14 наурыз күні Елбасы кітапханасының музейінде Қарағанды қаласы №1 балалар көркемсурет мектебі түлектерінің дипломдық жұмыстары көрмесінің ашылуы өтті.

«Туған өлкем» көрмесі балалар шығармашылығы мен қосымша білім беру ұйымдарын қолдау бойынша республикалық бағдарлама аясында ұйымдастырылды. Аталған көрме арқылы елорда тұрғындары мен қонақтары республикамыздағы балалар көркемсурет мектептері тәрбеленушілерінің үздік дипломдық жұмыстарымен танысуда.

Көрменің салтанатты ашылуы қарсаңында Қарағанды қаласы №1 балалар көркемсурет мектебінің педагогтары О.В.Брагина, Д.Т.Кеңесбаева, Г.Ғ.Қалышева, С.Б.Құлпейісов шеберлік кластарын өткізді: «Iclay» сазынан саусақ ойыншықтарын жасау», «Алла прима» техникасындағы акварельдік майлы бояу, «Жылтыр қағаздағы монотипия», «Көмірмен сурет салу техникасындағы шарж». Аталған шеберлік кластарына елордалық балалар көркемсурет мектептері оқушылары мен Балалар үйінің тәрбиеленушілері қызыға қатысты. 

- Мен балалар шығармашылығы мен қосымша білім беру ұйымдарын қолдау бойынша «Туған өлкем» бағдарламасын жүзеге асырудың екінші жылында ашылып отырған салтанатты шарада Сіздерді көргеніме қуаныштымын. Өткен жылы Семей, Павлодар, Шымкент және Екібастұз балалар көркемсурет мектебі түлектері дипломдық жұмыстарының көрмелері Елбасы кітапханасында табысты өткен болатын. Аталған көрмелерде үздік жұмыстардың авторлары арнайы сыйлықтармен, озат педагогтар – «Үздік педагог» марапатына ие болды. Бүгін біз Сіздердің назарларыңызға Қарағанды қаласы №1 балалар көркемсурет мектебінің талантты оқушыларының көрме жұмыстарын ұсынамыз. Сіздерге шын мәніндегі көктем көрмесінен рахат алуларыңызды тілеймін! - деп атап өтті Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары Әмірхан Рахымжанов құттықтау сөзінде. Ол келесі сөзді «Туған өлкем» бағдарламасы аясында өткізіліп жатқан «Туған жерім» балалар шығармашылығы байқауы қазылар алқасының мүшесі, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мәдениет қайраткері Нелли Шивринаға берді.

- Осы сәтті пайдалана отырып, Елбасы кітапханасына, Астана қаласы Балалар көркемсурет мектебіне (клуб ЮНЕСКО) тамаша шараны ұйымдастырғандары үшін зор алғысымды білдіремін. Көрмеге таң қалдырарлық туындылар ұсынылған. Олар балалардың сезімдерін, әсерлерін, эмоцияларын көрсетеді. Шеберлік кластарының да орны айрықша. Бұл жаңа дағдыны үйренуге мүмкіндік береді. Осындай көрмелердің арқасында балалар басқа қалалардағы көркемсурет мектептері тәрбиеленушілерінің жұмыстарымен, ал педагогтар әріптестерінің техникасы және тәсілдерімен танысуға тың мүмкіндіктер алады. Музейлік көрмеге қатысудың өзі суретші үшін үлкен жетістік деп есептеймін, - деді Нелли Викторовна.

«Туған өлкем» көрмесінде ұсынылған жұмыстар мектепте оқытылатын бейнелеу өнері техникасының сан алуандылығын көрсетеді. Көрме ашылуында 30-дан астам дипломдық жұмыс ұсынылатын болады. Бұл көрмеде Қарағанды балалар көркемсурет мектебі педагогтары мен оқушыларының көпжылдық еңбегі көрсетіледі.

- Жалпы біздің түлектеріміздің диплом жұмыстарының көрмесі жылдан жылға жинақталып, олардан топтамалар құрылады. Бүгінгі көрмеге жоғары бағаға ие болған ең үздік туындыларды ала келдік, - деді Қарағанды қаласы №1 балалар көркемсурет мектебінің директоры Дина Кеңесбаева.

Қарағанды қаласы №38 гимназиясының 9-сынып оқушысы, №1 балалар көркемсурет мектебінің өткен жылғы түлегі Алика Вагнер өнерге деген көзқарасын былай білдірді:

- Көрмеде менің «Эмоциялар» атты дипломдық жұмысым қойылған. Мен әртүрлі эмоцияда болған адамдарды көрсеткім келді. Кез келген зат суретшіге ойындағысын білдіруге көмектеседі, сондықтан суретші болуға талпынған жас өз сезімін білдіруден қорықпауы тиіс, өйткені өнердің басты бағыты осыда деп есептеймін.

Көрме 2019 жылғы 15 сәуірге дейін жалғасады.