Елбасы кітапханасында дәстүрлі түрде өткізілетін семинар-тренингке қатысушылардың саны күн санап артып келеді. Бүгін Қарағанды мемлекеттік индустриялық университеті, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті және Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінен келген студенттер соның дәлелі.

Қазақстанның әр аймағынан келген тыңдаушылар «Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол» семинар-тренингінің алғашқы күні Елбасы кітапханасын еркін аралап, мұндағы ғылыми кызметкерлердің  дәрістерін тыңдап, білімдерін арттырды.

Бұдан кейін қатысушылар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында жуырда ғана ашылған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI съезіне арналған «Руханият тіректері» атты тақырыптық кітап көрмесін тамашалады. Әлемдік діндердің қасиетті кітаптарын, ғылыми монографияларды, өнер және сәулет тарихтарына арналған еңбектерден тұратын 200-ден астам басылымды ұсынған көрмеден студенттер мол маңызды мағлұмат алды.

– Ерекше еуропалық үлгіде салынған Елбасы кітапханасының табалдырығын аттаған сәттен бастап тамаша дүниелерге тап болдым. Бұл менің өмірімдегі ең сәулелі сәттер деп ойлаймын. «Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол» тақырыбында мықты ғалымдардың дәрістерін тыңдадым. Университеттегі оқытушылардың беретін сабақтарынан ойыма түйгенім, бұл жердегі дәріс берушілер қысқа да нұсқа әрі қызықты етіп түсіндіріп, санаға сілкініс, тәрбиеге серпіліс тудыра білді. Сонымен қатар «ЕҚЫҰ-ның Қазақстан Республикасындағы 20 жылы: ынтымақтастық және жетістіктер» халықаралық конференциясы аясында ұйымдастырылған көрме де қатты ұнады. Жан-жақтан келген студенттерге осындай мүмкіндік берген Елбасы кітапханасы басшылығына алғыстан басқа айтарым жоқ, - деді алған әсерімен бөліскен Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің 4 курс студенті Айнұр Марен.

Сондай-ақ осы күні дәрістен кейін қатысушыларға Елбасы кітапханасының Музейі мен Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне экскурсия ұйымдастырылды.

Ертең де жалғасатын семинар-тренингке қатысушылар New York Film Academy киноакадемиясының «Режиссура» мамандығының магистрі, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының «Мәдениет» номинациясы бойынша жеңімпазы, «Болашақ» қауымдастығының мүшесі, «2014 жылғы SW Әлем біріншілігінің»  ұйымдастырушысы, режиссер, сценарист, продюсер Айдие Айдарбековпен кездеседі.

Сонымен қатар, екі күндік семинар-тренигтің марапаттау рәсімінде 66 қатысушы арнайы сертификаттармен марапатталатын болады.