«РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ: МӘҢГІЛІК ЕЛ АЛЫПТАРЫ» ЖОБАСЫ. МҰХТАР ӘУЕЗОВ

 

Қазақ әдебиетінің ұлы классигі, қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің туғанына  биыл – 122 жыл.

Мұхтар Әуезов 1897 жылғы 28 қыркүйекте қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданындағы Қасқабұлақ деген жерде дүниеге келген.

Ата-анасынан ерте айырылған Мұхтар ағайы Қасымбектің қолында тәрбиеленеді. Кейіннен Семейдегі Камалиддин хазірет медресесінде білім алған Мұхтар оқуын бес сыныптық орыс мектебінде жалғастырады. Онда Мұхтар соңғы сыныпта оқып жүргенде «Дауыл» атты алғашқы шығармасын жазады.

Жас шағынан үнемі үйрену, ізденісті мұрат еткен Мұхтар Әуезов өмірінің ақырына дейін осы салада қажымай еңбек етті. Батыс, Шығыс классиктері, қазақ халқының ұлы демократтарынан үлгі алды.

Ғылым-білімге талпынған Мұхтар Семей педагогикалық семинариясында оқып, оны 1919 жылы бітіріп шығады.

1917 жылы Мұхтар Әуезовтің алғаш рет «Еңлік-Кебек» пьесасы қойылды. Жазушының шығармасына қойылған алғашқы сахналық көрсетілімді Абайдың немерелері мен пьеса авторының жақын туыстары тамашалады.

Мұхтар Омарханұлының баспа бетін көрген көркем шығармаларының тұңғышы «Қорғансыздың күні» Арғын деген құпия атпен 1921 жылы «Қызыл Қазақстан» журналында жарияланған. Заманына қарай шебер жазылған, ескі өмірдің сұрықсыз бейнесін көрсеткен, озбырларды аластаған бұл әңгіме – қазақ прозасының өркендеуіне, қалыптасуына көмектескен жазушының сәтті қадамының айғағы болған шығарма. Мұхтар Арғын, Жаяусал, Қоңыр, Айғақ сынды лақап есімдермен 1921-1926 жылдары «Қызыл Қазақстан», «Шолпан», «Сана», «Таң» журналдары, «Қазақ тілі» газеті беттерінде түрлі әңгімелер жариялады. Олардың ішінде: «Оқыған азамат», «Жас жүректер», «Заман еркесі», «Қанды түн», «Ескі індет» бар. Осы әңгімелерімен қатар «Еңлік-Кебек», «Бәйбіше-тоқал» пьесалары да жарық көрді.

Мұхтар Әуезов 1923 жылы Ленинград университетіне түсіп, 1928 жылы тәмамдап шығады. Білім жолын қуған Мұхтар 1928-30 жылдары Орта Азия университетінің шығыс факультеті жанындағы аспирантурада оқиды. Бұдан кейінгі жылдары Қазақ педагогикалық институтында, Қазақ мемлекеттік университетінде сабақ береді. Ғылымдық, педагогтық, қоғамдық жұмысын жазушылығымен қатар алып жүре білген ол – профессор, доктор, Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі атағын алды. Совет Жазушылар одағы басқармасы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі болды.

        

«Абай жолы» – Мұхтар Әуезовтің әлемге әйгілі роман-эпопеясы. «Абай жолы» – қазақтың көркем прозасын классикалық деңгейіне көтеріп, әлем әдебиетіне көркемдік қуат әкелген үздік туынды. Мұхтар Әуезов өзінің роман-эпопеясында қазақ халқын, оның ұлттық дәстүрін барлық қырынан энциклопедиялық деңгейде жан-жақты ашып көрсеткен. Әуезовтің Абай жолы роман-эпопеясына «ХХ ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі» деп Луи Арагон жоғары баға берген. Сондай-ақ бұл роман-эпопея қазақ халқын дүние жүзіне танытқан  үздік шығарма.

Мұхтар Әуезов алғашқыда екі кітаптан тұратын «Абай» (1942 ж, 1947ж.), онан кейін кітаптың жалғасы болып табылатын «Абай жолы» (бұл да екі кітаптан тұратын; 1952 ж, 1956ж.) романын жазды. Осы төрт томнан тұратын «Абай жолында» қазақ қоғамының алуан түрлі топтары кең қамтылып, сан қырлы тұтас галерея жасалды. Онда қазақ халқының этнографиялық, діни, жалпы мәдени-танымдық дәстүрлері: жаз жайлауға көшу, құдалыққа бару мен той жасау, кісі өлімі мен аза тұту, ас беру, жұт, болыс сайлауы, дауға билік айту, аң аулау мен табиғат көріністері, т.б. бәрі көрсетілген. Алғашқы екі кітаптан тұратын «Абай» романы үшін жазушыға КСРО Мемлекеттік сыйлығы (1949 ж) беріліп, төрт томдық «Абай жолы» роман-эпопеясы жарық көргеннен кейін ол Лениндік сыйлықтың лауреаты (1959 ж) атанды.

Мұхтар Әуезовтің аударма саласындағы жұмысы – қазақ әдебиетіне қосылған үлкен үлес. 1918-1952 жылдар арасында Мұхтар Әуезовтің жарияланған аудармалар ішінде: Л.Толстойдың «Будда», және «Той тарқар» А.Афиногеновтың «Қорқыныш», Н.Гогольдің «Ревизор», Н. Погодиннің «Ақ сүйектер», Шекспирдің «Отелла», И. Тургеневтың «Дворян ұясы», т.б. бар.

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы қорында Мұхтар Әуезовтің шығармашылығын айшықтайтын төмендегідей кітаптар сақталған.

Соның ішінде Елбасына авторлардың қолтаңбасымен сыйланған Гүлнәр Омарханқызы мен Әмен Әзиевтің «Мұхтар аға» кітабының орны ерекше.

Мұхтар Әуезовтің қызы Мұғалима Әуезованың қолтаңбасымен сақталған «Тұңғышы едім әкемнің» атты деректі ғұмырбаяннан оқырман мол мәлімет ала алады.

Бексұлтан Нұржекеұлының «Жүз тұңғыш» кітабының 2-ші томында Мұхтар Әуезовтің өмірі мен шығармасы туралы баяндалады.

«Әлемнің Әуэзові» атты естелік-эсседе Мұхтар Омарханұлынан дәріс алған шәкірті, белгілі ғалым, жазушы Темірбек Қожакеевтің естелігі мен ұлы ұстазының сатира саласындағы өшпес қолтаңбасы туралы зерттеуі баяндалады. Сондай-ақ ғалым-жазушы Қ.Сейдановтың Орта Азия әдебиетіндегі Әуезовтің орны туралы жазылған деректері бар.

«Әуезов және архив» атты басылымда Мұхтар Әуезовтің 1917-1981 жылдар аралығындағы өмірі мен шығармашылық қызметіне байланысты қазақ және орыс тілдеріндегі архив материалдары – мақалалары, жазған хаттары, құжаттары, ұлы суреткер туралы пікірлерден үзінділер топтастырылған.

«Қазақ әдебиеті мен мәдениеті туралы ойлар» атты кітапта қазақ әдебиетінің сөз зергерлері Абай Құнанбаев, Ахмет Байтұрсынов, Мұхтар Әуезов, Жамбыл Жабаев сынды ұлы тұлғалардың шығармашылығы туралы толымды пікірлер жинақталған.

Бұдан бөлек кітапхана қорында Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясы, «Қилы заман» атты әңгімелер мен повестер жинағы, «Қорғансыздың күні» және «Әдебиет туралы» авторлық кітаптары сақталған.