ШЕШЕНДЕР САЙЫСЫ

Терең ойға, ұтқыр шешім мен тапқыр қисынға негізделетін шешендік өнердің сирек кездесетін қасиет-дарын екені көпке мәлім. Жақында белгілі қазақ жырауларына тән ділмарлықты мақсат еткен «Нұр Отан» партиясы жастарының арасында көпшілік алдында сөз сөйлеуден сайыс өтті. ТED үлгісінде ұйымдастырылған іс-шара аясында сөйлеушілер ойын еркін жеткізіп, тыңдаушылармен тығыз байланыс орната алды.

«Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы ұйымдастырған көпшілік алдында сөз сөйлеу сайысында Елбасы кітапханасы Музей құндылықтарын есепке алу және сақтау қызметінің басшысы Ерден Ордабек жеңімпаз атанды. Кез келген сұраққа еркін жауап бере алатын оның үйірімпаз қасиеті тыңдаушылардың көңілінен шығып, жеңісті қанжығасына байлауға ықпал етті.

Сайысқа «Нұр Отан» партиясы елордалық филиалының аумақтық филиалдарынан барлығы 46 адам қатысты. Олардың қатарында «Бірлік», «Алматы», «Байқоңыр», «Есіл», «Нұр», «Сарыарқа», «Өркениет» филиалдарының партия мүшелері бар. Белгілі жаттықтырушылар қатысушыларға арнайы шеберлік класын өткізді. Тыңдаушылар алдында Ерден Ордабек «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Елбасының Жолдауына арналған тұсаукесерді ұсынды.

– Аталмыш іс-шараға қатысу арқылы біраз тәжірибе жинап, қызмет барысында қажет дағдыларды икемдеп алдым. Сайыс барысында әріптестеріммен бөліскен білімімнің оларға да пайдалы деген үміттемін. Елбасы кітапханасының қызметі жан-жақты дамуымызға мүмкіндік беретініне ризамын. Мекемемізде көптеген түрлі деңгейдегі кездесулер мен бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылады. Біз бүлдіршіндермен, студенттер, оқытушылар, қоғам қайраткерлері және саясаткерлермен жұмыс істейміз. Мұның бәрі мені әрі азамат ретінде, әрі маман ретінде байытады, - деді байқаудан алған әсерімен бөліскен Ерден Ордабек.