ТАҚЫРЫПТЫҚ ЭКСКУРСИЯЛАР ЖАЛҒАСУДА

Елбасы кітапханасындағы тақырыптық экскурсиялар онкүндігі аясында елорда мектептерінің оқушылары Назарбаев орталығына жиі келіп, білім көкжиектерін кеңейтуде. Экскурсия қызметінің сарапшылары Жанат Жұмахметова мен Құмар Жүнісов онкүндік шара барысында қалалық №83 мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушыларына тақырыптық экскурсиялар өткізді.

Тарихқа көз жүгіртетін болсақ, егемен еліміз әлемнің беделді әрі толыққанды мүшесіне айналды. Өркениет биігіне ұмтылған мемлекетіміздің бүгінгі жеткен жетістіктері – Елбасы қалыптастырған сарабдал саясаттың арқасы. «Әлем таныған Елбасы» тақырыптық экскурсиясы – еліміздің сыртқы саясаттағы жетістіктерін, оның халықаралық аренадағы орны мен рөлін фото, видео архив материалдары арқылы тереңінен ашып көрсетуді көздейді.

 

«Н. Назарбаев – жаһандық антиядролық қозғалыстың көшбасшысы» атты тақырыптық экскурсияда оқушылар Тұңғыш Президенттің жаһандық көзқарасы, оның ядролық қарудан  және ядролық сынақтардан бас тартудың жалпыға бірдей қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері туралы мол мағлұмат алды. Сонымен қатар қатысушылар экспозицияда ядролық қарусыздандыру ісіне қосқан үлесі үшін Н.Ә.Назарбаевтың халықаралық наградаларын тамашалап, «Өзгерістер көшбасшысы» атты деректі фильмді қарап шықты.

Экскурсия барысында оқушыларға кітапханада орналасқан мультимедиялық экспозицияның көмегімен Семей ядролық сынақ полигонының тарихы, бейбіт атомды дамыту мәселелері бойынша Елбасының бастамалары мен идеялары таныстырылды. 

– 14 қаңтардан бастау алған тақырыптық экскурсиялар онкүндігі Елбасы кітапханасының екі ғимаратында да өткізіліп жатыр. Бұл шараның басты мақсаты –  Елбасының саяси көшбасшылық жетістіктері мен мемлекетті басқарудағы рөлін жас ұрпақтың бойына тереңінен сіңіріп, рухани дамыту. Онкүндік аясында «Әлем таныған Елбасы», Н. Назарбаев – жаһандық антиядролық қозғалыстың көшбасшысы», «Еуразия жүрегінде», «Бейбітшілік ұялаған Бәйтерек» және басқа да тақырыптарда экскурсиялар өткізілуде. Бұл экскурсиялардың күнделікті экскурсиялардан ерекшелігі – әр тақырыптың толық ашылуында. Яғни, мұнда қатысушылар таңдалған тақырып бойынша толық мәлімет ала алады. Сондай-ақ тақырыптық экскурсиялар кезінде қызықты да тағылымды деректі фильмдер мен викториналық сұрақтар ұсынылады,-деп атап өтті Экскурсия қызметінің сарапшысы Жанат Жұмахметова.

Бүгінге дейін тақырыптық экскурсияларға Нұр-Сұлтан қаласындағы әртүрлі мектептер және  №29  орта мектептің кадет сыныбының оқушылары да қатысты. Жасөспірімдер аталған тақырыптар бойынша қосымша ақпараттар алып, еліміздің сыртқы саясатының негізгі бағыттарымен танысты.