САЙЛАУ ЖҮЙЕСІ ТҮСІНДІРІЛДІ

Бүгін Елбасы кітапханасының қызметкерлері елордадағы № 77 мектеп-гимназиясының оқушыларына «Қазақстан Республикасындағы сайлау жүйесі» тақырыбында онлайн сабақ өткізді. Сабақтың мақсаты – оқушыларға елдегі сайлау жүйесі туралы түсіндіру, саяси мәселелерді талқылау, елде болып жатқан оқиғаларға бей-жай қарамауға және болашаққа қадам жасауға бағыт-бағдар беру.

Дәріскер, Әлеуметтік-гуманитарлық жобалар және білім беру қызметінің жетекші ғылыми қызметкері Әсия Оспанова еліміздің сайлау жүйесі, оның ішінде Президент сайлауы туралы айтып, қазіргі уақытта өтіп жатқан праймериз барысын баяндады.

Сабақтың тәжірибелік бөлігінде дәріскер оқушылардың өз ойын еркін айта білу дағдысы мен ақпараттық құзыреттіліктерін қалыптастыруға ықпал ететін тренингтік жаттығулар өткізді. «Мен сайлауға қатысамын» ойын барысында оқушылар мектеп президенті сайлау ойынына қатысып, өздерінің презентацияларын таныстырды.

– Біз сияқты жастардың жан-жақты дамуына осындай сабақтардың септігі мол. Бүгінгі сабақтан алған білімімді алдағы уақытта мектепте өзін-өзі басқару ұйымының жұмысында қолданамын,-деп ой бөлісті № 77 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Дарын Мұханбетжан.

Онлайн сабақ барысында дәріскер жуырда ғана жарияланған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың «Абай аманаты»  мақаласының маңыздылығына тоқталып, «Абайдың сөзі мен ойы біздің күнбе-күнгі тірлігімізге, өркенді өмірімізге кірпіш болып қаланып, бүгінгі өркениет пен алдағы болашақ талабына лайық ұмтылыстарымыздан және игі істерімізден нақты көрініс табатынына кәміл сенемін»,-деген Елбасының сөзімен сабақты қорытындылады.

Сабақ соңында оқушылар ақын Абайдың 175 жылдығына арналған өлең оқу эстафетасын жалғастырды.