҰМАБАЙ

Бүгін – белгілі алаш қайраткері, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Мағжан Жұмабайдың туған күні. Осы тұста Елбасы кітапханасы өз оқырмандарына артына өшпес мол мұра қалдырған қаламгердің өмірі мен шығармашылығы туралы мәлімет ұсынады.

ХХ ғасырдың басында әдебиет көгінде жарқырай жанған жарық жұлдыз 1893 жылғы 25 маусымда қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабай ауданында орта дәулетті әулетте дүниеге келген. Азан шақырып қойған аты – Әбілмағжан.

Мағжан ауыл молдасынан сауатын ашып, 1905 – 1910 жылдары Қызылжардағы №1 мешіт жанында белгілі татар зиялысы, мұсылман халықтарының азаттығы жолында күрескен М.Бегишевтің ұйымдастыруымен ашылған медреседе оқыды. Медреседе ол Шығыс халықтарының тарихынан дәріс алды, қазақ, татар әдебиеттерін, Фирдоуси, Сағди, Хафиз, Омар Хайям, Низами, Науаи секілді шығыс ақындарының дастандарын оқып үйренді. Баспадан 1909 жылы шыққан Абай өлеңдерін оқып, «Атақты ақын, сөзі алтын хакім Абайға» деген өлең жазды.

1910 жылы Мағжан Уфа қаласындағы жоғарғы мұсылман мекемесі Ғалия медресесіне оқуға түседі. Бірақ, татар әдебиетінің класигіне айналған ұстазы Ғалымжан Ибрагимовтың ұсынысымен ол білім жетілдірудің басқа жолдарын іздейді. 1912 жылы Ибрагимовтың көмегімен  жас Мағжанның шығармалары алғаш рет жарық көрді. Сол кезеңде Міржақып Дулатұлы мен Ахмет Байтұрсынұлының басшылығымен Мағжан орыс тілін үйреніп, орыс және еуропа әдебиетімен танысады, «Қазақ» газетімен жұмыс істейді. 1913 жылы Мағжан Омбы мұғалімдер семинариясына түсіп, «Бірлік» қоғамын құруға белсенді қатысады, «Балапан» қолжазба журналын редакциялайды.

Поэзиядағы алғашқы қадамдарынан кейін Мағжан жарқын әрі ерекше таланттың сырын ашады. 1912 жылы жарық көрген «Шолпан» атты поэзия жинағының арқасында Мағжанның есімі кең таныла бастайды. Оның шығармашылық жолының бірінші кезеңі 1910 жылдан 1917 жылдың ақпанына дейінгі кезеңді қамтиды. Ұлт-азаттық күрестің себептері ақын өлеңдерінде батылдықпен тарихқа бет бұрған сайын қатты айтылады.

Ақпан революциясынан кейін Мағжан Жұмабайдың есімі қазақ зиялыларының құлағына жетіп, ақын «Алаш» партиясының облыстық комитетіне қабылданады. Ол осы партияның қазақстандық конгрестерінде құрылтай жиналысының депутаттығына кандидат болып сайланса да,  саяси қызметін белсенді жүргізе қоймады. Шығармашылық мансабының екінші кезеңін қамтитын 1917 жылдың ақпан айынан 1931 жылға дейінгі аралықта Мағжан өз көзқарасындағы стереотиптерден бас тартуға тырысады.

Ол журналистикамен айналысып, білім саласында жұмыс істейді. 1922 жылы «Педагогика» деп аталатын еңбегін шығарады. Біраз уақыт Омбыда басылып шыққан «Бостандық туы» газетінің редакторы болады.

Жазушы шығармашылығының ширыққан және жемісті кезеңі 1922 жылы Ташкентке көшуден басталады. Онда ақын «Батыр Баян» поэмасын, Түркістан туралы өлеңдер циклін, Ақан Сері, Бұқар Жырау, Әбубәкір Диуа туралы мақалалар жазып, «Ақ жол» газеті мен «Шолпан» журналында жұмыс істейді. Дәл осы кезеңде, екі жыл қатарынан Ташкент пен Қазанда ақын өлеңдерінің жинағы жарық көреді. Бұл жинақтарда ақын талантының ерекшеліктері айқын көрініс тапты.

