Ағымдағы жылдың 28 ақпанында «Болашаққа жол өзіңнен басталады» атты екі күндік семинар-тренинг Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті мен Шахмардан Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар мен инжиниринг университеті студенттерінің басын қосты.

2019 жылғы 13 ақпанда Кітапхана жаңартылған бағдарлама бойынша қалыптасқан семинар-тренингтердің төртінші маусымын ашты. Оқу бағдарламасы Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері», «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жолдаулары мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалаларына, «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабына негізделген. Тренинг бөлімінде жастар топпен жұмыс істеп, әлеуметтік жобаларды дайындайды, түрлі ойындарға қатысады.

Екі күндік іс-шараның қатысушылары бізден пікірлерін жасырмады.

– Кітапхана – теңдессіз білім бұлағының көзі. Ал қоғам мен адамзаттың өсіп-өркендеуі біліммен тығыз байланысты. «Кітап – білім бұлағы» демекші, осынау білімнің тұнық та мөлдір бұлағынан шәкірттерді сусындатып, олардың рухани дүниесін молайтып, тағылымы мол тәрбие ошағына айналып отырған кітапхананың алар орны бір төбе. Бүгінде біз Астана төрінен орналасқан Елбасы кітапханасына келіп отырмыз. Қарапайым кітапхананың емес, мәдени орталықтың міндетін атқаратын мекемеде тың ақпаратқа қол жеткізіп, мазмұнды семинарға қатыстық. Дәріскерлер мен  Елбасы кітапханасының ұжымына алғысымыз шексіз. Жұмыстарыңызға тек сәттілік тілейміз, - деді Ш.Есенов атындағы КМТИУ студенті Көркем Әбілдаева.

– Қысқа уақыттың ішінде көркейіп, өзіне әлем назарын аудартып отырған бас қаланың көрінісі ерекше әсер сыйлады. Қайталанбас ғимараттар көздің жауын алады. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы – сол ғимараттың алдыңғы қатарында. Мәдени орданың төрінде екі күндік семинарға қатысып, тарихқа шолу жасадық. Теңіз түбінен жақұт тапқандай ерекше сезімге бөлендік. Осы орайда жастар болашағының жарқын болуына жағдай жасаған Мемлекет басшысына алғыс айтып, Президентіміздің саясатын жүзеге асырып келе жатқан Елбасы кітапханасына ризашылығымызды білдіреміз, - деді С.Аманжолов атындағы ШҚМУ студенті Сағадат Мұса.