Үстіміздегі жылдың 15 ақпанында Оңтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайында (Шымкент қ.) Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасының «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі кешен көрмесі ашылды.

«Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» қор көрмесінің ашылуында Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы – Елбасы кітапханасы директорының міндетін атқарушы Махмұт Қасымбеков Қазақстан тарихындағы Елбасының жаһандық қызметіне, еліміздің халықаралық беделінің қалыптасуы мен нығаюындағы Н. Ә. Назарбаевтың тұлғалық тарихи рөліне ерекше тоқталып, көшпелі жобанының алғаш рет 2017 жылдың қарашасында Алматыда ашылғанын айтып өтті:

– Алғашқы рет мұндай көрме өткен жылдың аяғында тәуелсіздігіміздің тал бесігі, Отанымыздың екінші астанасы – Алматыда өткізілген болатын.

Көрме өте табысты өтті, оны 2 айдың ішінде 70 мыңнан астам алматылықтар тамашалады. Міне, бүгін аяулы Алматыдан кейін көрмені шырайлы Шымкент қаласында ашқалы отырмыз. Әрине, бұл кездейсоқ емес. Себебі, Оңтүстік Қазақстанның еліміздің әлеуметтік және экономикалық дамуындағы рөлі аса зор.

Екіншіден, бұл өңір – халқымыздың мәдениеті мен салт-дәстүрінің кеніші, ана тілімізбен ұлттық құндылықтарымыздың қаймағы бұзылмаған ордасы. Шымкент баршамыз үшін әрі ыстық, әрі жүректерімізге жақын.

Көрменің аясында киелі Түркістан қаласында және облыстың бірнеше оқу орындарында кездесулер, семинарлар мен конференциялар ұйымдастырылатын болады.

Көрменің аясында өткізілетін шаралар облыстың мәдени және рухани өмірінде елеулі оқиға болады деп үміттенеміз, – деді.

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі ЖансейітТүймебаев оңтүстік өңірінде өз жұмысын бастаған көрме жобасының маңыздылығын атап өтті:

– Құрметті қауым! Бүгін біздің облысымыз үшін айтулы оқиға. Отанымыздың елордасы – Астанадан бастау алған Елбасымыздың кешенді көшпелі көрмесінің оңтүстік астанамыз Алматы қаласынан кейін үш миллион халқы бар біздің өңірімізде ашылуы үлкен мәртебе деп айтар едім. Елбасымыздың өмірі мен қызметінің тарихын, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуындағы ерен еңбегін, егеменді еліміздің қол жеткізген жетістіктері мен әлемдік қауымдастықтар мойындаған табыстарын айшықтайтын бұл көрмені оңтүстік жұртшылығы мақтан тұтып, жоғары бағалайтынына сенімдімін. Бұл көрмеден алатын тағылымымыз мол. Ел ықыласын оятқан көрменің мақсаты –

Елбасымыздың әлемге танылған, экономикасы қарқынды дамыған, өндіріс, ғылыми, мәдени, заманауи мемлекет қалыптастырудағы рөлін жүйелі түрде көрсету болып табылады. Мемлекет басшымыз Қазақстан тарихындағы шешуші кезеңдерді, еркіндік пен тәуелсіздікті аңсаған халқының арманын орындады, жүзеге асырды. Қысқа мерзім ішінде еліміз жүздеген жылдарға татитын ғажайып даму кезеңін артқа тастады. Еліміз әлеуметтік-экономикалық тұрғыда айрықша өркендеп, халқымыздың әл-ауқаты жақсарды. Елбасымыздың көрегендігі мен ерік-жігерінің арқасында еліміз достық пен келісімнің мекеніне айналып, әлем елдеріне үлгі болды. Тәуелсіздік және Елбасы ажырамас ұғымдарға айналды.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев көрменің ашылуына сәттілік тілеп, Елбасымыздың Рухани жаңғыру бағдарламасында айтылған Кітапхана жобасының маңыздылығына тоқталды.

– 2017 жылы жалпыұлттық қолдауға ие болған бұл бағдарламаның Париж қаласында ЮНЕСКО-нің штаб-пәтерінде, Түркияның астанасы – Анкара қаласында таныстырылымы өтіп, шетелдік сарапшылар мен халықаралық ұйымдардың жоғары бағасына ие болды. Осындай ширек ғасырдың ішінде жоғары бағаланып, дүниежүзіне танылған басқа мемлекет жоқ. Мұндай асқақ мәртебеге тек қана Қазақстан лайық. Елбасының сөзімен айтсақ, «Біз – айшықты елміз, жоралы жұртпыз, барша қазақты біріктірген бәтуалы ұлтпыз!». Жеңістеріміз көп болсын! Көрме құтты болсын! – деді.

Көрменің алғашқы көрермендері қор жинақтарындағы құжаттармен, Елбасымызға берілген 50-ден аса шетел мемлекеттерінің жоғары мемлекеттік марапаттарымен, сондай-ақ қару топтамасының жәдігерлерімен, қолтаңба жазылған сый кітаптармен танысты.

Бүгін жоба аясында,«Көрме» кешенінде сағат 15:00-де ғалымдарға, мектеп мұғалімдеріне, кітапхана, архив, музей қызметкерлеріне арналған «Елбасы кітапханасының ақпараттық ресурстары» аймақтық кәсіби сессиясы өтеді.

Елбасы кітапханасы көшпелі жобасының Оңтүстік Қазақстан облысындағы тұсаукесеріне орай, сағат 18:00-де «Түркістан» концерт залында ҚР Мемлекеттік күзет қызметі Президенттік оркестрінің концерті өтеді.

16 ақпанда жоба өз жұмысын жалғастырады.