ТАРИХЫМЫЗҒА ҮҢІЛУ. ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНДАҒЫ АШЫҚ ЕСІК КҮНІ

Елбасы кітапханасының музейінде елордалық менеджмент және бизнес колледжі студенттерінің қатысуымен ашық есік күні өтті. Іс-шара бірқатар қызықты да жан-жақты дәрісті қамтыды. «Лидерлік қасиетті дамыту» тренингі ойын түрінде өтіп, студенттерге көшбасшылық қасиеттері мен зияткерлік білім деңгейін көрсетуге мүмкіндік берді.

    

Қауіпсіздік Кеңесінің залында «Батырлар институты: дәстүрлер, мәртебесі және қару-жарағы» экскурсиялық сабағы өтіп, онда студенттер қазақ батырлары әскери тарихының жарқын беттерімен танысты. Музейдің Күмбез залында өткен «Қазақстанның сәндік-қолданбалы өнері» экскурсиялық сабағы қазақтың өзіндік сәндік-қолданбалы өнерінің ғажайып әлеміне үңілуге мүмкіндік берді.

Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова өз сөзінде студенттерге мекеменің қызметі туралы әңгімелеп берді. Елбасы кітапханасының қызметкерлері әзірлеген элективтік курстарға ерекше назар аударды.

- Ғылыми – білім беру жобаларын жүзеге асыру аясында мектепке дейінгі, жалпы орта білім беру мекемелерімен, ЖОО-мен, колледждермен жұмыс жасаймыз. Көп жылдан бері даму ерекшеліктері бар балаларды қолдау үшін арнайы жобаны жүзеге асырудамыз, олар үшін арт-терапия сессиялары мен тренингтерін, мерекелер мен кездесулер өткіземіз. «Ақиқат» пікірсайыс клубының ашылуы жастармен жұмысты жаңа деңгейге шығарды. Бастапқыда пікірсайыс клубының қызметі елордалық мектептерге бағытталған болатын. Алайда, колледж студенттері мұндай пікірсайысты арнайы орта оқу орындарында да өткізу туралы ұсыныс айтты. Міне, бірнеше жыл бойы Елбасы кітапханасының ауыспалы кубогы үшін дебат турнирлері ұйымдастырылып келеді, - деп атап өтті Б.Қайыпова.

Ашық есік күніне қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді:

Педагогика және психология пәнінің мұғалімі Самат Едігеев:

- Студенттеріміз Елбасы кітапханасына алғаш рет келіп тұрған жоқ, әр келген сайын іс-шараларды ұйымдастырудағы бірегей көзқарас бізді таң қалдырады. Сабақтар тақырыптық сан алуандығымен және инновациялық әдістемелік тәсілдерімен ерекшеленеді. Бүгінгі іс-шараны музейлік кеңістікте жастармен жұмыс істеудің замануи тәсілдерін паш еткен Елбасы кітапханасының бірнеше қызметкері қатар өткізді. Бірінші курс студенттері үшін осындай мекемеге келу жарқын да есте қаларлық оқиға. Көптеген студенттер тренингке белсенді қатысып, өздерін аша білді, еркін әрі сенімді сезінді. Колледжіміздің барлық студенттері жыл соңына дейін Елбасы кітапханасына келеді деп үміттенемін.

Менеджмент және бизнес колледжінің 1 курс студенті Дильназ Бегарина:

- Елбасы кітапханасына алғаш келуім және өте қызықты тренингке қатыстым. Әсіресе жобаларды қорғау ұнады. Тың ақпараттар ғана алып қоймай, жаңа әсерге де бөлендік. Музейлерде жәдігерлерді қолмен ұстауға болатынын бұрын кездестірмеппін. Мұнда бірегей заттарды көріп қана қоймай, қолымызбен де ұстадық. Біз еліміздің тарихына үңілдік.

 

Менеджмент және бизнес колледжінің 1 курс студенті Айназ Жұмағазы:

- Әр сабақ өзінше қызықты. Маған қазақтардың әскери өнері туралы сабақ есте қаларлықтай болды. осындай ғажайып қару-жарақ жинағын алғаш көруім. Дәріскер ұлы бабаларымыздың әскери ерліктері туралы керемет баяндады. Музейге алдағы уақытта да келеміз деп үміттенемін.