ТАҚЫРЫПТЫҚ ЭКСКУРСИЯЛАРДЫ ТӨРТ МЫҢНАН АСТАМ АДАМ ТАМАШАЛАДЫ

14-24 қаңтар аралығында Елбасы кітапханасы  ұйымдастырған тақырыптық экскурсиялардың онкүндігі аяқталды. Кітапхананың қос ғимаратында өткен тақырыптық экскурсияларға елорданың мектеп оқушылары, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері, әскери қызметшілер және мемлекеттік қызметкерлер де қатысты. 

Онкүндік аясында қатысушыларға 72 – шолу экскурсиялары, 70 тақырыптық экскурсиялар өткізілген. Тақырыптық экскурсияларды жалпы саны – 4100 адам тамашалаған.

Жас ұрпаққа Тұңғыш Президенттің идеялары мен бастамаларын насихаттау мақсатында ұйымдастырылыған онкүндік барысында «Әлем таныған Елбасы», Н. Назарбаев – жаһандық антиядролық қозғалыстың көшбасшысы», «Еуразия жүрегінде», «Бейбітшілік ұялаған Бәйтерек» және басқа да тақырыптарда  экскурсиялар жүргізілді.

  «Елбасы мәртебесі – ел мәртебесі» тақырыптық экскурсиясында қатысушылар Қазақстан мен өзге мемлекеттер арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға және дамытуға, этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтауға қосқан өлшеусіз үлесі және ядролық қаруды жою мен таратпау жөніндегі бастамалары үшін тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті лайықты деп танылып, марапатталған  жоғарғы мемлекеттік наградалар топтамасымен танысты.

«Н. Назарбаев – жаһандық антиядролық қозғалыстың көшбасшысы» тақырыптық экскурсиясы барысында ядролық қару мен ядролық сынақтарды өткізуден бас тартуға негізделген жалпыға бірдей қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы мен оның Тұңғыш Президентінің жаһандық ұстанымы жан-жақты көрсетілді. Мультимедиялық және интерактивтік экспозиция келушілерге тақырып бойынша мол ақпаратты қызықты да қолжетімді түрде алуға мүмкіндік берді.

«Қазақстанның спорттық даңқы» тақырыптық экскурсиясы тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің спорттық тарихына арналды. Экскурсия отандық және шетелдік спортшылардың Н.Ә. Назарбаевқа тарту еткен сыйлықтар топтамасымен, қазақстандық чемпиондардың спорттық құралдары көпшілік назарына ұсынылды.

 «Бейбітшілік ұялаған Бәйтерек» тақырыптық экскурсиясында қонақтар бас қаланың тарихымен танысып,  елорданың символына айналған «Бәйтерек» ғимараты туралы мол мағлұмат алды.

Тағлымы мол мұндай тақырыптық эксурсиялар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.