ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР ЕЛБАСЫ МУЗЕЙІН АРАЛАДЫ

Елбасы кітапханасының музейіне темірдей тәртіпке бағынып, әскери форма киген Ұлттық ұланның өкілдері атбасын бұрды. Ел егемендігін алған жылдары Тұңғыш Президенттің Жарлығымен алғашқы күш-қуат болып құрылған құрылымның қызметкерлері музей ғимаратын аралады.

Әскери қызметкерлер Қазақстанның рәміздерінен сыр шертетін «Президент жолы» залына келгенде экскурсия жетекшісін зер салып тыңдады. Ұлттық ұлан өкілдері бұл залдағы әр жәдігерге қызыға қарады.

 «Біз Елбасы кітапханасымен тығыз қарым-қатынас орнатқанбыз. Бүгін әскери қызметкерлердің танымдық бағыттарын, біліктілігін арттырып, ой-өрісін кеңейту үшін Тұңғыш Президент музейіне келіп тұрмыз. Бұл жерден алған әсеріміз ерекше. Елбасымыздың өмірбаянын, өркендеу тарих жолдарын білу – біз үшін үлкен мәртебе. Біз әскери салада қызмет атқарғандықтан, соның бәрін жан-жақты білуіміз керек. Музейдің залдары бірінен-бірі өткен. Маған ерекше әсер еткен дүние – «Президент жолы» залында орналасқан үлкен Елтаңбамыз. Өте керемет. Заманауи технологиялармен жасалған екен. Сондай-ақ осы залды аралау барысында Ата Заңымыз, ҚР Қарулы күштері туралы мол ақпарат алдық», - деп ой бөлісті Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық бас басқармасының мемлекеттік тіл бөлімінің офицері, капитан Гүлшан Ибрагимова.

Экскурсия барысында әскери қызметкерлер Тұңғыш Президент туралы мол мәлімет алып, сан түрлі сұрақтарына жауап алды. Осы тұста, ғимараттың барлық залын  аралап көтеріңкі көңіл-күйде жүрген  ҚР Ұлттық ұланның қызметкері Мейрамбек Батырбекұлын әңгімеге тартқан едік.

–Бұл ғимаратқа әріптестеріммен бірінші рет келіп тұрмыз. Кірген кезден бастап мекеме қызметкерлерінің көрсеткен ілтипатына риза болдық. Экскурсия жетекшілері әр жәдігерге тереңірек тоқталып, оның тарихымен толық таныстырып, жан-жақты мағлұмат берді. Маған Елбасының жастық шағы мен  басшылыққа дейін жүріп өткен жолдары баяндалатын «Тұлғаның қалыптасуы» залы қатты ұнады. Тұңғыш Президентіміздің ата-анасының бейнелері қазақстандық қылқалам шеберлерінің туындыларында ерекше көрініс тапқан екен. Н.Ә. Назарбаевтың Украинадағы Днепродзержинск қаласында білім алуы, елге оралып сол уақыттағы Қазақстан мен Орта Азиядағы ең алғашқы домна пешінің іске қосылуына атсалысқаны, өндірістен қол үзбей жүріп оқуын жалғастырғаны туралы біліп, Елбасының еңбекқорлығына тәнті болдым. Сондай-ақ Тұңғыш Президентіміздің қарапайым жұмысшыдан партия және комсомол жұмыстарына белсенді араласып, кәсіби басқарушылар қатарына өткен өмір жолымен танысып шықтым, -деді  Ұлттық ұлан өкілі.

  

Музейді тамашалаушылардың қатарында Ұлттық ұланның сымдай тартылған сарбаздары да бар. Еліміздің түкпір-түкпірінен келіп, елордада әскери борыштарын атқарып жүрген жігіттер  ғимараттың ғажаптығын айтып өзара күбірлесіп қояды. ҚР Ұлттық ұланның қатардағы сарбазы қызылордалық Бекхан Оразәлі «Қаланың дамуы» мэппинг шоуының қасында оңаша ойға шомып тұр екен. Бұл жігіт карантин кезінде бас қаланың көшелерінде тік тұрып қызмет еткен сарбаздардың бірі болып шықты.

«Біз астананың көшелерінде көп жүреміз. Сол жүрген жерімді бүгін мына музейдегі мэппинг шоуы арқылы көрдім. Табаным тиген көшелерді төбеден бақылап қараған да қызық екен. Кілем бейнесіндегі астанамыздың жер шарындағы орнын тамашалаған да ерекше әсер етті»,-деді Бекхан Оразәлі.

Елбасы музейіне экскурсия жасаған әскери қызметкерлер заманауи технологиялар арқылы кең залдарға орналастырылған көздің жауын алатын жәдігерлерді көріп қана қоймай, оның тарихымен танысып, тамаша көңіл-күймен тарқасты.