Ақын тұңғыш өлеңінен бастап әлеуметтік тақырыпқа ден қойып, ағартушылық, ұлт-азаттық, демократияшыл бағытты ұстанды. Абай поэзиясының өшпес маңызын бірден танып, оны «хакім» деп атады, ұлы ақынның «мың жыл жұтса дәмі кетпес» сөзін жаңа жағдайда ілгері дамытты, Батыс пен Шығыстың рухани қазынасын сабақтастыру негізінде қазақ поэзиясын тақырып, түр мен мазмұн жағынан байытты. Ол ел ішіндегі әлеуметтік мәселелерді көтерді («Шын сорлы»), халқын өнер-білімге шақырды («Ләззат қайда?», «Жазғы таң», «Өнер-білім қайтсе табылар», «Балалық шақ», «Қазағым», «Қарағым», «Осы күнгі күй», «Мен сорлы»). Бірқатар өлеңдерін махаббат тақырыбына арнады («Жас келін», «Зарлы сұлу», «Сүйгеніме», «Алданған сұлу»). Өз поэзиясының алғашқы қадамдарынан бастап ақтық демі біткенге дейін Мағжан Бекенұлы ұлт азаттық тақырыбын үзбей толғанды, оны өз поэзиясының өзегі етті. Бүкіл халықты тап, топқа жіктемей, Қазақ елін әлемдік мәдени жетістіктерге қол жеткізуге қандай күш кедергі деген сауал қойып, оған басты кедергі – отаршылдық деген шешімге келді. Бастапқы кезде бұл тақырып туған жердің табиғатын тамашалаудан барып қайран жердің ендігі күні не болады деген уайым-қайғыға ұласады, ақыры келіп кіндік қаны тамған нулы, сулы өлкені жаулап жатқан қара шекпенді отаршылдыққа қарсы наразылық оты болып тұтанды («Туған жерім – Сасықкөл»).

Ақын халқымен бірге күйзелді, осыдан келіп романтикалық әуенге бөленген жорық идеясы туды («Жарыма», «Есімде… тек таң атсын», «Жаралы жан», «Мен жастарға сенемін», т.б.). Мағжан шығармаларындағы романтикалық сарын, әсіресе, оның символистік арнада жазған өлеңдерінен айқын көрінеді. Ақын символизмі болашақ пердесін ашатын жаңа мифология туғызды, келешек суретін салу саясатшылардың емес, ақындардың қолында деген сенімге айналды («От», «Пайғамбар», «Күншығыс», «Жаралы жан», «Айға», т.б.). Ақын дыбыс-буынның үндестіктерін тауып, қазақ жырын байыта түсті («Шолпы»).

Оның қаламынан «Батыр Баян», «Қорқыт», «Жүсіпхан» секілді поэмалар да туған. Ақын халыққа білім беру саласына арнап «Педагогика», «Бастауыш мектепте ана тілін оқыту жөні» атты еңбектер жазған. Гете, Гейне, Лермонтов, Горький шығармаларын қазақ тіліне аударған. Таңдаулы прозалық шығармаларды аударумен қоса Мағжан Жұмабай «Шолпанның күнәсі» әңгімесі арқылы қазақ әдебиетіне психологиялық талдау, сана ағымы әдістерін енгізді. Мағжан символизмге құрмет білдіре отырып, осы үрдістің басқа өкілдері сияқты әдебиетті дамыту үшін көп пайдалы нәрсе жасады. Мағжан Шығыс пен Батыс халықтарының рухани дамуының екі ағынын біріктірген Орта Азия мен Қазақстан аймағындағы алғашқы ақындардың ұрпағына жатады. Ол заманауи көркем ағымдар ағынына түсуге тырысып, әлемдік әдеби процесті құшырлана бақылады. Батыс және ресейлік символистер секілді Мағжан Жұмабай да «терең әлемге» үңілуге тырысты. Ол бейнені символмен алмастырып, тек шынайы оқиғаларға назар аударды.

1927 жылы жазда ақын Отанына оралып, Қызылжарда, Бурабайда оқытушылық қызметпен айналысты. Сол уақытта ол жаңа өмірді даңқтайтын патриоттық өлеңдер топтамасын құрастырды. Балаларға арналған әдебиеттерді жасауға белсенді қатысып, оқулықтар жазды.

