Еліміз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде қызу жұмысқа кіріскенінен бір жыл өтті. Соғыс пен бейбітшілік мәселелері шешілетін халықаралық басты алаңдағы қазақстандық дипломатияның белсенділігін бақылай келе, көпке дейін сақталар елеулі нәтижелер таяу тұрғанын айтуға болады.

Қысқа мерзімнің ішінде Қазақстан 280 БҰҰ ҚК отырысына қатысып үлгерді. Олардың барысында 89 қарар мен төраға мәлімдемесі қабылданды. Бұл – шиеленіскен жаһандық бюрократиялы жүйенің аясында алынған бірден-бір тәжірибе. Әдетте мұндай жұмыс жігер пен мүдденің тепе-теңдігін талап етеді (ал тепе-теңдік  халықаралық дау-жанжалдар аясында өзгеріске ұшырайды).

Қызығы, аталған жұмыс тәжірибемізге дәлме-дәл келе бермейді. БҰҰ ҚК жұмысының 75%-ы Африкадағы күрделі, тіпті жаға ұстарлық қайшылықтарға арналған. Бұл тақырыпқа еліміз де бет бұрып, бүгінде БҰҰ ҚК Сомали мен Эритрея істері жөніндегі комитетін басқарып отыр.

Осылайша біздің дипломаттар нағыз дипломатиялық шайқас алаңында саяси тәжірибе жинап қана қоймай, еліміздің нығаюына зор ықпалын да тигізбек. Бұл тәжірибе ҚР СІМ ішінде де, Дипломатия институтында да кең жайылады деген ойдамын.

Қазақстан көптеген бастамаларының арқасында халықаралық бітімгер мәртебесін іс жүзінде тағы да дәлелдеді. Бюрократиялық тәртіп бойынша ҚР делегациясы БҰҰ ҚК 22 көмекші органының, оның ішінде (санкциялық комитеттермен санағанда) 15 комитет, 6 жұмыс тобының, сондай-ақ Иранның ядролық бағдарламасына қатысты 2231 қарарды орындайтын үйлестіру тобының барлық отырысына үздіксіз қатысады.

2017 жылы еліміз Сирия мәселесі бойынша Ресей, Түркия, Иран, АҚШ, Иордания, т.б. елдердің белсенді қатысуымен Астанада өткен келіссөздердің 8 кезеңін ойдағыдай өткізіп шықты. Нәтижесінде Сирия жерінде бір қатар деэскалация аймақтары құрылып, қарама-қайшы тараптар арасындағы соғыс әрекеттерінің қарқыны мен таралу аймақтары азайтылды, бейбіт тұрғындар өлімінің саны қысқартылды.

Қарулы қарсылық көрсету мәселелерін шешу, бірыңғайлауды бастау істері – елордада өткен келіссөздердің үлкен, әрі басты жетістігі. Қол қойылған келісімдердің орындалуы да сұхбат алаңының тиімділігін дәлелдейді. Ал 2018 жылға Астана үдерісінің кезекті кезеңі жоспарланып отыр. Демек, сұраныс бар.

Қазақстанның БҰҰ ҚК құрамында Орталық Азия елдерінің мүддесін қорғайтыны белгілі. Сондықтан да еліміз Ауғанстан және Аль-Каида, ДАИШ мәселелері жөніндегі комитеттерді басқарады. Бұл мәселелер бойынша Астана сындарлы кооперациялық жағдай жасауды үзбейді. Ұстанымдарды салыстыру және БҰҰ ҚК жұмысының басты беталысымен таныстыру мақсатында ай сайын Нью-Йоркте БҰҰ жанындағы Орталық Азия елдерінің тұрақты өкілдеріне арналған брифингтер өтеді.

Ауғанстанның сыртқы әлеммен коммуникативтік байланысын қалыптастыру мақсатында Қазақстан БҰҰ ҚК алаңында АИР экономикалық, әлеуметтік дамуына кешенді әрі тиімді көмек көрсету қажеттілігі жөніндегі идеясын алға тартады. Сонымен қатар, Орталық Азия мемлекеттерімен бірлесіп, көлік-транзиттік, сауда, инвестициялық әлеуетті күшейту мәселелерін де талқылайды.

Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін 2017 жылдың 27 қарашасында Қазақстан «Ауғанстан серіктестері: Орталық Азия аймағындағы қауіпсіздіктің, даму мен бейбітшіліктің байланысы» тақырыбында өткен БҰҰ ҚК мүшелерінің мәжілісін ұйымдастырды. БҰҰ ҚК мүшелігіндегі мемлекет өкілдерінің Кабулға сапарын ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бұл елдегі көп жылдық дағдарысты реттеуге сонда ғана серпін берілетіні анық.

2018 жылғы 1-31 қаңтар аралығында, тарихта алғаш рет Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде төрағалық етеді. Тарихи жауапкершілік пен қалыптасқан бюрократиялық тәртіп елімізге артылмақ.

ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев Құрама Штаттарға сапары аясында  жоғары деңгейдегі БҰҰ ҚК мүшелерінің тақырыптық пікірсайыстарына жеке төрағалық етеді.

18 қаңтардың күн тәртібінде Мемлекет басшысының дүниежүзілік алаңдағы басты әрі ұтымды тақырыптарының бірі – «Жаппай қырып-жою қаруын таратпау: сенім шаралары» қозғалады. Бүгінде бұл мәселе халықаралық (әсіресе ҚХДР айналасында) өзекті жағдай болып отыр.

Айта кетелік, 2006 жылдан бастап санағанда, бұл – Мемлекет басшысының екі жақты қарым-қатынастар аясындағы алғашқы ресми сапары болмақ. Әрине, 12 жылдың ішінде Елбасы АҚШ-қа бірнеше рет сапармен барды, алайда оның барлығы The Nuclear Security Summit немесе Нью-Йорктағы БҰҰ Жетекші ассамблеясы секілді көп жақты алаңдар болды.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде ҚР төрағалық етуінің аясында және Орталық Азия мәселелерін жаһандық алаңда қозғау тұрғысынан 19 қаңтар күні еліміз «Қауіпсіздік пен дамудың өзара тәуелділік үлгісі ретінде Ауғанстан мен Орталық Азиядағы өңірлік әріптестікті құру» тақырыбында министрлік пікірсайыс ұйымдастыруды көздеп отыр.

Орталық Азия мемлекеттері мен Ауғанстан сыртқы істер министрлерінің, БҰҰ ҚК елдердіндегі сыртқы саясат мекемелері басшыларының шараға қатысуы пікір алмасуға, ынтымақтастық басымдықтарын жаңартуға, сондай-ақ Ауғанстанды дамыту бойынша келісілген іс-әрекеттер жоспарын құруға көмектеседі.

Экономикалық күш пен көршілермен тығыз байланыстың арқасында Ауғанстанды қайта қалыпқа келтіру идеясының бұрын да айтылғаны рас. Қайғыдан көз ашпайтын бұл мемлекет қазіргі ахуалдан ешқашан өз бетінше құтыла алмайды. Сол себепті ауған мәселелерін шешуде көршілес елдердің үлкен маңызы бар.

Алайда Қазақстандай бұл мәселені Орталық Азиядағы серіктестердің қолдауымен бұрын ешкім көтерген емес. Бұған дейін Greater Central Asia секілді шетелдік серіктестер ұсынған идеяларды жүзеге асыруға Ауғанстан көршілері дайын емес еді, олардың мазмұны да басқа болатын.

Ауғанстанның жолы қиындықтар мен сын-тегеуріндерге толы деп қабылдаған қоғам санасы енді өзгеріп жатыр. Ауғанстан мәселелері күшейсе де, Орталық Азиядағы АИР-мен экономикалық байланыстар орнатуға деген қызығушылық артып келеді.

Мұның бәрі Орталық Азия іші мен айналасындағы геоэкономикалық, саяси өзгерістерді бейнелейді. Жаңа үдерістің тиімділігі – оңтүстік көршілерге басқа көзқараспен қарау, макро өңірлік ынтымақтастықтың ортақ тиімді жолдарын табу секілді жаңа мүмкіндіктер сыйлауында. БҰҰ ҚК шеңберінде Орталық Азияның қолдауымен ұсынылған Қазақстан бастамалары дүниежүзілік қауымдастық тарапынан саяси қолдау табады деген пікір бар.

БҰҰ ҚК құрамындағы ҚР жұмыс әдісінің арқасында біраз нәтижеге қол жеткіздік. Қазақстан дипломаттарының қолында 7 басымдыққа негізделген 2 жылдық құжат бар. Бұл пиар үшін жасалатын жұмыс емес, мемлекетіміз бен аймағымыға керек дүние. Бір жылдық тәжірибеден кейін тұрақты емес мүшеліктің келесі кезеңі нәтижелі болады деуге толық негіз бар. Себебі, БҰҰ ҚК тәртібі меңгеріліп, барлық ережелер ескерілді. Мақсат-міндеттер айқындала түсті...

Қорытындылай келе, еліміздің дипломатиялық керегесі берік бола түссін деп тілегіміз келеді. Себебі, алғашқы кезең барысында қол жеткізген жылдамдық қарқыны мен жоғары кәсіби деңгейді сақтап қалып, Д.Трамп әкімшілігі мен әлемде орнап жатқан өзгерістер тұсында күшеуі ықтимал күрделі саяси пікірталастарды төзімділік пен абыроймен өткізуде Қазақстан дипломатиясының маңызы зор.

 

Шаймергенов Т.Т., ҚР Тұңғыш Презденті – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары, саяси ғылымдардың кандидаты