САРАПШЫЛАР КЕЗДЕСУІ. ӨЗБЕКСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТӨТЕНШЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНА БАРДЫ

2019 жылдың 30 сәуірінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында кітапхана директоры, саяси ғылымдар докторы Әмірхан Рахымжанов Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Саидикрам Ниязходжаевпен кездесті.

Іс-шараға Өзбекстан Республикасының халықаралық қатынастар ақпараттық-талдау орталығының (ХҚАТО)  өкілдері, Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова, сондай-ақ, кітапхананың халықаралық байланыстар қызметінің ғылыми қызметкерлері қатысты.

Кездесуді аша отырып, Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Мұратбекұлы: 

"Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық жоғары деңгейге көтеріліп, ең алдымен достық және тату көршілік қарым-қатынастарды нығайтуға бағытталып отыр. Екіжақты ынтымақтастыққа қатысты біздің стратегиялық мақсаттарымыз толығымен сәйкес келеді. Бүгінгі кездесу мәдени-білім беру саласында, сараптамалық-талдау жұмыстары саласында да өзара іс-қимыл жасау үшін біздің алдымызда жаңа мүмкіндіктер ашады", - деген сенімін білдірді. 

Өзбекстан Республикасының халықаралық қатынастардың ақпараттық-талдау орталығы – 2016 жылдың қазан айында құрылған мемлекеттік ғылыми-зерттеу және талдау орталығы. Орталық сыртқы саясат, сыртқы экономикалық қызмет, халықаралық саяси және экономикалық қатынастар саласында кешенді зерттеу жүргізеді. ХҚАТО Орталық Азиядағы өңірлік дамудың негізгі проблемаларын зерделеуге, сондай-ақ, Өзбекстан Республикасының негізгі сыртқы саяси әріптестермен екіжақты өзара іс-қимыл мәселесіне баса назар аударады.

Кездесу барысында тараптар екі мемлекет үшін өзара қызығушылық тудыратын салаларда неғұрлым тығыз ынтымақтастықты дамытуға бағытталған сараптамалық пікірлер мен талдамалық бағалаулар алмасты.

Кездесу соңында құрметті қонақтар үшін «Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян» көрмесі ұйымдастырылып, Елбасы кітапханасының экспозициялары бойынша экскурсия өткізілді.