1929 жылы Мағжан Бекенұлы жалған айыппен 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын Солтүстікте өтеп жүрген ол 1935 жылы Максим Горькийдің өтініші бойынша ерте босатылып, бостандыққа шығады. Алайда даңқты ақынның бостандығы ұзаққа созылмады. Орта мектепте орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі болып жұмыс істеген Мағжан Сәкен Сейфуллиннің шақыртуымен Алматыға келді. 1937 жылы 30 желтоқсанда жалған жаламен ақын қайтадан қамауға алынады. Кеңестік жүйенің қуғын-сүргініне ұшыраған қазақ ақыны ақыры 1935 жылы 19 наурызда Ежов зындандарында ату жазасына кесілді.

1989 жылы Қазақ академиясының әдебиет және өнер институты құрастырып, жариялаған «Шығармалар» басылымында Жүсіпбек Аймауытұлының Мағжан Жұмабай ақындығы туралы жазған мақаласына қосымша бар. Мақалада 1923 жылы Ташкент студенттері алдында айтылған сөздің мәтіні берілген. Жүсіпбек Мағжанның шығармашылығын бағалай отырып оны қорғауға, ақынға тағылған айыптауларды алып тастауға тырысады.

 Ал Мағжан Жұмабайдың жұбайы Зүлейха 20 жылдан астам уақыт бойы ақынның мұрағатын шатырда сақтап, асыл мұраның қайта жаңғыратынына сеніп келеді. Ақыры, 1960 жылғы 8 шілдеде Мағжан Жұмабай Түркістан әскери округі әскери сотының шешімімен қайтыс болғаннан кейін ақталып шықты. Осылайша, оның өлеңдері халыққа қайтарылды.

1993 жылы Мағжан Жұмабайдың жүз жылдығына арнап Қызылжарда үш метрлік гранит ескерткіш орнатылды. Бұдан бөлек 2000 жылы ақынның мүсіні Бұлаев ауданында ашылса, ескерткіші 2003 жылы Мағжан Жұмабай ауданының Сарытомар ауылында орнатылды. Сондай-ақ, Қазақстанның әр өңірінде Мағжанның есімі берілген мектептер мен көшелер де бар.

Елбасы кітапханасының қорында ақынның өлеңдері мен поэмалары топтастырылған кітаптар сақтаулы тұр. Олардың қатарына «Сүй, жан сәулем: Өлеңдер мен поэмалар», «Жан сөзі: Өлеңдер мен дастандар», «Адассам елім деп адастым: Өлеңдер», т.б. көптеген басылымдар кіреді. Солардың бірі, «Шығармалар жинағы» көп томдығы Мағжан Жұмабайдың өлең-дастандары мен әңгімелерін, аудармаларын, ғылыми еңбектері мен мақалаларын қамтитын болса, ағартушылық мақсатта жазылған «Сауатты бол!» кітабы сауатсыздықты жою, қазақ халқының мәдениетін көтеріп, өркениетті елдер қатарына қосу мәселесін қозғайды.  Оның тағы бір нұсқасы бүгінде Фин Республикасының астанасы Хельсинкиде орналасқан Ұлттық кітапхананың қолжазбалар қорында да сақтаулы тұр.

Мағжан Жұмабайдың жазушылық, азаматтық, қайраткерлік келбетіне талдау жасаған қаламгерлердің еңбектерін де Елбасы кітапханасының сөрелерінен табуға болады. Мұндай басылымдарға «Мағжан» (Ш.Елеукенов), «Сұм өмір» (Р.Сейсенбаев), «Жарық сәуле» (Е.Тоқтарбай), «Жәжеке: Естеліктер мен деректер» (Ғ.Қаһарманұлы), «Ұлттық поэзия падишасы» (Ф.Бектұрбекова), «Пророк» (Б.Канапьянова), «Магжан Жумабаев: Очерк о жизни и творчестве» (Н.Джуанышбеков), «Магжан Жумабаев. Избранное» (С. Мансурова) жатады. Бұл қатарға әзірбайжан, түркмен, өзбек, татар ұлттары сияқты көптеген халықтардың әдебиетін аударған белгілі  түркітанушы Рамиз Аскердің «Magcan Cumabay. Türküztan» / «Мағжан Жұмабай. Түркістан» атты екі тілді еңбегі де кіреді.