САЯСАТТАНУШЫЛАРДЫҢ Х ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАЗҒЫ МЕКТЕБІ: ҚОҒАМ ЖАҢҒЫРУЫ ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ ДІН

Осы жылдың 29 мамырында Елбасы кітапханасында «Қоғам жаңғыруы жағдайындағы дін» тақырыбында саясаттанушылардың Х халықаралық жазғы мектебі өтті.

Іс-шара ұйымдастырушылары: Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасы, Қазақстан гуманитарлық-саяси конъюнктура орталығы, Қазақстанның саяси зерттеулер қауымдастығы. Іс-шараға жоғары оқу орындарының оқытушылары, ғылыми зерттеу институттарының (ҒЗИ) қызметкерлері, азаматтық қоғам өкілдері,  PhD докторанттары, магистранттар мен студенттер қатысты.

Мектептің негізгі мақсаты – Қазақстандағы саяси білімнің дамуына ықпал ету, саясаттану және гуманитарлық пәндер мұғалімдерінің біліктілік деңгейін арттыру, отандық саяси ғылымның сараптамалық маңыздылығын күшейту. 

Отырысты Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдардың докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов ашты.

- Қазақстан тәуелсіздігін алған алғашқы жылдардан-ақ діннің қоғамдағы рөлінің арта бастағанын түсінген Елбасы Н.Ә.Назарбаев елордамызда әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының форумын өткізу бастамасын көтерді. Астаналық әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі әлемдік қоғамдастық тарапынан бірауыздан мойындалып, орасан зор қолдау тапты және қазіргі заманның қауіп-қатерлеріне дәлме-дәл жауап болды. Ол өркениетаралық және мәдениетаралық жаһандық үдеріске қомақты үлесін қосып келеді. Дін саласындағы қазақстандық тәжірибе мен мемлекет саясаты бір мемлекетте бірнеше конфессия өкілдерінің тату-тәтті өмір сүре алатындықтарын әлемдік қоғамдастыққа дәлелдеді және Қазақстанда «ұлтаралық және конфессияаралық қарым-қатынастың қазақстандық ерекше моделінің» барын дәлелдеді, - деп атап өткен Ә.Рахымжанов жазғы мектеп қатысушыларына талқыланып отырған мәселелерді жан-жақты қарап, діни ахуалды заманауи әлемнің геосаяси трансформациялау мәнмәтінінде нәтижелі талқылап, ортақ шешім қарастыруға сенім білдірді. 

Сондай-ақ, Қазақстан гуманитарлық-саяси конъюнктура орталығы президенті, саяси ғылымдардың докторы, профессор Есенжол Алияров пен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері, саяси ғылымдардың докторы, доцент  Юрий Булуктаев қатысушыларға құттықтау сөздерін арнады. 

Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының  аға ғылыми қызметкері, исламтанушы, дін антропологы, этнолог, кавказтанушы, тарих ғылымдарының кандидаты  Ахмет Ярлыкапов «Бұрынғы КСРО аумағында исламның дамуының негізгі үрдістері» тақырыбында баяндама жасады.

«Тәжікстандағы дін және саясат: діндарлықтың саяси үдерістер мен саяси шешімдерге ықпалы» тақырыбында Тәжікстан Республикасы Президентінің жанындағы Исламтану орталығы замануи исламды зерттеулер бөлімінің бас маманы Музаффар Виркани сөз сөйледі.

Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Дипломатия институтының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Асылбек Ізбайыров «Зорлық-зомбылық сипатындағы экстремизм идеологиясының ерекшеліктері. Алдын алу мен радикалсыздандыру әдістерін жетілдіру» тақырыбы аясында ой тарқатып, Орталық Азия елдеріндегі исламдық фактор мәселелері, діни экстремизм идеологиясы мен халықаралық лаңкестік бойынша көзқарасын білдірді. 

Өз кезегінде исламтанушы, Нұр-Мүбарак ислам мәдениеті университеті жанындағы Діни экстремизмге қарсы іс-қимыл орталығының директоры Асқар Сабдин Қазақстандағы діни ахуал туралы сөз қозғады. 

Спикерлердің баяндамалары қатысушылар мен тыңдаушылар арасында үлкен қызығушылық тудырды. 

Отырыс қорытындысы бойынша тыңдаушыларға сертификаттар табысталды.