«Алтын белгі» иегері,физикадан халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы, инвестиция маманы, қазірде «Астана» Халықаралық Қаржы Орталығы Әкімшілігі» АҚ-ның басқарушы директоры, басқарма мүшесі. Біз сөз етіп отырған Ернұр Рысмағамбетовтың өмір жолына зор қызығушылықпен қарау ләзім. Білім, талап пен еңбек жұптасса аса табысты азамат қалыптасатынының жарқын үлгісі осы Ернұр деп айтсақ шындықтан қағыс кетпеспіз. Елбасы кітапханасындағы «Рухани жаңғыру» аясындағы дарынды азаматпен кездесуге бұл жолы Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті мен М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан  мемлекеттік университеті студенттері зор құлшыныс білдіргені де содан.

Ернұр Рысмағамбетов кездесу басында жиналғандарды  бірден өнегелі өмірінің жарқын сәттерімен бөлісті. Айтуынша, табыс жолы әлбетте тақтайдай тегіс болмаған екен. Бұл орайда Ернұр неғұрлым қиындық-кедергісі көп болған сайын, адамның соғұрлым шыңдала түсетінін түсіндірді:

«Мен кішкентай кезімде домбыраға қатты қызықтым. Ойнағым да келді. Осы оймен музыка мектебіне бардым. Бірамқ мені ол жерде тыңдап отырды да сенің икемің жоқ деді. Мен өзіме жарты жыл сынақ беруді өтіндім. Сөйттім де жарты жыл әбден дайындалдым. Бұл үлкен шыңдалу мектебі болды маған. Жарты жылдан кейін ойынымды көрсетіп ем, «мынауың жарамайды, ырғақтан ауытқып кеттің» деді де қолын бір-ақ сілтеді. Сол кезде мен мына нәрсені түсіндім. Өмірде ең бастысы - ырғақтан ауытқымау екен. Бұл бір жағынан өзің өмір сүріп отырған қоғамға әбден сіңіп, елдің ырғағында жұмыс істеу деген сөз. Сен қаншалық дарын иесі болсаң да ортаға дарыныңмен емес, мінезіңмен сиясың».

 

Ұлы Абайдың тілімен айтса, талап, еңбек терең ой, қанағат, рахым, ойлап қой дегендей физика бойынша бірнеше олимпиаданың жеңімпазы Ернұр өзінің олимпиадада шыңдалу тәжірибесімен де бөлісті:

«Ең бастысы талмай іздене беру екен. Мен оқыған жылдары интернет енді шығып жатқан кез. Қазіргідей электронды ресурстар қат кез. Қосымша әдебиеттерді іздеп күні-түні кітапхананы шарлап кетер едік. Сондағы іздегеніңді табуға кеткен уақытты айтсаңызшы. Қайран есіл уақыт. Табылса жақсы, табылмаса салың суға кетіп, күмілжіп қайтатынбыз. Ал, қазір интернеттің «іздеу» жүйесіне керегіңді салып жібересің де әп-сәтте таба қоясың. Қазір оқу, іздену оңайырақ. Алайда балаларға қойылатын талап та жоғарылай түседі».      

 

Ернұр көп жыл бойына шетелде, нақты айтқанда Америкада тұрып келді, ірі инвестициялық компанияларда жұмыс істеді. Шетелде тұрып, шетелде кәсіби тәжірибесі де адам бойында өзіндік із қалдыратыны бар. Бұл турасындағы ойын былай сабақтады:

«Шетелде қызмет қылған адам, «осы жұмыстиы игере алмай қалсам, елге не бетімді айтамын» деген оймен жүреді. Осы ой  адамды қамшылай түседі. Менде де солай болды. Калифорния Технология Институтын (АҚШ) «бизнес, экономика және менеджмент» мамандығы бойынша оқып, бітірдім. Калифорния штатында  Wilshire Associates қаржы талдаушысы болып қызмет атқардым. Шетелде оқып, қызмет қылған жылдары осыны игере алмай қалам ба деген үрей мені үнемі алға жетелеп отырған сияқты. Мүлде жат ортада адам осындай үрейлер арқасында әбден ысылады екен.

 

Кездесудің спикерін ынта-шынтасымен тыңдаған балалар өз әсерімен бөлісті. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан университетінің студенті Болат Бүкембай:       

«Ернұрдың өнегелі өмірі расында да үлгі аларлықтай екен. 11 сыныптың өзінде жүріп ол әлемдегі әйгілі университет Кэмбридж университетіне оқуға шақырту алыпты. Физикадан Бали, Индонезия, Тайваньде өткен физика олимпиадаларының жеңімпазы екен. Оның айтуынша, ғылым мен білімнің елімізде дамуы үшін мыңнан аса ғылыми эксперттің басын құрап, кадрлық іргені бекіту керек. Бүгінгі кездесуден мен өмірлік әсер алдым деп санаймын».

Кездесу барысында студенттер спикерге табыс формуласы, оқитын кітаптары, әуестіктері жайында көптеген сұрақ қойды. Шара соңы білімгерлерге қатысу сертификаттары табыс етілді.