Шығыс және Батыс Қазақстан облысының 9–11 сынып оқушыларына «Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол» семинар-тренингінің соңғы күнінде оқу курсының аяталуы туралы сертификаттар салтанатты түрде табыс етілді.

 

Екі күн бойы оқушылар Елбасы кітапханасының жетекші ғылыми қызметкерлері философия ғылымдарының докторы, профессор Ғазиз Телебаев пен тарих ғылымдарының кандидаты Сағынтай Бердіғұлованың «Бәсекеге қабілеттілік – XXI ғасырдағы ұлт жаңғыруы», «Қазақстанның тарихи жолы мен эволюциялық дамуы», «Ұлттық бірегейлікті сақтау», «Ашық сана – болашаққа жол» дәрістерін тыңдады. Жеке және топтық нәтиже мен бәсекеге қабілеттілікті көтеру тренингтері, «Туған жер» туристік жобасын жасау, топтық ойындар мен психологиялық жаттығулар, «Қазақстан жолы» интерактивті ғылыми білім беру орталығының тәжірибелік сабақтарын Әлеуметтік-ағартушылық жобалар қызметінің жетекші сарапшылары педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Күнсұлу Исинова, аға сарапшылар Ақбота Хамитова мен Күнзия Үмбетова жүргізді.

 

«Біз Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында болдық, онда «Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол» семинар-тренингі өтті. Маған осындай мүмкіндік туғаны үшін алғысым шексіз және өте қуаныштымын. Кітапхана мен Музейді, жәдігерлерді көру, тарихқа ену, еліміз бен Президентіміз туралы әңгімелерден керемет әсер алдым! Экскурсия мені қатты қызықтырды, сонымен қатар Елбасымыз, еліміз бен елордамыз үшін мақтаныш сезімін оятып, Қазақстанда туғанымызға өте қуандым. Маған тәуелсіз елде туып, өсу бұйырса, оның болашағы, біздің болашағымыз өзіміздің қолымызда деген ой келді. Біз барымызды сақтап қана қоймай, оны еселей түсуіміз қажет. Барлығы біздің, жастардың қолында. Мені семинар-тренинг одан әрі қанаттандыра түсті. Маған ақпаратты жеткізе білген, қызықтырып, ынталандыра түскен дәріскерлер де, дәріс те өте ұнады. Сол үшін оларға көп рахмет! Құнды тәжірибелері үшін әрқайсысына алғысым шексіз! Оқу барысында ой бөлісеміз, тәжірибе алмасамыз. Осы бағдарлама Қазақстанның әртүрлі қалаларынан таныстар табуыма, ой-өрісімді кеңейтіп, лидерлік қасиеттерді дамытуыма түрткі болды. Келесі кездесуді тағатсыздана күтетін боламын!», –деген семинар-тренингтің қатысушысы, БҚО Шаған мектебінің 10-сынып оқушысы Оксана Мұратова өзінің Instagram желісіндегі парақшасында осындай қуанышты пікір қалдырған.

– Сабақты ұйымдастыру аясында дәстүр бойынша қатысушыларға, оқушылар мен студенттерге жас лидерлермен кездесу өткіземіз. Бүгін сіздерге «Болашақ» шәкіртақысын алу үшін не істеу керек, осы бағдарламаның көмегімен өз біліміңді қалай жетілдіруге болады және оған қандай мақсат қою керектігін білуге таптырмас мүмкіндік туып тұр, – деді шақырылған спикер – Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық «Болашақ» шәкіртақысы ассоциациясының директоры Лаура Демесінованы таныстырған Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова.

Бүгінгі мейман да «Болашақ» шәкіртақы иегері, 2012 жылы Швейцариядағы Cesar Ritz Colleges оқу орнын бітіріп, туристік менеджменттегі халықаралық бизнес саласының гуманитарлық ғылымдар магистрі дәрежесін алған. Қазақ, орыс тілідерімен қатар ағылшын, қытай, француз тілдерін еркін меңгерген.

Лаура Демесінова кездесуге қатысушыларды «Болашақ» ассоциациясы қызметінің мақсаты және бағыттарымен таныстырды. Ол әлемнің таңдаулы жоғары оқу орындарында оқу үшін Қазақстанның азаматтарына 24 жылдың ішінде 12,5 мыңнан аса «Болашақ» шәкіртақысы берілгенін хабарлады. Халықаралық шәкіртақы шарттары және мерзімімен қатар, балаларды «Startup «Bolashak» стартап-жобалары, жыл сайынғы «Жас Сарапшы» жас мамандардың республикалық байқаулары, «Жастар – Отанға» инновациялық идеялар фестивалі туралы ақпараттар қызықтырды.