ТАРИХ САБАҚТАРЫ. САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНДАРЫ МӘҢГІЛІККЕ ЕСІМІЗДЕ САҚТАЛАДЫ

Елбасы кітапханасында «Болашаққа жол өзіңнен басталады» атты екі күндік семинар-тренинг аясында елордалық студент-тыңдаушылар белгілі тарихшы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті еуразиялық зерттеулер кафедрасының докторанты Жазира Хасеновамен кездесті.

Кездесу тақырыбы «Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандарының жазалануы және ақталуы». Тарихшы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында жастарға саяси тұтқындардың, оның ішінде көрнекті қазақ қайраткерлері - алашордашыларды ақтап алу үдерісінің қалай жүргізілгенін айтып берді.

Жазира Хасенова - Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының аға оқытушысы. 2014 жылы Германияның Дюссельдорф қаласындағы Генрих Гейне институтында ғылыми тағылымдамадан, 2015 жылы Нидерландының Роттердам қаласындағы Эразм Роттердам және Маастрихт университеттерінде ғылыми-зерттеу тағылымдамадан өткен.

Л.Н.Гумилев атындағы  Еуразия ұлттық университетінің «тарих» мамандығы бойынша докторантурасын тәмамдаған. 2017-2018 жылдары Ресейде ғылыми-зерттеу тағылымдамадан өтті.

Жазира Хасенова 2017 жылы Мәскеу қаласындағы Ресей Федерациясы Мемлекеттік архивінде құжаттармен жұмыс істеп жүріп, саяси қуғын-сүргін жылдары сотталған 954 қазақстандықтың жеке істерін кездейсоқ тауып алады. Оның ішінде қазақтың біртуар қоғам және мемлекет қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының да ісі болған.

- Осы істен 1958-59 жылдары Хрущев, Молотовқа және басқа да жоғары лауазымды адамдарға жазған Ахмет Байтұрсынұлының апасы Сәкен Қалиқызының қазақ халқына сіңірген інісінің еңбегін есепке алып, оны ақтау туралы өтініш-хаттарын таптым. Алайда, өкінішке орай іс қараусыз қалған. Құжатта былай деп жазылған: «Мүмкін істі сұратпай-ақ, бірден бас тарту қажет?». 

Осыдан-ақ сол кезеңде кеңестік биліктің Ахмет Байтұрсынұлынан қаншалықты сескенгенін байқауға болады. 1988 жылы Ахмет Байтұрсынұлының қызы Шолпан Байсалова әкесін ақтап алу туралы өтініш жолдайды. Сонда ғана, қайта құрудың екпінімен бұл іс қаралып, Ахмет Байтұрсынұлы ақталады, - деп хабарлады саяси қуғын-сүргін құрбандарының ақталуын зерттеуші Ж.Хасенова.

Статистикалық мәліметтер бойынша саяси жаламен 105 мың адам сотталып, оның 25 мыңы ату жазасына кесілген. Сотсыз және тергеусіз ату жазасына кесу - сол жылдары үйреншікті үрдіс болды, айыпқа тарту - тек өсек-шағымға негізделді. 

- Сәкен Сейфуллинді ату жазасына кесу туралы үкімнің не бәрі 20 минут ішінде қабылданғаны мені қатты таң қалдырды. Адам өмірі мүлде бағаланбаған, олар қазақтың ұлы қайраткерлері еді ғой. Бүгінгі спикердің айтқандары, әсіресе еш кінәсі жоқ азап шеккен тұтқындардың суреттері ерекше әсер етті, - деді алған әсерімен бөліскен Еуразия гуманитарлық институтының студенті Лаура Әбілқайырова.

Елбасы кітапханасының «Болашаққа жол өзіңнен басталады» атты семинарларында ғалымдармен, кәсіпкерлермен және өнер қайраткерлерімен кездесу дәстүрге айналған. 

Екі күндік оқудың қорытыныдысы бойынша Еуразия гуманитарлық институты мен Нұр-Сұлтан қаласындағы гуманитарлық колледждің 50 тыңдаушысына сертификаттар табысталып, естелік суретке түсті.