САРАПШЫЛАР ПІКІРІ. КОРЕЙ ТҮБЕГІНДЕГІ ЖАҒДАЙ ЖӘНЕ ЯДРОЛЫҚ ҚАРУДЫ ТАРАТПАУ САЛАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАННЫҢ РӨЛІ

Ағымдағы жылдың 24 қазанында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Гүлзат Көбенова мен Геосаясат және өңірлік зерттеулер қызметінің жетекші ғылыми қызметкері Жансая Жабина «Корей түбегіндегі жағдай және ядролық қаруды таратпау саласындағы Қазақстанның рөлі» атты халықаралық дөңгелек үстелге қатысты. Іс-шараны Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) мен еліміздегі Корея Республикасының елшілігі ұйымдастырды.

Дөңгелек үстелге Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің өкілдері, Қазақстанда тіркелген шетелдік дипломатиялық миссиялар мен халықаралық ұйымдардың басшылары, халықаралық және ядролық қауіпсіздік мәселелерімен айналысатын жетекші сарапшылар қатысты.

Отырысты ашқан Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры Зарема Шәукенова Корей түбегіндегі жағдайды шешу мәселелерінің алға жылжығандығын атап өтіп, Қазақстан антиядролық әлемнің көшбасшысы екенін белгіледі.

Қазақстандағы Корей Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі  Ким Дэсик Корей түбегіндегі дағдарысты реттеудің негізгі тұстарына тоқтады.

Сыртқы істер министрлігінің өкілі Талғат Жұмағұлов Қазақстанның келіссөздер мен сұхбат құру арқылы Корей түбегі мәселелерін шешуге қолдау көрсетіп, қарусыздандыру үдерісінде тәжірибесі бар мемлекет ретінде көмегін ұсынатынын айтты.

Панельдік сессия аясында дөңгелек үстел қатысушылары Корей түбегіндегі дағдарыс пен ядролық қару мәселесінің даму тарихын талқылады. Осы орайда еліміздің қарусыздандыру моделі мен Қазақстан тәжірибесінің қолдану мүмкіндіктері талқыланды.

– Корей түбегі мәселелерін шешудегі оң өзгерістерді атап өтетін болсақ, Солтүстік және Оңтүстік Корея басшылығы саяси мүдделерінің сенімді қатынас пен жүйелі сұхбатқа негізделуі, ядролық державалар тарапынан қауіпсіздік кепілінің берілуі бұл үдерісті жаңа белеске жетелері анық. Осы орайда реттеу жұмыстары жан-жақты орындалуы тиіс. Корей түбегіндегі қауіпсіздік мәселелерін шешу үшін алты жақты үлгіні ұстану Ресей мен Қытай арасындағы ұзақ мерзімді стратегияға түрткі болмақ, - деді Гүлзат Көбенова.