Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы назарларыңызға «Рухани жаңғыру: Мәңгілік ел алыптары» ақпараттық жобасын ұсынады. Оның алғашқы шығарылымы қазақтың таңдаулы саяси қайраткері Смағұл Садуақасұлына арналады.

Ұлт зиялыларының елдікті сақтап қалу үшін шарқ ұрғанына биыл 100 жыл. Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында тағылымы мол тарихымызды зерделеуге, төлтума мәдениетімізді қолдауға қатысты нақты міндеттерді атап көрсетті. Осы орайда мемлекетіміздің экономикалық әлеуеті арқылы халқымыздың бай тарихы мен рухани мұрасын дәріптеуге зор мүмкіндік жасалып отыр.

– Алаш қозғалысының пассионарлық идеялары біздің ата-бабаларымыздың азат мемлекет құру жолындағы сан ғасырлық аманатымен ұштасып жатыр. ХХ ғасырдың басындағы қазақ қауымының саяси-әлеуметтік құқықтарын қорғау, ұлттық бірегейлігін сақтап қалу жолындағы Алаш қозғалысыныңкүресі елге қызмет етудің жарқын көрінісі, - дейді Мемлекет басшысы.

Ұлт көшбасшысының сөзін Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры, ҚР ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы қолдайды. Осыдан 7 жыл бұрын, 2011 жылы 21 қаңтарда 77 жыл Мәскеудің Дон зиратханасында сақталып келген мемлекет және қоғам қайраткері Смағұл Садуақасұлы сүйегінің күлі елімізге – Астана қаласына жеткізілді. Бұл шараға үйлестіруші ғалым ретінде қатысқан Д. Қамзабекұлы бізге былай деді:

– Смағұл Садуақасұлы  – жастай саясат сахнасына көтерілген тұлға. Ол 1916 жылдан бастап Алаш жастарының «Бірлік» ұйымы жұмысына қатысты. 1918 жылы бүкіл ұлт жастарының басын қосқан «Жас азамат» ұйымының басшылығында жұмыс істеп, осы аттас тұңғыш жастар газетін шығарысты. Жаңа өкімет орнағанда, республиканың атқару комитетінде, жоспарлау комиссиясында қызмет атқарып, 1925-1927 жылдары халық ағарту комиссары (министр) болды. Осы жылдары тұңғыш ұлт театрын ұйымдастырды, университет ашты. Алаш зиялыларын білім және баспасөз саласына орналастырып, Абай мен Сұлтанмахмұттың мұрасын жинатқызды. Өзі де әңгіме, роман, әдеби сын жазды. Бүгінгі «Егемен Қазақстан» газеті мен «Ақиқат» журналының бастауындағы басылымдардың бас редакторы болды. Ол Ф.Голощекиннің «кіші октябрь» саясатына ашық қарсы шықты. Қайраткер Қазақстандағы ашаршылықтың негізі мен зардабын алдын-ала болжай білді. «Қазақстан – шикізат беруші емес, өндірісті республика болуы тиіс» деп жазды. С.Садуақасұлы 20-жылдары солтүстік өңірімізді Сібірревкомның зорлығынан қорғап, қазақ жері тұтастығына айрықша еңбек сіңірді. Ұлт зиялылары С.Садуақасұлын зор арқа тұтты. Қайраткер 1933 жылы 16 желтоқсанда, жаппай репрессияға дейін өлтірілді. Ол қайтқанда Мағжан жоқтау жыр шығарды. Хан Кене сарбаздары жерленген Астананың ескі қорымындағы Смағұл зираты рухани жаңғыру бағдарламасы «Киелі Қазақстан» жобасының тізіміне енді.

Профессордың «Смағұл Садуақасұлы» атты кітабы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің әлеуметтік маңызды әдебиет тізіміне енгізілген. Бүгінде оның бір данасы Елбасы кітапханасының қорында сақтаулы тұр. Оқырмандар аталған ғалым құрастырған Смағұл Садуақасұлының екі томдық шығармалар жинағымен де таныса алады. Қос томдыққа ұлт қайраткерінің көркем шығармалары, танымдық еңбектері, мақалалары, баяндамалары, хаттары енген. Бұл басылымдарды Кітапхана сайтының электронды каталогынан да таба аласыздар.