Үстіміздегі жылдың 30 сәуірінде Алматы облысы Шамалған ауылындағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында Елбасы кітапханасының жинағынан «Әлем таныған Елбасы» көшпелі қор көрмесі ашылды. Іс-шара елорданың 20 жылдығына орай ұйымдастырылды.

Көрменің бірегей тарихи-мәдени жәдігерлерінің жинағы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевтың қызметі арқылы еліміздің ауқымды сыртқы саясатының негізгі басымдықтары кешенін, Қазақстан Республикасының әлемдік қауымдастықтағы орны мен рөлін айшықтайды.

Көрменің негізін Н. Ә. Назарбаевқа шетелдердің мемлекет және үкімет басшылары, халықаралық ұйымдар мен қорлар, әлемдік жетекші компаниялар, корпорациялар мен мекемелер тарту еткен Елбасымыздың сындарлы саясатына деген әлемдік қауымдастықтың құрметі мен мәртебесінің белгісі іспеттес бірегей 150-ден астам жәдігерлер құрады.

Көрмені ашқан Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Әмірхан Рахымжанов өзінің салтанатты алғы сөзінде:

– Елбасы еліміздің тәуелсіздігін баянды ету жолында, елдік мәселелері туралы толғанғанда бүгін біздің басымызды қосып отырған Үшқоңыр тауы баурайындағы қасиетті туған жерін әрқашан жадынан шығармады. Қазақ тарихында ата-бабамыз армандап кеткен егемендікке сын сағатта қол жеткізіп қана қоймай, көп ұлтты елді біріктіріп, әлем санасатын мемлекет қатарына қоса білген, қазіргі уақытта Қазақстанды дүниежүзінің дамыған 30 елінің қатарына жеткізу міндетін жүзеге асыруға халқын жұмылдырып отырған Елбасымыздың Ұлы тұлға болып қалыптасуына сөз жоқ, кіндік қаны тамған жері, ата-анасының тәрбиесі, өскен ортасы, туған жерінің тарихы ықпал етті. Сонымен қатар, «Жаным арымның садағасы» деп, ел басына түскен сын сағаттарда кез келген қиындықты жеңуге халқын жұмылдыра білген ел басқарған ұлы тұлғалардың, оның ішінде әлем мойындаған тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың балалық шағынан бастап егемен елдің Көшбасшысына айналған сара жолы – қазіргі және болашақ ұрпақты тәрбиелейтін рухани мектеп.

       Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар ауыл тұрғындары мен іс-шара қонақтарын көрменің ашылуымен құттықтап, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасына тәуелсіз Қазақстанның терең тарихына бойлауға, біздің елімізді табысты жетістіктерге, бейбітшілік пен тұрақтылыққа бастаушы Н. Ә. Назарбаевтың жаһандық идеяларының ауқымдығын жете түсінуге мүмкіндік бергені үшін алғысын білдірді.

Көрменің ашылу салтанаты барысында трионың орындауында «Үшқоңыр» әні шырқалды.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында ашылған «Әлем таныған Елбасы» көрмесі тұрақты жұмыс жасайды.