СТУДЕНТТЕРДІ СЕРГІТКЕН СЕМИНАР

«Бұл дәрісте қалғи алмайсың. Ғылыми қызметкерлердің отты жанары, өтімді сөзі, пайымды пікірі санаңды сергітіп, мақсат-міндетіңді айқындап береді». Бүгін Елбасы кітапханасындағы семинар-тренингке ат басын бұрған студенттердің бірінің сөзі бұл.

Дәстүрлі «Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол» семинар-тренингінің осы жолғы қатысушылары – Еуразия гуманитарлық институты мен Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің студенттері.

Семинар-тренингтің алғашқы күні қатысушылар ғылыми кызметкерлердің  дәрісінен кейін Елбасы кітапханасының музейі мен Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне экскурсия жасады.

 

– Екі күндік семинар-тренингте Елбасының Жолдаулары мен саяси бастамаларымен тереңінен танысып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан  «Туған жерге туыңды тік», «100 есім» жобалар туралы мол ақпарат алдық. Тренинг барысында топ-топқа бөлініп, түрлі тақырыпта пікір алмасып, тың жобамызды қағаз жүзінде жүзеге асыра білдік. Мол тәжірибе жинадық.  Елбасы кітапханасындағы экскурсия барысында «Сөз құдіреті» бөлімінде орналасқан «Қазақтың батырлық жырлары» туралы кітабы ерекше әсер етті. Бұл құнды дүниенің сыртқы мұқабасына қарап, ішін парақтағың келеді. Кітаптың ерекшелігі сонда – батырлар жырын заман талабына сай диск ретінде жинақтаған. Бұл біз сияқты жастарға таптырмас дүние екен. Мекеменің ғылыми қызметкерлері құнды ақпаратпен алмасып қана қоймай, тың деректерге қол жеткізуімізге өз септігін тигізді,-деп ой бөлісті Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің 1 курс студенті Арайлым Абдуалива.

Оқуды тәмамдаған семинар-тренингтің қатысушыларына қызықты кездесулер тұрақты түрде ұйымдастырылады. Бұл жолы кездесуге «Астана опера» театрының жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сүндет Байғожин келді. Сүндет Әбдірахманұлы  жастарға өнермен өрілген өмірінен сыр шертіп, тағылымға толы әңгіме тиегін ағытты. Кездесу соңында өнерпаз Абайдың "Айттым сәлем, Қаламқас" әнін орындап, көпшілік қошеметіне ие болды.

Семинар-тренингтің марапаттау рәсімінде Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова қатысушыларға ізгі тілегін білдіріп,  арнайы сертификаттарды табыс етті.