СИРЕК СУРЕТТЕР: ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНЫҢ АРХИВІ ЖАҢА ҚҰЖАТТАРМЕН ТОЛЫҚТЫРЫЛДЫ

Елбасы кітапханасының ғылыми ізденушілері Атырау облысынан олжалы оралды. Экспедиция барысында мамандар өңірдің даму тарихы туралы сыр шертетін суреттер мен құнды құжаттарға қол жеткізді.

Бұл суреттерді көрнекті қоғам қайраткерлері мұрағатқа сый ретінде тарту етті. Олар: Қазақстан ЛЖКО Махамбет аудандық, Гурьев облыстық комитеттерінің бірінші хатшысы болған Мәдина Ғабдысәлімқызы, сондай-ақ өңірдің балық шаруашылығы тарихында аңызға айналған тұлға Қайыржан Әлиев, 2003-2010 жылдары Махамбет ауданының әкімі болған Рысқали Сисатов. 

Жарты ғасыр бұрынғы ақ-қара түсті кадрларда Н.Ә.Назарбаевтың сол кездегі  Гурьев облысына жасаған жұмыс сапарларындағы сәттері көрсетілген.  Тарқатып айтсақ, 1970 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы лауазымындағы Н.Назарбаевтың Гурьев балық консервілеу зауытына сапары.  

Гурьев балық консервілеу зауытын аралау сәті, 1970 жыл.

Тағы бір кадрда Тың және тыңайған жерлерді игерудің 30 жылдығына арналған салтанатты жиынға қатысушылар көрсетілген. Сурет 1984 жылғы наурыз айында Алматы қаласында түсірілген.

Тың және тыңайған жерлерді игерудің 30 жылдығына арналған салтанатты жиынға қатысушылар. Алматы қаласы, 1984 ж. наурыз. 

Нұрсұлтан Әбішұлының 1984 жылы СОКП Орталық Комитеті жанындағы қоғамдық ғылымдар Академиясының қазақстандық аспиранттарымен түскен, сондай-ақ 1996 жылғы маусым айында  Атырау металл бұйымдары зауытының өнімдерімен танысу барысындағы фотосуреттері ерекше қызығушылық тудырады. Суреттерде ғалымдар мен өндіріс қызметкерлері ғылыми еңбектері мен  жетістіктерінің нәтижелерімен таныстыруда.

Н.Назарбаевпен кездесу. СОКП Орталық Комитеті жанындағы қоғамдық ғылымдар Академиясының қазақстандық аспиранттары, 1984 ж. наурыз.

Металл бұйымдары зауытының өнімдерімен танысу сәті. Атырау қаласы, 1996 ж. маусым.

Елбасы кітапханасы архив жұмысы секторының жетекшісі Жангелді Бимолдиннің айтуынша, Атырауға іссапардың басты мақсаты «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі  көрме жобасы аясында «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасының ақпараттық ресурстары» атты кәсіби сессиясын өткізуге қатысу болған. Іссапар барысында Атырау облысының мемлекеттік архивінде болып, өңірдің танымал қайраткерлерімен сұхбатты жазып алу мүмкіндіктері пайдаланылды.

– Көзі ашық, көкірегі ояу ел азаматтары суреттерімен ғана емес, ел игілігі үшін белсенді қызмет еткен жылдардағы естен кетпес естеліктерімен де бөлісті. Олар Елбасымыздың өңірге жасаған жұмыс сапарлары барысындағы кездесулері, оның тұлғалық және іскерлік қасиеттері туралы әңгімелеп берді. Өңірдің терең тарихы, Президенттің қызметі мен оның облыс дамуына қосқан жеке үлесі туралы құнды құжаттарды көздерінің қарашығындай сақтағандары үшін осы азаматтарға алғысымызды білдіреміз, - деді Ж.Бимолдин.

Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Н.Назарбаев  химия зауытында, 1981 ж.

Атырау облысындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының қорытындысы бойынша 40-қа  жуық тарихи фото-құжаттар жиналды, олардың жетеуі ерекше құндылыққа ие, себебі осы уақытқа дейін Елбасының жеке архивінде мұндай фотосуреттер болмаған.

Әрбір экспедиция Қазақстан жылнамасын мемлекеттің қалыптасу кезеңі, Н.Назарбаевтың маңызды қызметі, халқымыз бен оның тарихы туралы құнды мәліметтерден тұратын жаңа қызықты деректермен толықтыруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта Елбасы кітапханасы архивінің мамандары кезекті сапарға дайындалуда, бұл жолы Ақтөбе облысынан мұрағаттық құжаттарды жинау жоспарлануда.